Ауқымды шараға Германия, Италия, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Армения, Әзербайжаннан келген 20-дан астам спикер қатысты. Олар жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға арналған жобаларын таныстырып, табиғи ресурстарды тиімді қолданудың сан түрлі жоспарын талқыға салды.
Балама энергияны жаңғыртуда көшбасшы атанған Германияның бұл саладағы алғашқы қадамдарына куә болған Конрад Аденауер қорының басшысы Томас Хельм алғашқы салынған стансаларды көзімен көріп, оның болашағына алаңдаушылықпен қарағандығын жасырмайды. Табиғи ресурстардың тиімділігін жаңа бағытта пайдалануға көшпес бұрын Германияда пікірлер қайшылығы орын алып, бұл тақырып айтарлықтай дау туғызған екен. Енді міне, аталған елде 20 жыл өткеннен кейін балама энергияның үлесі дәстүрлі қуат көздерін басып озып, бағасы да тұрғындарға тиімді бола түскен. Алдағы 2035 жылы Германия басшылығы энергия қуатының дәл осы түрінің үлесін 60 пайызға жеткізуді мақсат етіп отыр. «Германия тұрғындары үшін қазіргі уақытта балама энергия көздері қажет пе әлде жоқ па деген сұрақ туындамайды. Оның маңыздылығы уақыт өткен сайын айқындала түсті. Өткен аукциондардың арқасында соңғы екі жыл ішінде тарифтерді 40 пайызға төмендету мүмкін болды. Бұл біз үшін орасан зор жетістік деп айтуға толық негіз бар. Жақында Қазақстанда да аукциондық жүйенің енгізілгенін естідім. Осы саланың даму үдерісін арттыруға бағытталған шараның жемісті боларына күмәнім жоқ. Себебі Қазақстанда күн сәулесінің түсуі Германиямен салыстырғанда анағұрлым артық, ал желдің қуаты жылдың төрт мезгілінде де қарқынды екенін жақсы білеміз. Жалпы алғанда, қазақ даласы балама энергия көздерін дамытуға қолайлы екенін айтқым келеді. Энергетикалық революцияның көшбасында тұруға бұл елдің әлеуеті жеткілікті», – деді Т.Хельм.
Осыдан екі жыл бұрын «Болашақтың энергиясы» бағдарламасын Орталық Азиядағы 5 мемлекетте жүзеге асыру қолға алынған болатын. Қазақстандағы АҚШ елшілігінің кеңселер директоры Клив Дэвид Найджелдің айтуынша, аталған жоба барысында көптеген түйткілдер орын алған. Тіпті АҚШ өзінің техникалық сараптамасын жүргізіп, соңында Энергетика министрлігі мен «KEGOC» АҚ бірлесіп ортақ келісім жасағандығын айтты. «Ортақ келісімнің нәтижесінде әлемдік стандарттарға сәйкестендірілген аукцион өткізілді. Оның маңыздылығын бүгінгі күні мемлекет басшылығы түсініп, аталған саланың дамуына көптеген инвесторлардың қызығушылығы артқандығын байқаймын. Өз кезегінде балама энергияның дамуы, экологиялық тұрғыдан ғана емес, экономикалық жағынан да аса тиімді болып отыр. Аталған салаға сұраныстың артып, дәстүрлі энергия көздерімен теңесе алатын деңгейге жету үшін техникалық базаның жүйеленіп, заң тұрғысынан инвесторларға қолдау көрсетілуі аса маңызды», – деді К.Найджел.
Қазақстанда өткен алғашқы аукционға Энергетика вице-министрі Маxамбет Досмұxамбетов өз баяндамасында тоқталып өтті. Алғаш рет өткен саудаға отандық компаниялар ғана емес, шетелдік инвесторлар да қатысқан. «Күні кеше ғана баламалы энергия көздері бойынша көктемгі аукциондар аяқталды. 10 аукционның 8-і сәтті өтті. Саудаға 42 компания қатысып, олардың ішінде Ресейдің, Францияның, Болгарияның, Түркияның және де Қытайдың инвесторлары төбе көрсетті. Біз алғаш рет xалықаралық сауда-саттықты электронды форматта өткіздік. Қатысушылар 960 МВт энергия өндіруге дайын екенін жеткізді. Аталған көрсеткіш алғашқы жоспардан төрт есеге артық», – деді М. Досмұxамбетов.
Аукцион балама энергия көздерінен алынатын тарифтер құнының арзандауына мүмкіндік береді. Тариф құнын анықтаудың жүйесі мынандай. Алдымен Энергетика министрлігінің сайтында жарияланған кестеде энергияның көлемімен қоса, күн, жел және су электр стансалары салынатын аймақтар, сондай-ақ шекті тарифтер көрсетіледі. Осы кәсіпке қызығушылық білдірген инвесторлар қажетті құжаттарды жинап, аукционға қатысуға өтінім бере алады. Дәл сол аукционда балама энергияны ең арзан тарифпен сатамын деген қатысушы жеңімпаз атанады. Сөйтіп, күн, жел, я болмаса, су электр стансасын салып, сол жерде өндірген энергияны мемлекетке сатады. Өз кезегінде мемлекет балама энергия көздерін дамытуға бағытталған жобаларға жер телімін беру жағынан жеңілдік жасап отыр. Аукцион нәтижесінде жел электр стансаларының тарифтері – 20 пайызға, шағын су электр стансаларының тарифтері – 23 пайызға, ал күн электр стансаларының тарифтері 25 пайызға түскен. Қазірдің өзінде 19 компания балама энергия көздерін сатып алушы бірыңғай компаниямен келісімшартқа отырып, 194 МВт энергияны өндіруге дайын. Ендігі өтетін аукциондар ірі жобаларға арналып отыр. Оның өтетін уақыты қазан айына жоспарланған.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»