Қазақстан • 13 Маусым, 2018

«Хат қоржын»

488 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ажары айшықты Ақтоғай

Ұлан-ғайыр қазақ даласында әлі тарих қойнауындағы сыры ашылмай жатқан, ажарлы айшықтары мол жерлер көп-ақ. Солардың бірі – жаһандық өркениетте өзіндік орны бар, шығыстан батысқа көсілген ұлы бел Сарыарқаның шалқар төрінде Қызыларай тау жоталары, Орталық Қазақстандағы ең биік Ақсораң шыңы, аяулы Ақтоғай елді мекені. Ақтоғай – бағзы заманнан бері қаймағы бұзылмаған, өз табиғатымен қашанда көз тартып тұратын, аты аңызға айналған аймақ.

 Сонау көне дәуірдің асыл сынықтары сақталып, ғажайып жәдігерлерге толы, сырлы сандығы әлі ашылмаған бұл өңірге ат басын бұрып келген әрбір адам ерекше әсерде қалатыны сөзсіз. Себебі оның кез келген жанды өзіне тартатын сиқырлы құдіреті бар. Ол құдірет – жұпар иісті балғын ауасы, тамылжыған табиғаты. 

Айгерім СЕРІК 

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Бәйдібек ауданы,

Ақбастау ауылы

 

Әл-Фараби фильмі – қазақ тілінде

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында әл-Фараби атындағы университет, сондай-ақ осынау оқу ордасы жанындағы телерадиокешені мен «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығы қазақстандық және шетелдік фарабитанушы ғалымдардың қатысуымен түсірілген нидерландық деректі фильмді қазақ тіліне дубляждау жұмыстарын бастап кетті. 

2020 жылы ЮНЕСКО деңгейінде әл-Фарабидің 1150 жылдығын ел болып атап өткелі отыр. Ұлы ғұламаның есімі берілген университетіміз әл-Фарабиді кеңірек насихаттау мақсатында «Әл-Фараби–2020» атты ақпараттық-насихаттық жұмыстарын бастады. Бұл жобаның ауқымы кең және ол үш жылды қамтиды. Яғни осы уақыт аралығында түрлі шараларды елімізде және шетелдерде кезең-кезеңмен ұйымдастырып, өткізу жоспарланып отыр. 

Жақыпбек АЛТАЕВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор

 

Безбүйректік қайдан шығады?

Адамдардың басынан өткен қилы тағдырлары жайлы жүректі шымырлатып, санада бұғып жатқан сан түрлі ойға қозғау салатын жайттар аз кезікпейді. Жетпіске келген бір апайдың әңгімесін тыңдап отырып төбе құйқам шымырлады. Ол әбден ішқұса болып барып жан сырын бөліскенді жөн көріпті. 

Айтуынша, жоғары қызмет атқарған күйеуі талай рет таяқтың астына алса да бәріне шыдап, шаңырағын шайқалтпай келіндік міндетін де, аналық парызын да мүлтіксіз орындауға тырысқан. Осынша теперіш көрген кейуана қартайған шағында жалғыз қалған. Менің ойымша, мұндай безбүйректік мейірімсіз әкенің балаларын анасына қарсы қоюынан. Яғни ұл-қыздары әкеден дұрыс тәрбие алмаған. Мансабы биік орынтақта жайғасып отырған әке үкіміне қарсы тұрып, аналарын қорғауға дәрмендері жетпеген. Сонда түн ұйқысын төрт бөліп, маңдайларына жел тигізбей өсірген ананың қандай кінәсі бар? Кеудесінде шыбын жаны бар адам өзінің отбасындағы және қоғамдағы орны үшін күресуі керек еді. Тиісті заң орындарына жүгініп, өз құқығын қорғауға неге тырыспаған деген ой мазалайды. Жылдар бойы шырылдап жүріп шаңырағындағы тыныштықты сақтауға жанын салған қарияға баспананың бір бөлігі тиесілі емес пе? Бар саналы өмірін қайырымсыз күйеуі мен тасжүрек балаларының жолына құрбан еткен ананың туған-туыстары, бауырлары қайда? Неге қиналған жанға қол ұшын бермейді?

Зейнеп ТӘНІБАЕВА,

 ардагер ұстаз

Солтүстік Қазақстан облысы

 

Қала атауын өзгерту қажет емес

«Егемен Қазақстан» газетінің №82 санында (3 мамыр, 2018 ж.) Т.Тускеев деген зейнеткер Қарағанды қаласының атауын «Сарыарқа» деп ауыстыру туралы ой қозғайды. Бұл топонимика заңына, ұғымына қайшы келетін ұсыныс. Олай істеуге еш уақытта болмайды, оның қажеті де жоқ. Өйткені Сарыарқа Қазақстанның орталығындағы табиғаты ерекше үлкен аумағын алып жатқан алқап. Қазақ халқы оған оның географиялық ерекшелігін, табиғи байлығын, түрлі жер бедерінің қыр-сырын ашып көрсететін атауды дұрыс қойған. «Сарыарқа» сөзінің мазмұны «алтын (бай) таулы-жазықты қырат» деген ұғымды білдіреді. 

Сарыарқаның асты толған түрлі кен орындарына, үсті әр маусымдық жайылымға, өнімді шабындыққа бай. Түрлі шарушылыққа қажет өзен-көлдері, жерасты сулары жеткілікті. Ұлан-ғайыр жердің табиғи байлығы мен географиялық ерекшелігін білдіретін өте маңызды атауды бір ғана қалаға қою ойға қонбайды. «Қарағанды» атауы қаланың тұрған жерінің ғана табиғатын сипаттайды, қараған- бұтасы көп өскен жер дегенді білдіреді. 

Көмірлі қала «Қарағанды» атауын иеленгеніне бір ғасырға таяп қалды. Ол дүние жүзі халықтарының ресми құжаттарына, карталарына, атластарына, т.б. әдебиеттерінде қалыптасты, оны ауыстырудың ешқандай қажеті жоқ. 

С.ӘБДІРАХМАНОВ,

География институтының аға ғылыми қызметкері, 

терминология мен топонимика тобының жетекшісі

 

Оқырман үшін қызмет етеміз

Кітапхана – оқырманның кітаппен сырласатын орны. Үйіңе кітап жинасаң барлық кітаптарды сыйғызу мүмкін емес. Адамдар неге кітапханаға кітап сыйлайды? Кезінде мен де кітап сатып алып жинағанмын. Кейін түсіндім – үйде кітап босқа тұрғанша басқалар да оқу керек. Осылайша мен жұртшылықты өзім істеп келе жатқан кітапханаға кітап сыйлауға үндеп жүргеніме де жиырма жылдың жүзі болып қалыпты. Кітапханаға кітап сыйлағандар көп. Жыл сайын олардың есімін, кітаптардың тізімін «Кітапханалық ақпарат» стендіне іліп отырамыз. 

Жуықта радиодан бала кітап оқымайды дегенді естіп қалдым. Қазіргі кезде баланы кітап оқуға қызықтыру үшін бірінші кезекте олардың әрқайсысымен әңгімелесу керек. Әр баланы қызықтыратын тақырып болады. Баламен әңгімелесу үшін де кітапханашыға уақыт ынта керек. 10 сыныптың оқырмандары Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» атты кітабына кезекке тұрып, таласып оқуда. Ал бастауыш сынып оқушылары әзірге кітаптың әдемілігіне, ішінде тапсырмасы бар ма, жоқ па, соған баса назар аударуда. Ал біз, кітапханашылар, кітаптың ішіндегі мағынасына, мазмұнына қарау керектігіне көңілдерін аударудамыз. Әр мектептегі кітапханашы жан-тәнімен оқырман үшін қызмет етеді десем, қателеспеспін. 

Назира ҚАЛИЕВА