Бұл – Ресей мен Шығыс Еуропа төріндегі және Қазақстанға ең жақын жерде өтетін тұңғыш жаһан біріншілігі. Әлемдік доп додасындағы кездесулер 14 маусым мен 15 шілде аралығында Ресейдің 11 қаласындағы 12 стадионда өтеді. Чемпионаттың шымылдығы Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы матчпен ашылады.
Ресей Федерациясы 2009 жылы Халықаралық футбол федерациясына (ФИФА) 2018 жылғы әлем чемпионатын өткізуге өтініш беріп, 2010 жылдың 2 желтоқсанында Цюрихте ұйымдастыру комитеті дауыс беру нәтижесі бойынша жеңіске жетті. Дауыс берудің екі кезеңі бойынша Ресей Федерациясы жеңімпаз деп танылып, 2018 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды.
Биылғы доп додасын ұйымдастыру үшін Ресей 480 млрд рубль жұмсаған. Бұл туралы жыл басында «Ресей – 2018» ұйымдастыру комитетінің өкілі Алексей Сорокин мәлімдеді. Қаржының біраз бөлігі төрт стадионды қайта жөндеуден өткізуге және бес жаңа стадион салуға жұмсалған. 2014 жылғы әлем чемпионатын ұйымдастыруға Бразилия үкіметі 11,63 млрд доллар жұмсаған-ды.
2018 жылғы әлем чемпионатының ресми логотипі 2014 жылы таныстырылды. Оның таныстыру рәсіміне ФИФА-ның сол кездегі президенті Йозеф Блаттер, Ресей Федерациясының спорт министрі Виталий Мутко және 2006 жылғы әлемнің үздік футболшысы италиялық Фабио Каннаваро қатысты. Ал біріншіліктің талисманы ретінде Забивака атты қоңыр түкті және көгілдір көзді антропоморфты қасқыр таңдалған. Забиваканың киіміндегі ақ, көк және қызыл түстер Ресей туының түсін бейнелейді. Чемпионаттың әнұранын ашылу салтанатында америкалық актер, хип-хоп орындаушы Уилл Смит пен Ники Джем және албаниялық Эра Истрефи шырқайды.
Чемпионаттың ашылу салтанаты бүгін Мәскеудегі «Лужники» стадионында өтеді. Оған ФИФА президенті Джанни Инфантино, Ресей президенті Владимир Путин мен бірнеше мемлекеттің басшылары қатысады. Олардың ішінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Елбасын В.Путиннің өзі арнайы шақырған болатын.
Жаһандық жарыс басталмас бұрын мамандар мен жанкүйерлер биылғы чемпионатта кім топ жаратынына өздерінше болжам жасап отыр. Шетелдік Goldman Sachs инвестициялық банкінің сауалнамасы бойынша, биыл Бразилия құрамасы әлемнің алты дүркін чемпионы атануы мүмкін. Екінші орында Франция болса, үздік үштікті Германия құрамасы қорытындылап тұр. Ал инвестициялық банктің болжауынша, жарыс қожайындары тіпті топтан да шыға алмауы ықтимал. Алайда мұның барлығы тек болжам екені белгілі. Жағдайдың қалай өрбитінін алдағы ойындар көрсетеді.
Айта кетейік, санаулы сағаттардан соң басталатын әлем чемпионатын еліміз бойынша көрсету құқығын «Қазақстан» РТРК» иленген. Қазақстандық футбол жанкүйерлері Ресей жерінде өтетін футбол тойын бір ай бойы «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тамашалай алады. Сонымен қош келдің футбол тойы!
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»