Әлі есімде, 1997 жылы Республика сарайында жеке шығармашылық кешімді өткіздім. Өнерге үлкен талғампаздықпен қарайтын ардақты Елбасымыз сол жолғы концертіме арнайы қатысты. Кеш соңында қонақтарға жайылған дастарқан үстінде Президент алдағы уақытта жүзеге асырсам деген жоспарларым жайында сұрады. Тосыннан қойылған сауал болғаннан кейін сәл тосылып қалдым. Бірақ бойымды да, ойымды да тез жинап алдым. Көптен бергі ойымда жүрген арманымды бүгін айтпасам, кейін дәл мұндай мүмкіндік тумайтындай көрінді. Сөйтіп орайлы сәтті пайдаланып, көптен бері көкейімде жүрген ойымды жайып салдым. Шетелдерге гастрольдік сапармен барған кездерде жастарды музыкалық білімге кәсіби түрде сатылап даярлайтын біліктілігі жоғары талай оқу орындарында болғанымды, соларға қызығатынымды айттым. Дәл сондай халықаралық стандартқа сай үздік өнер академиясын Алматыда да ашқым келетінін жеткіздім. Елбасы көп ойланбады. Менің өз сауалына дәл осылай жауап берерімді алдын ала біліп тұрғандай: «Ашасың! – деді бірден қолдау білдіріп. – Бірақ сен жоспарлағандай Алматыда емес, Ақмолада – жаңа астананың төрінде!».
Әрине көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселенің, талай күндер көңілімнің түкпірінде аялап келген арманымның бір-ақ сәтте ақиқатқа айналатынына жүрегім жарылардай қуанғаныммен, Елбасының: «Астанаға келесің» дегені санамды сан саққа жүгіртті. Қашанда жаңалық атаулыға жатырқай қарайтын көңіліміз дәл сол сәтте Ақмоланың Астанаға айналып кететініне сеніңкіремегені де рас. Оның үстіне Алатаудың жаймашуақ мамыражай табиғатын Арқаның бет қаратпас сары аязына алмастыру да жеке өз басыма оңай таңдау болмады. Әйтсе де Президент өзі тікелей қолдау білдіріп, шақырғаннан кейін көп ойланбастан-ақ тәуекелге бел будым. Еліміздің шежіресінен елеулі орын алатын тарихи сәттің тікелей куәгері болып, Отанымыздың тарихында орын алып жатқан орасан іргелі іске араласқым келді. Сөйтіп 1997 жылдың қара күзінде қарлатып-борандатып Ақмолаға қоныс аудардым.Келе сала бірден Елбасы артқан сенімге сай жұмыс істеуге тырысып, алдын ала даярлаған жоспарымды алып сол кездегі қала әкімі Әділбек Жақсыбековтің қабылдауында болдым. Көкейде жүрген шығармашылық ойларымды ортаға салып, жалпы мәселенің мән-жайын түсіндірдім. Әкім жаңа астананы мәдени ортаға айналдырсам деген игі бастамамды қуана құптап, сенім білдірді. Қала басшысының идеология жөніндегі орынбасары болып қызмет істейтін белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов та жаңа қалаға жатырқай келген менің күдігім мен үрейімді сейілтіп, ойларымның ретімен жүйелі жүзеге асуына жағдай жасады. Елбасымыздан бастап өнердің осындай жанашыр азаматтарының арқасында көп ұзамай-ақ қала әкімінің Ақмола музыка училищесінің негізінде академия ашу туралы шешімі шықты. Іле-шала Үкімет қаулы қабылдап, республикалық бюджеттен қажетті мөлшерде қаржы бөлді.
Академияның ашылу салтанатына арнайы қатысқан Елбасымыз, күні бүгінге дейін өнерге, мәдениетке деген қамқорлығын аяған емес. Нұрсұлтан Әбішұлы тек біздің университет қана емес, жалпы Астананың мәдени ортаға айналуына үнемі қолдау білдіріп келеді. 20 жылда елорда төрінде небір сәні мен салтанаты келіскен сәулетті ғимараттар бой түзеді. Бір ғана «Астана Опера» театрының таңғажайып архитектурасы келушісін тамсантпай, таңғалдырмай қоймайды. Сол секілді «Қазақстан» орталық концерт залы мен Хореография академиясының да бас шаһар төрінде бой көтеруін Елбасының қазақ өнеріне деген үлкен қамқорлығының, жанашырлығының нәтижесі деп білемін. Бұл ғимараттар тек көз жауын алатын архитектурасымен ғана құнды емес. Болашақта аталған өнер ошақтарының қабырғасынан түлеп ұшар теңдессіз таланттар қазақ атын әлі-ақ жаһанға мәшһүр етері сөзсіз. Университетіміздің түлектері – Сүндет Байғожин, Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова бастаған өнерпаздардың даңғыл жолы осы ойыма толықтай дәлел болады. Күні кеше әлемді дүр сілкінткен дара дарын Димаш Құдайбергеннің тәлім алған, тәрбиеленген ортасы да Қазақ ұлттық университетімен тікелей байланысты.
Елорда тарихымен егіз жасасып келе жатқан университетімізге биыл 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында талай белестерді бағындырып, педагогика мен шығармашылық ізденісті қатар алып келе жатқан білім ордасы бүгінде сатылы білім беру жүйесін жолға қойып, білімгерлердің мектеп қабырғасынан бастап университет тәмамдағанға дейінгі аралығында кешенді һәм сапалы білім алуына толыққанды жағдай жасап отыр. Арнайы шақырумен жасақталған білікті педагогтар құрамы сапалы маман даярлауда, өнерлі жастарымызды тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосып жатқанын да айрықша атап өткім келеді. Бұл – Нұрсұлтан Әбішұлының болашақты алыстан болжайтын көрегендігінің, дегдарлығының арқасы.
Иә, кезінде орындалмас армандай болып көрінетін жүрек түкпіріндегі үлкен тілегім Елбасының қолдауының арқасында бүгінде ақиқатқа айналды. Астана – менің арманыма жол ашқан құтты қала. Сонысымен де елордамыз мен үшін қымбат, ыстық. Жас болса да талай жасампаз бастамалардың ұйытқысы болып келе жатқан Астанамыздың әлі де қанатын кеңге жайып, өнер мен мәдениеттің шын мәніндегі рухани ордасына айналатынына сенемін. Астана – болашақтың қаласы!
Айман МҰСАҚОЖАЕВА,
Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры