Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуінде қол қойылған тоғыз құжаттың қай-қайсысы да ел экономикасын ілгері жылжытуға серпін берері сөзсіз. Бұл мәмілелер тізіміне көз жүгіртіп қарар болсақ, үкіметтер, министрліктер деңгейіндегі келісімдердің әрбірі сол саланы өрге сүйрейтін локомотив орнына сұранып тұр.
Қытай – әлемдегі екінші экономика. Осыған қарамастан, бұл алып ел өзінің ішкі нарығының сұраныстарын толық қамтамасыз етуге қауқарлы емес. Әсіресе сапалы ауыл шаруашылығы өнімдеріне зәрулік жыл санап артып келеді.
Ал Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына жасаған сапары аясында Бейжің қаласында Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасында Қазақстаннан Қытайға экспортталатын сиыр етіне арналған инспекция, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар туралы Хаттамаға қол қойылған еді.
Бұл құжат мұздатылған сүйексіз сиыр етін Қытайға экспорттауға мүмкіндік береді. Ендігі міндет – ішкі нарығымызды сиыр және қой етімен толық қамтамасыз ете отырып, малдың санын көбейту арқылы ет түрлерінің экспорттық әлеуетін арттыру.
Етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасында тұжырымдалған басымдықтар мен тетіктер Мемлекет басшысының отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыру, бірінші кезекте агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін және экспорттық өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін кемінде 2,5 есе арттыру жөніндегі міндеттерін тікелей жүзеге асыруды көздейді.
Бұл өз кезегінде алдағы уақытта қытайлық тараппен осы ел нарығына мұздатылған сиыр еті мен тірі малды экспорттауға байланысты келіссөздер жүргізу міндетін жүктейді.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша 2017 жылғы Қазақстан мен Қытай арасында ауыл шаруашылығының тауар айналымы 345 млн АҚШ долларын құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 32 пайызға артқан.
Бүгінде жері құнарлы, суы мол Ресейдің егіні де бітік шығып, отандық диқандардың бәсекелестері күшейді. Астықтың әлемдік бағасы да төмендегені белгілі. Осындай жағдайда Қытай нарығының ашыла түсуі еліміздің ауыл шаруашылығы құрылымдарының еңсесін көтеріп, өндірілген өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ бидай, мұздатылған балық, күнбағыс тұқымдары және басқа да өнімдердің экспорты ұлғайған. Бұл өсім қытайлық тараптың сұранысының да күн санап артып келе жатқандығының көрінісі іспеттес. Демек темірді де қызған кезінде «соға білген» абзал. Елбасы міне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және басқа да мемлекеттік және коммерциялық құрылымдарға балғаны да, төсті де ұстатты.
Қазақстан – Бейжің Іскерлік кеңесінде «Kazakh Invest» компаниясының ұйытқы болуымен «КазАзот» АҚ, «Cathay Industrial Biotech, Ltd.» және «CITIC Construction Co., Ltd.» компаниялары арасында бірегей кластерлік жоба бойынша келісімге қол қойылды. Аталған жоба астықты терең өңдеп, полиамид материалдарын алуға мүмкіндік бермек. Ал бұл материалдан жасанды мата, пластик және полимер жабындыларын алуға болады. Әлемде мұндай технологияға тек қытайлық «Cathay Industrial Biotech, Ltd.» компаниясы ғана иелік етіп келсе, енді біздің елімізде де дәл осындай зауыт салынбақ.
Жобаға шамамен 2,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылмақ. Экспортқа бейімделген өнім өндіру – еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламаларының негізгі бағыттарының бірі. Әрине, жаңа зауыт жаңа жұмыс орындарының ашылуын, қосымша салық түсімін қамтамасыз етіп, ел бюджетін толықтыра түседі.
Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының алдағы жоспарлары нақтыланған келісімде сауданы жандандыру, сауда айналымы құрылымын әртараптандыру, шекаралық өткізу бекеттерін салу, ақпарат алмасу, құқық қорғау саласында ықпалдаса әрекет ету, халықаралық саудада «бір терезе» қағидасын ұстану және басқа салаларда да ұйымдастыру сияқты маңызды мәселелер қамтылған.
Мемлекет басшысы мемлекеттік сапары аясындағы және Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіндегі келіссөздері барысында Астана халықаралық қаржы орталығына инвесторларды шақырып, Орталық Азия өңіріндегі бірегей қаржы институтының мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды. Қаржы орталығының ағылшындық тәртібі және ағылшындық құқық пен тәуелсіз сот жүйесі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғап, кәсіптерін дөңгелетуге берілген зор мүмкіндік екендігі айтылды. Елбасының бұл ұсынысының негізінде Астана ХҚО мен Қытайдың Жібек жолы қоры және Қытай-Еуразия экономикалық ынтымақтастық қоры өзара тиімді байланыстар жасауға уағдаласты.
Елбасы, сонымен қатар көршілердің қаржылық есеп айырысуларын ұлттық валюталарға көшіру туралы да ұсыныс берді. Мәселен, Қазақстан – Ресей – теңге мен рубль, Қазақстан – Қытай – теңге мен юань арқылы есеп айырысуға көшсе, доллардың ықпалы азайып, қызмет пен тауар бағасының қауіпсіздік деңгейі арта түспей ме? Мемлекет басшысы осы тәуелділіктен құтылудың оңтайлы жолын ұсынды, ал бұған дейінгі уақыт дәлелдеген тәжірибелер көрсеткендей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсыныстары қашан да болашақтың сұранысына негізделгендіктен, күн өткен сайын өзектілігін арттыра түседі. Бұл ұсынысты да жүзеге асыру міндеті және мерзімі енді қаржыгерлердің батыл шешімдері мен болжамдарына байланысты болмақ.
Қытай Халық Республикасы жуырда өткен КПК съезінен кейін қайта түлеп 2049 жылға дейінгі экономикалық бағдарын айқындап алды. Нақтырақ айтқанда, алдағы ширек ғасырда ҚХР әлемдік экономикада үстемдік ету ойын ашық айтып, белсенді әрекеттерге көшті.
Ал өзара достық пен сенімге, тату көршілікке негізделген қарым-қатынастар біздің елімізді аймақтағы бәсекелерге төтеп беріп, экономикадағы еншімізді уысымыздан шығарып алмауды талап етеді. Осы ретте Қазақстан Президентінің «Сенім болған кезде барлық мәселе шешіледі. Кез келген жағдайда өз еліңнің мүддесін ескеру керек. Келіссөз жүргізу қашан да қиын, сол себепті бұған мұқият дайындаламын. Бұл – халқымның маған жүктеген жауапкершілігі», деген сенімді пікірі саясатта да селсоқтыққа жол жоқ екендігін көрсетеді.
Кейбір халықтарда мағынасы «көршіні таңдамайды» деген ұғымды білдіретін нақылдар бар, демек екі алып империяның ортасында отырып елдің мүддесін қорғау, шекараға қолсұғылмаушылық, тәуелсіздікке қиянат жасамау шарттары туралы келісімдерге қол жеткізу және орындалуын қамтамасыз ету – саяси көрегенділікті де талап етеді. Ал Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясындағы қол жеткізілген келіссөздер бұл ұстанымның қатаң сақталып отырғандығын көрсетті. Қазақстанның ұлттық мүддесі мен мемлекеттік мүддесінің лебі Аспанасты елінде қол қойылған әрбір құжаттан сезіліп тұрды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»