Жиында Б.Асылова студенттерді тұрақты жатын орынмен қамтамасыз ету бойынша маңызды шаралардың атқарылып жатқандығына тоқталды. Бүгінгі күні республика бойынша жалпы 83 мың орын, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында – 11 мың, Астана қаласында – 17 мың және Алматы қаласында 23 мың орындық жатақхана салу қажеттігі анықталған. Жатақханаларды салуға жер телімдерін бөлу жұмыстары жергілікті әкімдіктермен бірлескен түрде шешімін таппақ. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінің аумағында немесе оларға жақын маңдағы жерлерден 134 жер телімі бөлінген.
– Сондай-ақ біз жатақханалар құрылысының механизмін анықтадық. Құрылыс салушы − жатақхана жобасын әзірлейді. Кейін мемлекеттік тапсырысты алу үшін Қаржы орталығымен келісімшарт жасасады. Бұдан соң банктен қарыз алады. Ал жатақхананы пайдалануға бергеннен соң мемлекеттен өтемақы төленеді, – деп мәлімдеді вице-министр.
Жатақханалар жобаларын әзірлеу рәсімін жеңілдету үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті үлгі ретіндегі жоба әзірлеп, ол бүгінде барлық әкімдіктерге таратылған. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бизнестің жол картасына жатақхана құрылысын қосу арқылы банктерден төмен пайыздық несие алу мәселесін пысықтау үстінде.
– Егер Парламент заңға түзетулерді тамызда қабылдаса, онда министрліктің нормативтік-құқықтық актілерін реттеуге тағы бір ай кетеді. 2019 жылдың қыркүйек айына қарай 5 000 орынды пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Бұл біздің оптимистік болжамымыз, – деді Б. Асылова.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, биылғы жылға арналған Ұлттық бірыңғай тестілеудің сұрақтары 50 пайызға жаңарған. – Биыл ҰБТ 15-ші рет өтейін деп отыр. Осы уақыт аралығында шамамен 1,5 млн түлек тестілеуге қатысқан болатын. Қазіргі уақытта 2018 жылдың ҰБТ-сына дайындық штаттық режімде жүргізіліп жатыр. Барлық аудиториялар дайын. Үш міндетті пән болады: Қазақстан тарихынан 20 сұрақ, сауатты оқудан 20 сұрақ, математикалық сауаттылықтан 20 сұрақ және таңдап алынған 2 пәннен 30 сұрақтан болады, − деді ол.
Орталық басшысының айтуынша, бүгінде республикалық апелляциялық комиссияның мүшелері іріктеп алынған. Оған 54 адам кіріп отыр. – Өткен жылы ҰБТ-ның тест тапсырмалары 40 мың болса, соның 98 сұрағы, яғни 0,02 пайызы ғана дау тудырды. Әлемдік тәжірибеде 1 пайызға дейін қалыпты болып есептеледі. Біз бұл дұрыс көрсеткіш деп санаймыз. Биыл тест сұрақтарының базасы 50 пайызға жаңарды, яғни ҰБТ-да 80 мың сұрақ болады, – деді ол.
Оның айтуынша, былтыр 198 апелляциялық шағым түссе, оның 50 пайызы техникалық мәселелерге қатысты болыпты. Сұрақтар мазмұнына қатысты 98 мәселе көтеріліп, өз шешімін тапқан.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»