Қазақстан • 13 Маусым, 2018

«Барыстың» құрамы канадалық хоккейшімен толықты

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін Астананың «Барыс» клубының құрамы канадалық хоккейші Патрис Кормьемен толықты.

«Барыстың» құрамы канадалық хоккейшімен толықты

Ертең 28 жасқа толғалы отырған Үйеңкі жапырақтар елінің өкілі кезінде Канаданың жастар құрамасының капитаны болған. Сол команда сапында әлем біріншілігінің алтын және күміс медалін иеленді. Сондай-ақ, ол Ұлттық хоккей лигасындағы (ҰХЛ) «Атланту Трэшерз» пен «Виннипег Джетсте» ойнап, 49 рет мұз айдынына шықты. Алайда ҰХЛ-да Кромье айшықты өнерімен көзе түсе алған жоқ. 

Соңғы үш маусымда Америка хоккей лигасында (АХЛ) өнер көрсететін «Манитоба Мус» клубының намысын қорғап, әрі капитандық міндетті атқарды. Өткен тұрақты біріншілікте 69 кездесу өткізген ол 43 (22 гол+21 пас) ұпайға иелік етті. Ал плей-офф сайысында бір шайба соғып, бір рет нәтижелі пас берді. Енді бойы 188 сантиметр, салмағы 98 келі тартатын Патрис Кормье «Барыстың» құрамында өнер көрсетеді.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»