Жалпы, аруақты ақынның ескерткіштері еліміздің барлық аймағында ғана емес, бірқатар шет мемлекеттерде де бар. Мысалға, Алматы облысы әкімдігінің мұрындық болуымен соңғы 4-5 жыл аралығында Киев пен Белград қалаларында Жамбыл бейнесі тасқа қашалған болатын. Ал жыр алыбы аттас ауданның орталығындағы ескерткішті осы өңірдің азаматтары бас болып, жеке қаржыларына жасатқан екен.
– Биыл біздің ауданның Қастек ауданы болып құрылғанына 90 жыл әрі Жамбыл атын иеленгеніне 80 жыл толып отыр. Осыған орай аудан орталығына Жамбыл баба ескерткішін орнату туралы көпшілік бастама көтерген еді. Сөйтіп «Туған жерге тағзым» деген қор құрылды. Ағайындар қорға қаржы жинақтап, ескерткіштің ашылуына ұйытқы болды, – дейді істің басы-қасында жүрген қадірменді ақсақал Әскербек Абаев.
Міне, енді белгілі мүсінші Қазбек Жарылғаповтың қолынан шыққан қола мүсін қазір Ұзынағаштағы «Ақындар мен батырлар елі» саябағының сәнін келтіріп тұр.
Жалпы, Алматы облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған шаралардың қатарында ұлттың ұлы тұлғаларының есімін ардақтап, ауылдарда ескерткіш тұрғызу сәтті жүзеге асып жатыр. Жыр алыбына қойылған ескерткіш – соның бір жарқын көрінісі.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы