Бұл кітаптың алғашқы томы аталған баспадан екі жыл бұрын жарық көрген еді. Онда ел мен жер тарихына байланысты археологиялық ескерткіштер, моңғол империясы кезіндегі оқиғалар мен Тарбағатай аймағы тұрғындарының шежіресі, күйшілік дәстүрі, айтулы перзенттері мен түрлі тарихи шайқастар туралы жазылса, осы жолы жарық көрген еңбек тасқа түскен таңбалар мен қорымдар туралы елге танымал ғалымдардың ғылыми-зерттеу мақалаларымен ашылады. Атап айтқанда, Әбдеш Төлеубаев ертедегі үйсін мәдениетінің Тарбағатай өңіріндегі ескерткіштеріне, жас ғалым Айдын Жүнісханов теріскей Тарбағатайдың археологиялық мұрасына тоқталады. Құлбабас, Базаршаты, Шілікті, Масалы сияқты көне тарих көмбесінің ғылыми айналымға енгізіліп, әлемдік тарихи-мәдени мұра ескерткіштері ретінде жоғары бағаға ие болғанына көз жеткізесіз. Десе де өңірде тізімге алынбаған, зерттелмеген немесе шаруашылық, антропегендік, табиғи факторлар әсерінен бүлінген ескерткіштер де жетерлік. Қабанбай шаты, Қубас кезеңі сияқты кешегі жаугершілік ғасырлардың, қанды шайқастардың ізі қалған тарихи орындармен бірге белгісіз батырлар мен боздақтардың қорымына да әлі ғылымның қарымы жете қоймағаны сөз болады. Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейі, Жоғары Ертіс өңірінің ХХ ғасыр басына дейінгі жекелеген тарихы да тың мағлұматқа толы. Әсіресе қазба байлығы мол жерге көз алартқандарға ел есесін жібермей, табанды қарсылық көрсеткен қазақ хандары мен әскерінің Жоңғариямен, Қытаймен және Ресеймен арадағы саяси-дипломатиялық қатынастары толымды деректерге бай баяндалады. Мұны Шоқан Уәлихановтың осы өңірдегі сапарларынан жазған еңбектері де екшей түседі. Сондай-ақ әйгілі емші, тәуіп Ырғызбай әулие, ел басына күн туғанда ақпен де, қызылмен де келісімге келмей, халық қорғаны болған Нұғыман болыс, Құнанбайдың бауырына салған туған жиені, Меккеге бірге барған Ізғұтты қажы, Орта жүздің төбе биі, аға сұлтан, Меккеге екі рет барып, сүйегі сонда қалған Бұтабай қажы сияқты ел тарихындағы кесек тұлғалардың өмірі де өскелең ұрпаққа өнеге.
Қос томның құрастырушысы – Ерден Оралбай, демеушісі – Дулат Тәстекеев. Жалпы, Тәстекеевтер әулеті Тарбағатай өңіріне екі мешіт салып берді, жуырда Семей қаласында ұзақ жылдан бері құрылысы тоқтап қалған мешіт ғимаратын да қолға алды. Жинақтың алғашқы томы баспасөз ардагері Сайраш Әбішқызының алғысөзімен, екінші томы «Алаш» сыйлығының лауреаты Еркін Жаппасұлының кіріспе сөзімен ашылған. Өңірдің қилы да қызықты тарихына қатысты жинақ Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Туған жер» тағылымын тереңдете түсуге қосылған үлес деуге болады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»