Қазақстан • 18 Маусым, 2018

Павлодарда «Победа» ЖШС-де дуальды білім беру орталығы ашылды

435 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университеті Агротехнология факультетінің зоотехнология, генетика және селекция кафедрасының  студенттері енді өңірдегі Шарбақты ауданы, Орловка  ауылында орналасқан «Победа» серіктестігінде оқып білім алады. 

Павлодарда «Победа» ЖШС-де дуальды білім беру орталығы ашылды

Агротехнология  факультетінің филиалы ретінде жұмыс істейтін «Ауыл шаруашылық мамандықтарына арналған дуальды білім беру оқу орталығы» серіктестік директоры Александр Поляков пен факультет деканы, профессор Тоқтар Бексейітовтің бастамасымен ашылды. Бұл күні орталықта «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша білім алатын студенттер ауылға келіп, дипломдық жұмыстарын қорғады.

Өңірдегі «Победа» ЖШС- өркениет жолына  түскен жаңашыл, дамыған кәсіпорын. Біз де  серіктестікті аралап көрдік.  Кәсіпорын жаңашыл технологиялар мен заманауи құралдармен жұмыс жасауда. Мал азығын әзірлеу үрдісі толық автоматтандырылған.

- Оқу орталығында жыл бойы 10-15 студенттен тұратын топтар білім алады. Оқу  барысында жастарға теориялық білім беру үрдісіне оқытушылар қатысып, тәжірибелік жағынан кәсіпорын мамандары үйретеді. Студенттер үшін тұрмыстық жағдайлар жасалған, сыныптар дайын, жаттақхана бар,- дейді Тоқтар Бексейітов.

Университеттің Агротехнологиялық факультеті ауыл шаруашылығы ғылымы мен білім беруде кәсіби мамандарды дайындайды. Факультет ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен өндіру саласына арналған бес мамандық түрін даярлайды.

Орталықтың  ашылуына, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ұлттық аграрлық  ғылыми-білім беру орталығының» Білім беру департаментінің директорының міндетін атқарушы, профессор Бақыт Насырханова  қатысты.

- Бұл бүгінгі күннің талабы білім, ғылым және өндірісті ұштастыру деген мақсаттың нақты жүзеге асуы деген сөз.  Ауылдағы «Победа» ЖШС-те ашылған аграрлық оқу орталығының  ашылуы өзгелерге де қажет деп ойлаймын. Жастарды  ауылға, ауыл шаруашлық саласын еңбек етуге шақырумыз үшін осындай жақсы бастамалар,  өркениетті жобалар жасауымыз керек,-дейді Бақыт Насырханова.

 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,

Шарбақты  ауданы,

Орловка ауылы

Суреттерді түсірген Руфина Торпищева