Этносаралық қақтығыстар қысымы мен қатерінің өсуі
Егемен мемлекет құрудың алғашқы жылдарында Қазақстан алдында этносаралық қатынастарды қамтамасыз етудің демократиялық тетіктерін құру міндеті өткір тұрды. КСРО-ның ыдырауы этностық шекаралар мен ТМД-дағы этносаралық жанжалдардың өсе түсуі жағдайында өтті. Этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау жас мемлекет үшін «өмір немесе өлім» мәселесіне айналды. Көптеген әлемдік жетекші сарапшылар Қазақстанға Югославияның тағдырын телігені кездейсоқ емес еді. Қазақстандағы қолайсыз этносаралық, этнодемографиялық және миграциялық үрдістердің басты себебі әлеуметтік-экономикалық сипаттағы қиындықтар болды. Сонымен бірге, кеңестік біртектілікті жоғалту тұрғысынан КСРО-ның құлауына қатты қайғырған тұрғындар бөлігінің этноұлттық және шовинистік көңіл күйі көрініс бере бастады. Бұл 1990 жылдың тамызында «Бірлік» қозғалысының құрылуынан және 1991 жылы казачествоның «патшаға және отанға» қызмет етуінің 400 жылдығын мерекелеуді ұйымдастыруға ұмтылған казактар ұйымдары белсенділігінен, сондай-ақ 1989 жылдың маусымы мен 1992 жылдың қазан-қараша айлары кезеңін қамтыған (Жаңаөзен, Қазансу, Ұзынағаш, Шығыс Қазақстан) әрекеттер мен басқа да жанжалдардан айқын аңғарылды. Аталған үрдістердің дамуы, этностық жанжалдар әлеуметтік-экономикалық реформалау үдерістері мен қоғамды демократиялық дамытуға тосқауыл қоя алар еді. Бұл, өз кезегінде, этносаралық қатынастар саласындағы саясатты шұғыл қайта қарауды талап етті. Бұған алғашқы қадамдардың бірі 1989 жылдың қыркүйегінде қазақ тілін мемлекеттік, ал орыс тілін ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп жариялаған «Тілдер туралы» Заңның қабылдануы болды. Қазақ, татар, неміс, корей және Қазақстанның басқа да этностарының мәдени қайта жаңғыруы басталды. Тек 1990-1991 жылдары 482 қазақ балабақшасы, 155 жалпы білім беретін мектеп ашылды. Республикада 49 этномәдени бірлестік құрылды. Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің негізі 1992 жылы Мемлекет басшысы этносаралық мәселелер бойынша қоғамдық институт құру идеясын көтерген кезде қаланса, ол 1995 жылдың наурызында Президент жанындағы жаңа консультативті-кеңесу органы – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуымен жүзеге асып, оның арқауына этномәдени бірлестіктердің де құрылуымен айшықталған мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының әріптестігі қағидаты орнықтырылды. Ассамблеяға мына міндеттерді шешу мүмкін болды: Қазақстан этностарының тілдері мен мәдениеттері қайта жаңғыруы үдерістеріне өркениетті, құқықтық негіз қалау; осы үдерістерді мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз ету; этностық дамудың саясилануы ықтималдылығының алдын алу; күн тәртібіне ұлттық-мемлекеттік біртектілік қалыптастыру мәселесін шығару. Тұтастай алғанда, Ассамблея құру этносаралық қатынастар проблемасын шешудің бір мезгілде жолы мен тетігі болса, ол 1990-шы жылдардың екінші жартысында нарықтық қайта құруларды табысты жүргізіп, елді дәйектілікпен және кезең-кезеңімен демократияландыруға кірісуге жағдай туғызды.![141211-61](http://old.egemen.kz/2011img/141211-61.jpg)
Біздің бәріміз жай ғана тұрғындар емеспіз, біз – Қазақстан Республикасының азаматтарымыз! Және адамға лайықты өмір жолын таңдаған, ұрпақтар алдында жауапкершілік алған өзіміздің мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөленуге; бүгінде бүкіл әлем танитын республиканың қасиетті нышандары – Туымызды, Елтаңбамызды және Әнұранымызды құрметтеуге тиістіміз. Нақ осы қазақ мемлекетінің патриотизмі республиканың, оны мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың басты тірегі болуы тиіс. Қазақстан халқы мынаған сенімді болулары керек: республика басшылығы ұлттық келісім саясатын нық қадаммен аяғына дейін жеткізіп, оны заңды негізге берік қоятын болады, қандай сылтаулармен болса да туындайтын өшпенділік отын жағуға мүмкіндік бермейді, деп өз тарапымнан мәлімдеуге тиіспін.
Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан халқының форумында сөйлеген сөзінен.
Алматы қаласы, 1992 жылғы 16 желтоқсан.
Ұлттық бірлік доктринасы этносаралық келісімді айқындап, қазақстандық біртектілікті одан әрі қалыптастырудың өзекті құжаттарының бірі болып табылады. Бүгінде Ұлттық бірлік доктринасы бастысы Тәуелсіздік болып табылатын, негізінде ортақ құндылықтар жатқан Қазақстан қоғамын топтастырудың ұлттық бірлігі ретінде қарастырылады.