Осы орайда Ұлттық бюро кеңесшісі Кенжехан Матыжанов, консерватория ректоры Жәния Әубәкірова және профессорлық-оқытушылық құрамының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында кітаптардың, оқулықтардың мазмұны мен маңыздылығы талқыланып, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша жаңа жобалар мен пікірлер талқыланды.
Консерватория ректоры Ж.Әубәкірова кітапхана қорына тапсырылған кітаптардың сапасына, мазмұнына қатысты пікірін білдіріп, көрнекті ғалымдардың заманауи деректермен, әдістемелермен толықтырылған оқулықтар студенттер үшін ерекше тарту болды, деп атап өтті. Алдағы уақытта жобаға музыка өнеріне қатысты да оқулықтарды енгізу туралы ұсынысын білдірді. Ұлттық бюро кеңесшісі Кенжехан Матыжанов аудармалар бюросы ұсыныстарды қабылдауға дайын екенін әрі жоба музыкалық әдебиеттермен толықтырылатындығын жеткізді. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасының шеңберінде шығарылған кітаптар барлық талаптарға сай әрі әлемдік университеттердің сұранысында ие болуы қажет. Егер осы талаптар орындалып жатса, онда қазақ тіліндегі оқулықтар міндетті түрде шығатын болады.
Консерваторияның оқытушылар құрамы психология, философия, экономика, дінтануға қатысты жаңа оқулықтармен танысып, өз пікірлерін білдірді. Құрманғазы атындағы ҚҰК профессоры Тамара Сатыбалдина «Орта ғасыр философиясы» оқулығын қарап шығып, қазақ тілінде оқитын студенттерге қызығып отырмын. Тілі ауырлау болғанымен, бізде ғылыми жұмыстармен айналысып, философияны тереңнен зерттеп жүрген студенттер бар» деген пікірмен бөлісті.
Ескере кететін жайт, мемлекеттік тілдегі 17 жаңа оқулық қыркүйек айынан оқу үрдісіне енгізілетін болады.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ