Бокс • 12 Маусым, 2018

Бокстан Қазақстан құрамасы Президент кубогында 28 медаль алды

648 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада бокстан Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін бәсекелер аяқталды. Бес күн бойы жалауы желбіреген халықаралық додаға әлемнің мықты деген былғары қолғап шеберлері қатысып, «Дәулет» спорт кешенінің шаршы алаңында өзара кім мықтыны анықтады.  

Бокстан Қазақстан құрамасы Президент кубогында 28 медаль алды

Биыл алтыншы рет ұйым­дас­тырылған Президент кубогы жарысы тартысты жекпе-жектер мен сенсациялы жағдайларға толы болды. Спорт кешеніне жинал­ған бокс жанкүйерлеріне де керегі осындай кездесулер еді. Мысалы, Рио Олимпиадасының 49 кило салмақтағы чемпионы әрі Вэл Баркер кубогының иегері өзбекстандық Хасонбай Дусматов көпшілікке беймәлім болған үндістандық жас боксшы Лалбиаккима Нутлаиден күтпеген жерден ширек финалда жеңіліп қалды. Сөйтіп Олимпиада чемпионы еліне жүлдесіз қайтты. 

Сонымен қатар қыздар ара­сын­дағы бәсекеде әлемнің екі дүр­кін чемпионы Назым Қызай­бай жартылай финалдық кездесуде 19 жастағы жапон қызы Намики Цукимиден жеңіліп, үшінші орынды қанағат тұтты. Ал Рио Олимпиадасында күміс жүлде иеленген отандасымыз Василий Левит жартылай финалда ресейлік Садам Магомедовтен жеңілді. Осылайша, турнир басында үздік саналған боксшылар финалға жетпей сүрінді. Бұл нәтижелер жарыстың жоғары деңгейде өткені мен кез келген салмақта бәсекелестіктің артып тұрғанын білдірсе керек.

Финалдық кездесулерде ерлер арасындағы 10 салмақтың тоғызында қазақ боксшылары бақ сынады. Тек 60 килода ғана отандастарымыз алтын ме­даль үшін өтетін бәсекеге шыға алмаса, 49 және 75 кило сал­мақ­та өз боксшыларымыз жұ­ды­рықтасты. Негізі «қазақтың сал­­­мағы» саналып кеткен 69 ки­лода Абылайхан Жүсіпов пен Асланбек Шымбергенов екеуі бас жүлдені сарапқа салу ке­рек бол­ған. Алайда Жүсіпов жа­ра­қа­тына байланысты финал­дық кез­­десуге шығудан бас тартып, Шымбергенов жекпе-жек өткіз­бей-ақ чемпион атанды. Бәлкім, Жүсіпов Азия ойындары алдында жарақатын асқындырып алмауды ойлаған болса керек.

49 кило салмақта үнемі Қазақстан чемпионатының фи­налында жолығатын ақмо­лалық Теміртас Жүсіпов пен шымкенттік Жомарт Ержанның жолы Президент кубогында тағы түйісті. Бұл жолы да алғаш­қы­сы­ның мерейі үстем болды. Бұл жо­лы да деп жазғанымыздың себебі, ел чемпионатының финалында үнемі Жүсіпов жеңіске жетіп жүретін. 52 килода «арландар» сапында жүрген Әнуар Мұзаппаров филиппиндік Ладон Рогенді жеңсе, 56 кило салмақтағы әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев АҚШ боксшысы Дюк Роганнан күшті екенін кезекті рет дәлелдеді. Ерәлиев былтыр Гамбургте өткен әлем чемпионатының финалында дәл осы боксшыны жеңіп, чемпион атанған-ды. 60 килода ресейлік боксшы Габил Мамедов топ жарды. Ол финалда өзбек Шункор Абдурасуловтан басым түсті. Ал 64 килода ел чемпионы Бекдәулет Ибрагимов жеңімпаз атанса, 75 кило салмақтағы Ерік Әлжанов пен Әбілхан Аманқұл жекпе-жегінде соңғысы жеңіске лайықты екенін көрсетті. 81 килода отандасымыз Бек Нұрмағамбет өзбек Бектемир Меликузиевпен кездесіп, төрешілер шешімі бойынша жеңілді. Меликузиев осымен үшінші қазақ боксшысын жеңді. 91 килода отандасымыз Абзал Құттыбеков Левитті жеңген Садам Магомедовтен басым түсіп, жерлесіміздің есесін қайтарды. Аса ауыр салмақта ел чемпионы Қамшыбек Қоңқа­баевқа бұл турнирде де тең келер қарсылас табылмады.

Қыздар арасындағы бәсе­ке­де жапониялық Намики Цукими (51 кг), қандасымыз Сәния Сұлтанқызы (57 кг) мен Римма Волосенко (60 кг) және швециялық Лав Холгерссон (75 кг) Президент кубогының жеңімпаздары атанды. 

Жалпыкомандалық есеп бойын­ша, Қазақстан құрамасы 10 алтын, 6 күміс және 12 қола медальға қол жеткізіп, бірінші орын иеленді. 1 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль еншілеген Өзбекстан екінші, 1 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде алған Ресей боксшылары үшінші орындарға табан тіреді.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»