Осы орайда жоғарыда Елбасы айтқандай, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы сыртта жүрген дарынды қазақ жастарын елге тартуды қолға алуда. Мұндағы мақсат – қазақ диаспорасы арасындағы білікті жастардың бойындағы танымдық қабілетін дамыту және еліміз экономикасына қажет мамандарды дайындау.
Жоғарыдағы үрдісті іске асыру жолында қазірдің өзінде біршама жұмыстар жоспарланып, кейбірі жүйелі түрде орындалып жатыр. Атап айтқанда, Халықаралық бағдарламалар орталығы мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы шетелде тұратын қазақ балаларын білім гранттарымен қамтамасыз ету үшін екіжақты меморандумға қол қойып, 10 мың жасты Ресейдегі жоғары оқу орындарына оқыту мәселесін шешті. Бұған шетелдік бауырлармен қатар қазақстандық жастар да қатыса алады.
Сонымен қатар қауымдастық Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, диаспора жастарын қолдау мақсатында үстіміздегі жылы «Мекенім Қазақстан» жобасы аясында шетелдегі қазақ диаспорасының балаларына 150 орын бөліп отыр. Бұл шара 27 шілде – 10 тамыз аралығында Ақмола облысы, Бурабай ауданындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында іске асады және оған 6-10 сыныпта оқитын дарынды балалар қатысады.
Сол сияқты Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Г.Алдабергенованың бастамасымен шетелдерде тұратын қазақ диаспорасының дарынды жастарын қолдау бағытында, дәстүрлі түрде өтетін Халықаралық Ы.Алтынсарин олимпиадасына оларды да қатыстырып, жақсы нәтижеге қол жеткізген жастарды оқуға қабылдау тетігі ойластыруда. Яғни дарындылығымен университетке қабылданған жас дайындық курсын толық аяқтап, шынайы оқуға қабылданған жағдайда әрбір оқу курсының оқу ақысына 50-75 пайызға дейін жеңілдік жасалады. Болашақта мұндай жұмыстар еліміздің басқа да жоғары оқу орындарында жүргізілмек.
Осындай маңызды шараларды жүзеге асыру жолында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының облыстардағы бөлімшелері де атсалысуда. Атап айтқанда, Атырау облысы бөлімшесінің басшысы Өтепберген Әлімгереевтің басқаруымен Ресейдің аумағындағы Астрахань облысында қауымдастық өкілдері барып, қазақтардың ахуалымен танысты. Бұл өлкеде 200 мың қазақ тұрады. Кейінгі жылдары екі облыс жастары «Дос жүректі шекара бөле алмайды» атты этномәдени фестивалін өткізу жақсы нәтиже беруде.
Осының жалғасы ретінде жақында Астрахань облысының Харабайлы ауданындағы Хошоеутово орыс орта мектебінде 280 бала оқыса, осылардың 272-сі қазақ. Мектептің қазақ жастарынан құралған футбол командасы атыраулық, алматылық әріптестерімен жолдастық кездесу өткізді. Мұндай шараға мұрындық болып, екі елдегі қазақ жастарының басын қосуға қолдау жасаған Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры Ерсайын Ихсановқа алғыс айтқан орынды. Ендігі міндет – астраханьдық жастарды өз арамызға әкелу. Бұл іс атыраулықтар тарапынан іске асады деген үміт бар.
Жоғарыдағы шаралар әлі де қауымдастық тарапынан жалғасын табады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З.Тұрысбеков іссапармен АҚШ-та болып, ондағы қазақ диаспорасының іскер, білікті мамандарымен кездесіп қайтты. Соның бірі Шығыс Қазақстан облысының тумасы, физика-математика ғылымдарының докторы, Америкадағы Актуарилер Палатасының мүшесі Махмуд Сағындық атты азамат. М.Сағындық бауырымыз актуарилер іс-әрекетінің Қазақстанда өркендеуіне үлес қоссам дейді.
АҚШ-та тұратын тағы бір қазақ сегіз тілді меңгерген полиглот ғалым, сол елдегі ең үздік травматологтардың бірі Нөкіс қаласының тумасы – Жолдас Құлжанов қазақ патриоты ретінде қол созуға дайын. Ол 2003 жылдан бері Қазақстанның Астана, Алматы, Семей, Павлодар, Ақтөбе, Шымкент қалаларында жүздеген операция жасап, еліміз клиникаларында шеберлік сыныптарын өткізген. Болашақта елімізге қажет өзекті жобаларды жүзеге асыруда ғылыми-әдістемелік көмек көрсетуге де әрқашан әзір екендігін айтады.
Ал Абылай Оспан деген 37 жастағы ғалым, IT саласында кәсіпкер. Арқалық қаласының тумасы. Қазір Майямиді мекен етеді. Абылай Оспан Қазақстандағы цифрлы индустрияның даму бағдарламасы бойынша бірнеше жоба ұсынбақшы. Осындай азаматтарымыздың білімділігі мен біліктілігі, өз еліне деген патриоттық сезімдері өскелең ұрпаққа өнеге.
Мұхит ИЗБАНОВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы
Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі