Қазақстан • 13 Маусым, 2018

ШҚО-да ешкі сүтінен жасалған ірімшікті саудаға шығармақ

1188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде әлемде бір миллиардқа жуық ешкі бар болса, оның 180 миллионы Қытайда екен. Үндістанда – 130, Пәкістанда – 50, Бангладеште – 40, Иранда – 30, Судан, Эфиопия, Индонезия мен Сомалиде 20 миллион ешкі бар. Еліміздегі Сексек ата тұқымының саны 2 миллионға жуық.

ШҚО-да ешкі сүтінен жасалған ірімшікті саудаға шығармақ

Қазіргі таңда Швейцарияның таулы шипажай­ларын­да туберкулез, анемия мен рахит ауруына шалдыққан­дар­­ды ешкі сүтімен емдеуде. АҚШ-та ешкі сүтін жас нәрес­те­лерге беру үшін арнайы дайындайды. Ал бізде ше? «Есі кеткен ешкі жинар, ешкі жинап, есін жияр» дейтін қазақ бүгін­де ешкі жануарының қадіріне жете алмай отыр­ған секіл­ді. Десек те біртіндеп болсын ешкінің сүтін өңдеп, өндіруді қолға алып жатқан азаматтар да бар. Мәсе­лен, Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданындағы «Ағайын және К» шаруа қожалығы ешкі сүтінен жасал­ған ірімшікті саудаға шығаруды жоспарлап отыр. «Біз нарық­ты зерттеп, мониторинг жүргізу арқылы ешкі сүтінің ірімшігі сұранысқа ие екенін анықтадық. Әрине оның бағасы қымбат, бірақ денсаулыққа өте пайдалы. Халық қазір ешкі ұстамайды. Сиыр сүті 120 теңге болса, ешкі сүтінің бір литрі 500 теңге тұрады. Ешкі сүтінен жасалған ірімшіктің бір келісі шамамен 3,5-4 мың теңге болады», дейді шаруа қожалығының басшысы Архат Түркімбаев. 

Іскер азаматтың «Ешкі сүтін қайта өңдеу және ірімшік өндіруді ұйымдастыру» атты жобасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша грант алуға ұсынылып мақұлданған 35 бизнес-идея мен инно­вациялық жобалардың қатарына еніпті. Кәсіпкер енді мемлекеттен берілетін 3 миллион теңге көлеміндегі қара­жатқа сүтті ешкілер мен ешкі сауатын құрал-жаб­дық сатып алуды жоспарлап отыр.

 Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Глубокое ауданы