Қазақстан • 13 Маусым, 2018

«Бір аптаға - ауылға» ғалымдар экспедициясы Алматы облысын аралады

386 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бір топ ғалымдары «Бір аптаға - ауылға» кәсіби-танымдық экспедиция құрамында Алматы облысының бірқатар ауылдарын аралап қайтты.

«Бір аптаға - ауылға» ғалымдар экспедициясы Алматы облысын аралады

Университет ректоры Г.Алдамбергенованың бастамасымен ұйымдастырылған жұмыс тобы  киелі жерлер мен кешендерді анықтап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жолға шыққан болатын.  

Педагогика ғылымдарының кандидаты Г. Абдрасилова жетекшілік еткен экспедиция мүшелері маусым айының алғашқы күндерінде Кербұлақ, Сарқан, Панфилов, Іле және Жамбыл аудандарын аралады.

Кәсіби-танымдық экспедиция барысында университет ғалымдарының жоғары біліктілігі мен ұйымшылдығының арқасында жоспарланған жұмыстар өз деңгейінде орындалды. Төл тарихымыздың негіздерін ғылыми түрде дәйектеп, мәдени-рухани құндылықтарымызды жаңаша сараптауды мақсат еткен ғалымдар іс-сапар барысында аталған аудандардағы білім беру мекемелерімен ынтымақтастық орнатып, аймақтағы киелі жерлер бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырудың жоспарын түзді. Мектеп оқушыларының ғылымға деген қызығушылығын арттырып, кәсіптік бағдар беріп, осы аймақтардағы «Қазақстанның 100 киелі орындарының» тізіміне кіретін нысандарға әрі көпшілікке беймәлім киелі, қасиетті орындарға экскурсия жасады.

Еліміздің қасиетті жерлерін түгендеу, қағазға түсіру тізімдеумен аяқталмайтыны анық. Әлі де ашылмаған,  айқындалмаған тарихи нысандар бар. Осы орайда іздеу жұмыстарын ары қарай жалғастыру, аймақтағы тарихи тұлғаларды, киелі орындарды анықтау мақсатында жергілікті тұрғындармен бірлесе зерттеулер ұйымдастыру, сонымен бірге зерттеулер нәтижесін оқулықтарға енгізу алдағы уақыттың еншісінде.  

Университет ғалымдарының бастамасы Қазақстанның түкпір-түкпірінде осындай  экспедициялар ұйымдастыруға үндейді. Мұндай іс-сапаралар жастар арасында патриотизмді насихаттап, ел мен жерді құрметтеуге шақырады.

Жандар АСАН

АЛМАТЫ