«Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру: жаһандану жағдайындағы мемлекеттік тілдің дамуы» тақырыбын арқау еткен шара аясында лингвист ғалымдар мен зерттеушілер әлемдік коммуникациядағы латын графикасының рөлі, әліпби ауыстырудағы әлемдік тәжірибе және ғылыми-әдіснамалық ұстанымдар, рухани жаңғыру: ұлттық білім жүйесіндегі инновациялық әдістеме жайындағы ойларын ортаға салды.
Латын графикасына көшуді қамтамасыз ететін алғышарттар мен тетіктерді талқылауға арналған пленарлық мәжіліске облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты. «Әліпби ауыстыру – тарихи оқиға. Осы халықаралық конференция жұмысы мемлекеттік маңызды мәселенің теориялық және тәжірибелік сұрақтарын ортаға салып, ғалымдардың пікірлерін бөлісуге бағытталып отыр. Соның ішінде латын графикасына ертерек көшкен туыстас түркі тілдес елдердің тәжірибелері, шетелдік ғалымдардың салиқалы ойлары алдағы жұмысымызға септігін тигізеді деп есептейміз», деді аймақ басшысы.
Мәжіліс салтанатты сәтпен басталды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Тәлтенов осы шараның құрметті қонағы ретінде туған жеріне арнайы келген филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Хасанұлын 80 жас мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.
ТМД көлеміндегі әлеуметтік лингвистиканың негізін қалаушы белгілі ғалым Бақытжан Хасанұлы «Мемлекеттік тілді жаһандану тұзағына түсірмеу керек» деген пікірін айтты. «Ғалым ретінде әліпбидің соңғы қабылданған нұсқасы социолингвистикалық талаптарға сай емес деп есептеймін. Сондықтан алдымен латын графикасына көшірудің ұстанымдарын айқындап алуымыз керек. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының фонетистері дайындаған «Ұлттық әліпбидің» дұрыс түзілгеніне социофонетикалық тұрғыдан көз жеткізуге болады. Қазақ тіліне қызмет ететін қазақ әліпбиін ағылшын пернетақтасындағы 26 таңбаға таңу – қателік. Заманауи компьютердің әліпбиімізді негізге алып, қызмет көрсетуін қамтамасыз ету жолында нақты шаралар жасалуы тиіс», дейді Бақытжан Хасанұлы.
Оның айтуынша, жаңа әліпби ретінде ұсынылып отырған техникалық әліпби қабылданса, тіліміз компьютерге икемделеді, ағылшындандыру процесі жүреді де, ұлттық бояуымызды жоғалтамыз. Осы ретте ғалым «Ұлттық әліпби» жалпыхалықтық қолдауға ие болса, ештеңеден ұтылмас едік» деген пікірін ортаға салды.
Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш атқарылып жатқан жұмыстарды баяндай келе: «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі жасалды. 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшу жоспарланып отыр. Маусым айының соңында алфавиттің тұжырымдамасын бекітіп, қыркүйекте Ұлттық комиссияға ұсынамыз. Содан кейін латын қарпіне оқу-әдістемелік жағынан көшу басталады», деді.
Конференцияға Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Ресей елдерінен келген ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Өзбекстан Республикасындағы Әндіжан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Шахида Шахабитдинова алфавит проблемасына әлеуметтік тұрғыдан қараудың маңызына тоқталды. Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, ғылым докторы Майыр Әскеров қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын қабылдау ең алдымен түркітілдес халықтарды өзара жақындастыруға бағытталған қадам деген пікірде. Әліпби жасау кезінде лингво-психологиялық негіздегі ережелерді сақтау керек. Осы ережелердің сегізі латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінде барын байқадық дейді ол.
Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман латын графикасына негізделген әліпби мәселесі бойынша Түркі кеңесі мен Халықаралық Түркі академиясы зерттеулер жүргізгенін, 2012 жылы бірыңғай әліпби үлгісін жасағанын айтты. «Қазақ әліпбиін латын графикасына негіздеп қайта жасақтау процесі басталғанда бірыңғай әліпби үлгісі бойынша ортақ термионология кеңесінің жұмысын, өзге түркітілдес мемлекеттердің зерттеу жұмыстарын Қазақстанға жолдадық. Енді, міне, қабылданған соңғы әліпби үлгісінде сол жұмыстардың ескерілгенін көріп отырмыз», дейді О.Коджаман.
Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешев, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Болат Жексенғалиев, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Шерубай Құрманбайұлы, басқа да ғалымдар латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиін енгізудің маңызды тұстарына тоқталды.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында өткен конференцияда ғалымдар, тіл жанашырлары мен қоғам қайраткерлері байыпты баяндамалар жасады. Екі күнге созылған шара қорытындысы бойынша дайындалған ұсыныстар жаңа әліпби енгізілер тұста ескерілсе, мақсаттың орындалғаны.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ