Аймақтар • 12 Маусым, 2018

Көк­ше теңіз жағасының әлеуметтік-эконо­микалық дамуы талқыланды

592 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Балқаш қала­сының әкімі Александр Аглиулин көк­ше теңіз жағасының әлеуметтік-эконо­микалық даму барысы туралы баян­дады. 

Көк­ше теңіз жағасының әлеуметтік-эконо­микалық дамуы талқыланды

Балқаш өңіріндегі бір жағымды жаңалық – Гүлшат ауылында «жасыл» тех­но­логияларды дамыту бағытындағы жоба қолға алынды. Таяуда осы елді мекенде қуаты 40 мВт күн электр стансасы іске қо­сылмақ. Бұл шаруамен Қарағанды облы­сын­дағы жобаларын жүзеге асыруға 80 мил­лион доллар инвестиция құйып отыр­ған испаниялық «Riser Energy» компаниясы айналысады.

– Былтыр Балқашта өнеркәсіп 8 па­йызға, құрылыс секторындағы өсім 13 па­йызға артты, – дейді Александр Аглиу­лин. – Алты мың шаршы метр тұрғын- жай пайдалануға берілді, бөлшек сауда мен ауылшаруашылық өнімдерінің өн­ді­рісі артты. Қала экономикасына 19 мил­­лиард теңге инвестиция тартылды. Өң­деуші сектордағы еңбек өнімділігі 72 мил­лион теңгеге жетті.

Әкім мәлімдегендей, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде былтыр күзде Саяқ кен орнында «Эдванс Майнинг Технолоджи» ЖШС ескі үйінділерден мыс алу жобасы жүзеге асырыла бастаған. Ал «Қоңырат» ЖШС мыс өндіру көлемін былтыр 5 мың тоннаға арттырды. «ICC» және «Сары Қазына» компанияларында шикізат өңдеу жұмыстары қарқын алған.

Қала экономикасына шағын және орта бизнестен былтыр 14,5 миллиард теңге кіріс кірген. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында жеті жобаға жалпы сомасы 535 миллион теңге қаржылай қолдау көрсетіліпті.

– Былтыр қала бюджетіне түскен 600 мил­лион теңге кірісті біз тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық пен әлеу­мет­тік саланың проблемаларын шешуге жұм­садық, – дейді Балқаш қаласы­ның әкімі. – Ал биыл әлеуметтік салаға жалпы бюд­жет­тің 55 пайызын бағыт­тап отыр­­мыз. Қол­данылған шаралар­дың ар­қас­ын­да жұмыс­сыздық деңгейі бес па­йызға азай­ды. Осы жылдың 1 мамы­рын­дағы мәлі­­мет­ке жүгінсек, 482 адам жұмыс­қа тұр­ғы­­­зы­лып, 389 адам қайта даяр­лау курс­­та­ры­­­на жолдама алған. Әле­умет­тік көмек­ке қала қазы­насынан 20 миллион теңге қарас­тырылған.

Қала басшысы білім беру мен медицина салаларының жағдайына да тоқталды. Биыл бұл салаға 4 миллиард теңге бөлінген. Оның 149 миллион теңгесіне 14 білім беру мекемесі жөндеуден өткізіледі. Мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау жұмыстары жалғасады. Биыл қала мектептері сондай алты кабинетпен және төрт робот-техника зертханасымен қамтамасыз етілмек.

Мемлекет-жекеменшік әріптестігінің аясында Балқашта биыл бір балабақша және келесі жылы тағы бір балабақша ашы­­лады. Жеке инвестициялар есебінен қала­ның орталық ауруханасында МРТ ка­би­неті, ал оңалту орталығында кинезоте­рапия ашылады. Ал денсаулық сақтау ме­ке­ме­леріне жабдықтар сатып алуға мемле­кет­тік қазынадан 83 миллион теңге қарастырылған.

Қала басшысының айтуынша, бал­қаш­тықтар тұрғын үй жинақтарына көңіл бөле бастаған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен есепшот ашқандардың саны үш жарым мың адамнан асқан. Оларға «Нұрлы жер» бағдарламасының аясын­да биыл 45 пәтерлі екі үй беріледі. Үй кезегінде тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін жалпы аумағы 42 мың шаршы метр көп пәтерлі екі үй қалпына келтіріледі. Жалға берілетін көп пәтерлі екі үйдің құрылысы 2019 жылға жоспарланып отыр. Олардың жобалау-сметалық құжаттамасы қазірдің өзінде дайын. Ипотекалық тұрғын үйлер құрылысын дамыту мақсатында биыл «Самал» шағын ауданындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысына құжаттама әзірленеді.

Сонымен қатар Балқашта былтыр облыс әкімінің қолдауымен басталған жол жөндеу жұмыстары жалғасын табуға тиіс. Қаланың сегіз көшесін қайта жаңғыртуға қаражат дайын. Алдағы жылы жаңадан екі жол төселмек.

Ағымдағы жылы қаланың кәріз желі­лерін қайта құрастыру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Жылу тораптарын қайта құрастырудың жобалау-сметалық құжаттары әзір болғанмен, жұмыстар келесі жылы ғана басталады.

– Жақында орталық саябақты абаттандыру жұмыстарын бастаймыз, – дейді А.Аглиулин. – 9 ауланы, тротуарларды жөн­дейміз. Ағаш көшеттері отыр­ғызы­ла­ды. Қаланың экологиялық ахуалын жақ­сар­­туға «Қазақмыс» корпора­циясы­ның үш жылдық бағдарламасы да септес­пек. Ком­пания бұл мақсатқа 100 мил­лион доллар қаражат бөліп отыр. Ал зауыт аумағынан күкірт ангидриді шығарын­дыларын сүзетін күкірт қышқылы цехы ашылған.

Саяқ кентін ауыз сумен қамтамасыз ету мәсе­лесі біраздан бері айтылып келе­ді. Әкім­нің айтуынша, су ірку құры­лыс­тарының жобалау-сметалық құжа­тта­масына биыл облыстық бюджеттен 65 миллион теңге бөлінген.

Балқаштың туристік әлеуеті де зор. Қазір­гі уақытта жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары басталған. Қала басшысы айтқандай, бұл жұмыстың туризмді дамытудағы рөлі зор. Жөндеу жұмыстарын 2019 жылдың ортасына дейін аяқтау жоспарланған. Содан кейін Балқаш әуежайы кез келген класты ұшақтарды қабылдай алады. 15 мамырдан бастап «Алматы – Балқаш» бағытындағы ұшақтар қатынай бас­тағанын айта кетейік. Бұл Балқашқа келе­­тін туристер санын арттыруға сеп бола­ды деген үміт зор. Былтыр қала­ның туризм саласындағы кірісі 224 мил­лион теңге болды. Оған «Балқаш – Туризм-2017» форумының көмегі болған екен. Қала басшылығы бұл форумды шілде айында тағы да ұйымдастырмақ.

Таяу күндері Балқашта «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының аясында қал­пына келтірілген 25 метрлік жүзу бас­сейні іске қосылмақ. Көкше теңіздің жаға­сын­да­ғы қаланың, әлбетте, проблемала­ры да бар­шылық. Бірақ біз бұл шағын мақал­а­мыз­да тек қала басшысының өзі мәлімдеген жайт­­тарды жариялауды ғана мақсат еттік.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ