Қазақстан • 14 Маусым, 2018

Қазақстан – Қытай: Елбасының Қытайға сапары нақты экономикалық байланыстарға жол ашты

590 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда Қазақстан – Қытай қарым-қатынастары жаңа деңгейден көрінуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен аптадағы Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында қол қойылған құжаттар көршілердің саяси, эконо­микалық, мәдени-гуманитарлық ынтымағы жарасып, осы бағыттағы мүдделердің бір арнада тоғысқандығын көрсетті.

Қазақстан – Қытай: Елбасының Қытайға сапары нақты экономикалық байланыстарға жол ашты

Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасы­ның Төраға­сы Си Цзиньпинмен кез­десуінде қол қойылған тоғыз құжаттың қай-қайсысы да ел экономикасын ілгері жыл­жытуға серпін берері сөзсіз. Бұл мәміле­лер тізіміне көз жүгір­тіп қарар болсақ, үкі­меттер, министрліктер дең­гейіндегі келісімдердің әрбірі сол саланы өрге сүйрейтін локомотив орнына сұранып тұр.

Қытай – әлемдегі екінші экономика. Осыған қарамас­тан, бұл алып ел өзінің ішкі нарығының сұраныстарын толық қамтамасыз етуге қауқар­лы емес. Әсіресе сапалы ауыл шаруашылығы өнім­деріне зәрулік жыл санап артып келеді.

Ал Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына жасаған сапары аясында Бейжің қаласында Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқар­масы арасында Қазақстан­нан Қытайға экспортталатын сиыр етіне арналған инс­пекция, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар туралы Хаттамаға қол қойылған еді.

Бұл құжат мұздатылған сүйек­сіз сиыр етін Қытайға экспорт­тауға мүмкіндік береді. Ендігі міндет – ішкі нарығы­мызды сиыр және қой етімен толық қамтамасыз ете оты­рып, малдың санын көбейту арқы­лы ет түрлерінің экспорттық әлеуетін арттыру.

Етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарлама­сында тұжырымдалған басым­дықтар мен тетіктер Мемлекет басшысының отандық ауыл шару­ашылығы тауарын өндіру­шілердің экспорттық әлеуетін арт­тыру, бірінші кезекте агро­өнер­кәсіптік кешендегі еңбек өнім­ділігін және экспорттық өңдел­ген ауыл шаруашылығы өнім­дерін кемінде 2,5 есе арттыру жөніндегі міндеттерін тіке­лей жүзеге асыруды көз­дейді.

Бұл өз кезегінде алда­ғы уа­қыт­та қытайлық тарап­пен осы ел нарығына мұздатылған сиыр еті мен тірі малды экспорт­тауға байланысты келіссөздер жүргізу міндетін жүктейді.

Қаржы министрлігі Мем­ле­кеттік кірістер комитетінің дерек­тері бойынша 2017 жылғы Қазақстан мен Қытай ара­сында ауыл шаруашылығы­ның та­уар айналымы 345 млн АҚШ долларын құрап, 2016 жыл­мен салыстырғанда 32 пайызға артқан.

Бүгінде жері құнар­лы, суы мол Ресейдің егіні де бітік шығып, отандық диқан­дар­дың бәсекелестері күшейді. Астықтың әлемдік бағасы да төмендегені белгілі. Осындай жағдайда Қытай нары­ғының ашыла түсуі еліміз­дің ауыл шаруа­шылығы құры­лым­дары­ның еңсесін көтеріп, өнді­рілген өнімнің экспорттық әлеуе­тін арттыруға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ бидай, мұзда­тылған балық, күнбағыс тұқым­дары және басқа да өнім­дердің экспорты ұлғайған. Бұл өсім қытайлық тараптың сұра­ны­сының да күн санап артып келе жатқандығының көрінісі іспеттес. Демек темірді де қыз­ған кезінде «соға білген» абзал. Елбасы міне, Ауыл шаруа­­шылығы министрлігіне және басқа да мемлекеттік және ком­­­мерциялық құрылымдарға бал­ғаны да, төсті де ұстатты.

Қазақстан – Бейжің Іскерлік кеңесінде «Kazakh Invest» ком­паниясының ұйытқы болуы­мен «КазАзот» АҚ, «Cathay Industrial Biotech, Ltd.» және «CITIC Construction Co., Ltd.» компаниялары арасында біре­гей кластерлік жоба бойынша келісімге қол қойылды. Аталған жоба астықты терең өңдеп, полиамид материалдарын алуға мүмкіндік бермек. Ал бұл материалдан жасанды мата, пластик және полимер жабындыларын алуға болады. Әлемде мұндай технологияға тек қытайлық «Cathay Industrial Biotech, Ltd.» компаниясы ғана иелік етіп келсе, енді біздің елімізде де дәл осындай зауыт салынбақ.

Жобаға шамамен 2,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйыл­мақ. Экспортқа бейімделген өнім өн­діру – еліміздің индуст­рия­­лық-инновациялық бағ­дар­ла­ма­лары­ның негізгі бағы­ттарының бірі. Әрине, жаңа зауыт жаңа жұмыс орындарының ашылуын, қосымша салық түсімін қамтамасыз етіп, ел бюджетін толықтыра түседі.

Қазақстан-Қытай қарым-қаты­настарының алдағы жоспарлары нақтыланған келісімде сауданы жандандыру, сауда айналымы құрылымын әртараптандыру, шекаралық өткізу бекеттерін салу, ақпарат алмасу, құқық қорғау саласында ықпалдаса әрекет ету, халық­аралық саудада «бір терезе» қағи­дасын ұстану және басқа салаларда да ұйымдастыру сияқты маңызды мәселелер қамтылған.

Мемлекет басшысы мемлекеттік сапары аясындағы және Шанхай ынты­мақтастық ұйымының сам­митін­дегі келіссөздері барысында Астана халықаралық қаржы орталы­ғына инвесторларды шақы­рып, Орта­лық Азия өңіріндегі бірегей қаржы институтының мүмкіндіктерін пай­да­лануды ұсынды. Қаржы орта­лы­ғының ағылшындық тәртібі және ағылшындық құқық пен тәуел­сіз сот жүйесі кәсіпкерлердің құқық­тарын қорғап, кәсіптерін дөңге­летуге берілген зор мүмкіндік екендігі айтыл­ды. Елбасының бұл ұсыны­сының негізінде Астана ХҚО мен Қытайдың Жібек жолы қоры және Қытай-Еуразия экономикалық ынты­мақ­тастық қоры өзара тиімді байланыстар жасауға уағдаласты.

Елбасы, сонымен қатар көршілер­дің қаржылық есеп айырысуларын ұлттық валюталарға көшіру туралы да ұсыныс берді. Мәселен, Қазақстан – Ресей – теңге мен рубль, Қазақстан – Қытай – теңге мен юань арқылы есеп айырысуға көшсе, доллардың ықпалы азайып, қызмет пен тауар бағасының қауіпсіздік деңгейі арта түспей ме? Мемлекет басшысы осы тәуелділіктен құтылу­дың оңтайлы жолын ұсынды, ал бұған дейінгі уақыт дәлелдеген тәжірибелер көрсеткендей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсыныстары қашан да болашақтың сұранысына негіз­дел­гендіктен, күн өткен сайын өзекті­лігін арттыра түседі. Бұл ұсынысты да жүзеге асыру міндеті және мерзімі енді қаржыгерлердің батыл шешімдері мен болжамдарына байланысты болмақ.

Қытай Халық Республикасы жуырда өткен КПК съезінен кейін қайта түлеп 2049 жылға дейінгі экономикалық бағдарын айқындап алды. Нақтырақ айтқанда, алдағы ширек ғасырда ҚХР әлемдік экономикада үстемдік ету ойын ашық айтып, белсенді әрекеттерге көшті.

Ал өзара достық пен сенімге, тату көршілікке негізделген қарым-қатынастар біздің елімізді аймақ­тағы бәсекелерге төтеп беріп, эконо­микадағы еншімізді уысымыздан шығарып алмауды талап етеді. Осы ретте Қазақстан Президентінің «Сенім болған кезде барлық мәселе шешіледі. Кез келген жағдайда өз еліңнің мүддесін ескеру керек. Келіссөз жүргізу қашан да қиын, сол себепті бұған мұқият дайындаламын. Бұл – халқымның маған жүк­теген жауапкершілігі», деген сенімді пікірі саясатта да селсоқтыққа жол жоқ екендігін көрсетеді.

Кейбір халық­тарда мағынасы «көршіні таң­да­майды» деген ұғымды біл­діретін нақылдар бар, демек екі алып империяның ортасында отырып елдің мүддесін қорғау, шекараға қол­­сұғылмаушылық, тәуелсіздікке қия­нат жасамау шарттары туралы келісімдерге қол жеткізу және орын­­­далуын қамтамасыз ету – сая­си көре­­генділікті де талап етеді. Ал Қазақ­стан Президентінің Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясындағы қол жеткізілген келіс­сөздер бұл ұстанымның қатаң сақ­талып отырғандығын көрсетті. Қазақстанның ұлттық мүддесі мен мемлекеттік мүддесінің лебі Аспан­асты елінде қол қойылған әрбір құжаттан сезіліп тұрды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»