Саяхат журналистикасы ақпарат арқылы қоғамның коммуникативтік интеграциясын жүргізеді, сондай-ақ белгілі этикалық нормаларды, мәдени негізді белгілейді. Трэвел-журналистика элементтері массмедиада хард-ньюстан (hard-news) софт-ньюсқа (soft-news), яғни салмақты ақпараттан ойын-сауыққа дейінгі аралықты қамтиды. Бүгінгі таңдағы трэвел-бағдарламалар шын мәнінде бірнеше жанрдың қоспасынан тұрады. Мысалы, тарихи-географиялық хабарлар ғылыми-деректі фильмдер мен жолсапар очерктерінен, танымдық дәрістерде туындайды. Трэвел-журналистика халықаралық қатынаста үлкен маңызға ие. Сонымен қатар туризмнің дамуына, адамдардың тіл үйреніп, жан-жақтылығын арттыруына көмектеседі және өзіндік дәрежеде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де септігін тигізеді.
«Travel» ұғымы негізінен өркениетті заманда жаңа термин болып енгені ғана болмаса, оның тарихы тереңнен басталады. ХІХ ғасырға дейін «саяхат» белгілі бір елдер туралы ашық мәлімет алу көзі болып келді. Жер бедері, географиясы, халық саны, шаруашылығы, тарихы жайындағы құнды ақпарлар сол замандағы саяхатшы-ғалымдардың арқасында көпшілікке беріліп отырған.
Соңғы жылдары жеке және экстремальді туризм айрықша дамып келеді. Отбасымен және жеке саяхатшылар сапардан алған әсерлерімен әлеуметтік желілерде видеоблог жүргізу арқылы, әртүрлі постар жазу арқылы бөлісіп жатады. Кейбіреулері желідегі достарымен сөйлесіп, бір-бірлеріне кеңес беріп, қай жерге баруға болады, қай қонақ үйде тоқтауға болады деген сұрақтарға жауап алады. Зерттеуші Н.Маслова өзінің 1980 жылы жарияланған жолсапар очеркінде: «Трэвел-журналистика өзінің пәлсапасымен ерекшеленеді. Бұл – белгілі бір автордың жеке қабылдау сүзгісінен өткен әлемнің сипаты», – деп жазған.
Трэвел-журналистика арқылы туризмді дамытудың бізге қандай пайдасы бар деген сұраққа жауап бере кетейік. 2010 жылдан бастап әлемнің көптеген мемлекеттерінде Дүниежүзілік туристік ұйымның «Туризм: перспектива – 2030» деп аталатын бағдарламасы қолға алынды. Туризмнің дамуы ел ішінде төмендегідей маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді:
– ақша айналымының артуына;
– ішкі жалпы өнімнің өсуіне;
– адамдардың жұмыспен қамтамасыз етілуіне;
– демалыс орындары мен жаңа туристік нысандардың ашылуына;
– тұрғындар санының өсіміне және тағы басқа жағымды өзгерістерге.
Трэвел-журналистика өзара ақпарат алмасуда ғана емес, елдер арасындағы халықаралық қатынастың нығаюына да себепші болады. Саяхат журналистикасы мен туризмнің бір арнада тоғысуы мемлекет үшін экономика саласында, мəдениет пен саясатта əкелер пайдасы көп. Мұның барлығы БАҚ өкілдері жасаған туындылардың, жобалардың, мақалалардың қалың көпшілік арасындағы рейтингін көрсетеді. Жалпы алғанда, туризм 1975 жылдан бастап мемлекеттердің ішкі жалпы өнімін көтеруде маңызды рөл атқарып келеді екен. Тіпті, соңғы 10 жыл ішінде əлем бойынша туризм ІЖӨ-нің жыл сайын 4%-ға артуын қамтамасыз етіп отыр. Зерттеушілердің болжамы бойынша 2030 жылға қарай əлемде саяхатшылар мен басқа елге іссапарға баратындар саны 1,9 млрд-қа жетпек. Бұл дегеніміз, 2010 жылмен салыстырғанда екі есе көп (940 млн). Аталмыш дүниенің барлығы да трэвел-журналистиканың негізінде көрсетілген нəтиже. Əрине, оның қолданыс аясының кеңеюіне ғаламтордың əсер еткенін мойындаған жөн. Ақпарат жеделдігі, сондай-ақ кез келген мəліметке қолжетімділік, ой-пікір алмасушылық, бəрі де орасан пайдаға кенелтті. Технологияның дамыған заманында əлеуметтік желілерде, сайттарда журналист дайындаған материалдардың сақталуы жəне олардың үздіксіз шығып тұруы, адамдарға не қызықты екенін түсінуге мүмкіндік береді.
Ал бүгінде отандық журналистикада трэвел-жобалар дәстүрлі БАҚ-та емес, ғаламтор кеңістігінде қарқынды дамуда. Әр түрлі блогтар ашылып, өзінің ақпарат деңгейіне қарай тұрақты аудитория жинап алғандары да баршылық. Соның бірі де бірегейі халықтың ықыласына бөленіп отырған трэвел-жоба «7 причин сорваться в ...» деп аталады. Әйгілі актер Әнуар Нұрпейісов пен Santufei.com компаниясының бірлескен жобасынан оқырман Қазақстандағы қандай қалаларды аралауға болады, туристер қайда баруы керек деген сұрақтарға жауап табады. Оған қоса, қала тазалығын, көлік қозғалысын, қала халқының мәдениетін, тарихи жерлер мен жаңа ғимараттарды барынша шынайы көрсетеді. Бірінші шығарылым Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласына арналған. Жоба жүргізушісі Әнуар осы жобасы арқылы ішкі туризмді дамытып қана қоймай, сондай-ақ тек біздің тұрғындар емес, шетелден келген туристерді не қызықтырады деген сұрақтарға жауап іздейді. Шымкент қаласы туралы роликте дендропарк, «Адам ата мен Хауа ана» атымен аталған тарихи тас ескерткіш, Ақсу-Жабағылы қорығы, Біркөлік шатқалы, Ақ Мешіт үңгірі және киелі Түркістандағы керемет кесенелер көрсетіледі. 16 минуттық роликте Оңтүстік өңірдің асханасы мен қоғамдық орындарда қызмет көрсету деңгейіне де баға беріледі. Жобаны қолға алған Alkettik (KZ Travel Vlog) блогында Шымқаладан бөлек, Ақтау, Павлодар, Өскемен, Орал, Алматы мен Астана қалалары жайында роликтер де бар. Шағын ұжымның мақсаты – өскелең ұрпаққа өз тарихымыз бен қасиетті мекендер туралы аңыз-әңгімелерден хабардар болуға баулу. Қорыта айтқанда, елдің саяхатқа деген ықыласы артқан сайын трэвел-журналистикаға деген қызығушылық та арта түсетіні сөзсіз. Ал ол өз кезегінде отандық туризмнің дамуына ықпал етеді.
Шұғыла ТҰРЛЫБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті