Кино • 18 Маусым, 2018

Рим қаласында қазақ фильмдері көрсетілді

48 реткөрсетілді

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қолдауымен Қазақстанның Италиядағы елшілігі Рим қаласында «Жұлдыздар тоғысқанда», «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» және «Он алты қыз» фильмдерінің көрсетілімін ұйымдастырды.

Көрсетілім алдында көрерменге Қазақстан туралы әңгімелеген елшілік өкілдері, сондай-ақ, Италияның мәдениет және өнер қайраткерлері Қазақстан мен Астана қаласының дамуы деңгейіне және отандық кинематография саласына жоғары баға берді.

Итальян тілінде субтитрлері бар фильмді тамашалаған көрермендер қазақ халқының тарихына қызығушылықтарын білдірді. Айта кетсек, Римнің тарихи аудандарының бірінде орналасқан Casa del Cinema кинотеатрында бұл күні бос орын болмады. Жиналған өнерсүйер қауым отандық кинотуындыларды жылы қабылдап, бұдан кейін де қазақ мәдениеті және өнерімен етене танысқысы келетін ниетін білдірді.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген «Қазақ хандығы» сериалының кинонұсқасы – «Алмас қылыш» фильмі Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ең алғаш Астана қаласында көрсетілген болатын. Ауқымды жобаның идеясы ел Президенті Н.Назарбаевқа тиесілі. Тарихи фильмдер түсіруден тәжірибесі толыса бастаған қазақстандық режиссерлердің ұлттық таным мен қазақы қайнардан қашықтамаған туындысымен танысқан соң итальяндықтар мемлекет құрған айбарлы халықтың ерлігіне қуана қол соқты.

Ағылшын жазушысы Джереми Вильсонның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын жазу үшін онымен кездесуге қол жеткізіп қана қоймай, бұл сұхбаттың соңы бүкіл елді аралауға, тарихқа көз жүгірткен ұзақ уақытқа созылған қызыққа толы саяхатпен ұштасқанына итальяндықтар «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі арқылы куә болып, тәуелсіз жас мемлекеттің қалыптасуының көркем шежіресін аз уақытта шолып шықты.

Ал романтикалық комедияны жоғары бағалайтын итальяндықтар ұлттық дәстүрге негізделген, ізгілікке толы «Он алты қыз» фильмінен өздері үшін соны жаңалық тауып, ғажап әсерге бөленгендерін жарыса жеткізіп жатты.

Көрсетілімнен кейін қонақтар Қазақстан мен Астана қаласы туралы дайындалған отандық имидж бейнематериалдарды көріп тамашалады.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда екі зауыт салынады

Аймақтар • Бүгін, 10:03

Елорда мен Елбасы егіз ұғым

Руханият • Бүгін, 09:40

Ұқсас жаңалықтар