Қазақстан • 19 Маусым, 2018

Доллардың қымбаттауы бәсеңдер емес

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан қор биржасы (KASE) күндізгі сауда сессиясының нәтижелерін жариялады. Саудаға KASE валюталық нарығының 22 мүшесі қатысты. 

Өткен аптаның басында байқалған АҚШ долларының қымбаттау қарқыны әлі бәсеңдер емес. Кешегі сауда сессиясында оның бағамы 1 долларға шаққанда 339,15 теңгені құрап, тәулік ішінде 2 теңгеге көтерілгенін көрсетті. 

Доллардың қымбаттауы бәсеңдер емес

Теңгенің әлсіреуіне қатысты өткен аптаның соңында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің түсінік­теме бергенін айта кетейік. Оның айтуынша, халықтың шетел­ге демалысқа бару маусымы сұ­ра­ныстың көтерілуіне ықпал еткен­ факторлардың бірі деуге болады. Қолма-қол ақшаны теңгеден АҚШ долларына айырбастау осы мезгілде көбейеді. Теңгенің баға­мына кері әсер еткен басқа да себептер бар. 

– Дамушы нарықтардың ва­лю­таларына қатысты АҚШ дол­ларының нығаюы және АҚШ-тың Федералдық Резервінің пайыздық мөлшерлемелерінің ұлғаюы теңгенің АҚШ долла­рына бағамының ықпал еткен факторлардың бірі болып табы­лады, – деп түсіндірді Д. Ақышев.

Ол Қазақстанның негізгі сау­да әріптесі – Ресейге салынған санк­ция­лар капиталдың Ресейден әке­тілу­ін күшейткендігін атап өтті. АҚШ-тың санкциялары рубль бағамының әлсіреуіне әкеліп соқ­­тырды, ал бұл теңге бағамын қа­лып­тастыру факторларының бірі. 

«Астана» ХҚО: Қытай банкімен байланыс күшейді

Таяуда АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Қытай Банкінің атқарушы вице-президенті Жэнь Дэци Стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойды.   

Осы меморандум аясында тараптар жоғары сапалы сервисті қамтамасыз ету және жаңа банк өнімдерін әзірлеу үшін трансшекаралық бизнесті одан әрі дамытудың мүмкіндіктерін бірлесіп зерделеуге ниетті. 

– Қытай банкі – әлем­дегі ең жетекші қаржы инс­титут­тарының бірі, сондықтан оның тәжірибесі АХҚО-ны қаржы қызметтерінің өңірлік хабы ретінде қалыптастыру үшін өте маңызды. Банк серіктестерінің жаһандық желісі АХҚО-ға озық қаржы технологияларын тартуға көмектеседі, – деді Қ.Келімбетов.

Жақында «Астана» ХҚО алаңында Қытай мемлекеттік даму банкінің (ҚМДБ) ресми өкілдігінің ашылғанын айта кетейік. Бұл ҚМДБ-ның Орталық Азиядағы бірінші, ал әлемдегі жетінші өкілдігі екенін айта кетейік. Аталған банктің өкілдіктері бар Лондон, Мәскеу, Рио-де-Жанейро сынды шаһарлардың санатына енді Астана да қосылып отыр. 

«Қара алтын» құны құлдырай бастады

Мұнай бағасы соңғы алты аптаның ішіндегі ең төменгі деңгейге құлдырап, Brent маркалы 1 баррель – 74,1 $-ға теңесті.  

Сарапшылардың пайымдауынша, «қара алтын» құнының төмендеуіне ықпал еткен бас­ты себептердің бірі – АҚШ пен Қытай арасындағы сауда текетірестерінің толас­тамауы. Инвесторлар ОПЕК-ке мүше- мемлекеттер министрлерінің отырысынан қандай нәтиже күтіп отырғаны да баға саясатына әсер етуде. Мұнай экспорттаушы мемлекеттердің министрлері осы отырыста көмірсутегін өндіру көлеміне қатысты шешім қабылдауға тиіс.

Дайындаған

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»