«Нұр Отан» партиясының қызметін жаңғырту аясында жаңа 22 жоба қолға алынған болатын. Олардың қатарында «Цифрлы Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын жүзеге асыру мен шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған тың бастамалар бар.
Елбасы 1 маусымда өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партияның бұл жаңа бастамаларына қолдау білдіріп, оларды табысты орындау үшін нақты тапсырмалар берді. Соған орай бүгінде нұротандықтар аталған партиялық жобаларды іске асыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында партия тарапынан қолға алынған жаңа жобалардың бірі – отандық кітапханаларды жаңғыртып, оларды қазіргі заманғы білім орталықтарына айналдыру. Сол арқылы кітапханаларды жайлы демалыс орындары ретінде қайта құрып, ол жерлерде жастарған арналған қызықты лекциялар мен өзекті тақырыптарды талқылайтын пікірталастарды тұрақты өткізіп тұру көзделген. Одан бөлек, жоба аясында бірыңғай онлайн кітапхана жүйесі қалыптасып, еліміздегі барлық кітап қоры электронды нұсқаға көшірілмек. Бұл жүйеге еліміздегі мектеп пен университет кітапханалары да қосылады. Осылайша қазақстандық кітапханалар заманауи бағытта қызмет көрсетіп, халықтың маңызды, сұранысқа ие кез келген әдебиетті оқуына жол ашылатын болады.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қазіргі заманғы білім орталығы ретінде қайта жаңғырған Жамбыл атындағы кітапхананың жұмысына айрықша мән беріп, мұндай ұтымды тәжірибені еліміздің басқа қалаларында да жүзеге асыру керектігін атап өтті. Өйткені Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – халықтың білімге деген құштарлығын одан әрі арттыру.
Сондай-ақ партия Төрағасының бірінші орынбасары аталған партиялық жоба шалғайдағы ауылдық кітапханалар үшін аса маңызды екеніне назар аударды.
– Бұл жоба бойынша бірыңғай онлайн кітапханалар жүйесі іске қосылмақ. Соның аясында еліміздегі барлық кітап қорының цифрлы нұсқалары дайындалады. Қазірдің өзінде бұл жұмыстар әр өңірде жүргізілуде. Біз осы бастаманы бір ізге түсіріп, негізгі цифландыру жұмыстарын еліміздегі ірі кітапханаларда жүргізуді көздеп отырмыз. Ал өңірлік кітапханалар аталған оқулықтарды сол орталықтардан алып, өздері өлкетануға қатысты, өңір үшін маңызды кітаптарды цифрландыратын болады. Бұл қайталаулардың, артық шығын мен жұмыс күшінің алдын алуға мол септігін тигізеді, – деген Мәулен Әшімбаев осындай игі істі сәтті жүзеге асыруда Жамбыл атындағы кітапхананың тәжірибесін өзге өңірлерге қолдану керектігін тілге тиек етті.
Шын мәнінде Жамбыл атындағы кітапхананың қайта жаңғыртылуы өте жоғары деңгейде жүргізілген. Яғни руханият ордасы соңғы үлгіде жабдықталып, бүгінде еуропалық коворкинг орталықтарының деңгейінде қызмет көрсетуде. Мұнда жеке жұмыс істеу үшін бірнеше тыныш аймақ және жаңа жобаларды топ болып талқылауға арналған тиісті орындар қарастырылған. Білім орталығы қажетті компьютерлермен және жылдамдығы жоғары Wi-Fi интернет желісімен де жабдықталған. Осы ретте партияның осы бағыттағы тың бастамасының нәтижесінде бүгінде еліміздің алты бірдей өңірінде кітапханалардың жұмысы аталған форматқа көшіріліп жатқанын атап өткен жөн.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Алматыға сапары кезінде «Милосердие» ерікті қоғамы» қоғамдық қоры Қамқоршылар кеңесінің мүшесі ретінде аталған Кеңестің отырысына қатысты. Бұл қор 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Белсенді қоғам қайраткері Аружан Саин басқаратын ұйым содан бері балалардың денсаулығын жақсарту жолында үш негізгі жоба бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Атап айтқанда:
– «Балаларға өмір сыйла» жобасы бойынша еліміздегі емделмейтін дертке шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі (бүгінге дейін 1613 балаға көмек көрсетілген);
– «Жетімдерсіз Қазақстан» жобасы бойынша бала асырап алушыларға заңдық кеңестер беріліп, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қазақстандық отбасыларға орналастыру бағытында жұмыстар жүргізілді (жоба қолға алынғалы бері балалар үйлеріндегі бала саны 3,5 есеге азайған);
– «Аутизмді жеңеміз» жобасы бойынша балалары аутизм дертіне шалдыққан отбасыларға нақты көмек көрсетіліп келеді (жоба аясында бүгінге дейін 500-ден астам осындай қазақстандық отбасына көмек көрсетілген).
Қамқоршылар кеңесінің отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Қордың жұмысы еліміздің жарқын болашағы үшін аса маңызды екенін айтты.
– Қордың арқасында еліміздегі мыңдаған бала мен ата-ана, туған-туыс үлкен қуанышқа бөленгенін көріп отырмыз. Баланың денсаулығынан артық, одан маңызды ешнәрсе жоқ. Сондықтан осы жолда тер төгіп жүрген барша жандардың жұмысына тек сәттілік тілеймін. Алдағы уақытта партия тарапынан Қордың жұмысына қатысты мәселелердің оң шешілуіне тиісті қолдау көрсетіліп, қажетті шаралар қолға алынады. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсету партия басымдықтарының бірі, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ