– Ресейде туды дейсіңдер-ау, мен туған жер Астрахань өңірі әлі күнге дейін қалың қазақтың құт бесігі болып отыр. Әйгілі Дина Нұрпейісова Алматыға аттанғанға дейін тұрған жері Володар ауданындағы Диановка
ауылында әлі күнге дейін бір орыс жоқ. Белгілі күйші Ерғали Есжановтың тұрып, қайтыс болған Камызяк (Құмөзек) ауданының Лебяжье (Аққулы) ауылында да ылғи қазақ отыр. Күй атасы Құрманғазы жатқан Алтынжар ауылы да осы өңірде. Динаның төл шәкірті, Құрманғазының домбырасын жеткізген Ыбыр Досалиевтің қабірі де Алтынжардан қашық емес, Корни деген селода жатыр. Мен 1949 жылы Харабали (Қарабайлы) ауданының Басты деген ауылында тудым. Бұл – Алтын Орданың астанасы болған Сарай Бату шаһарының орны. Астраханьдағы Кремль осы шаһардың кірпішінен қаланған. Осы ауылымыздың өзінде Қарамұрат деген кісі болды, өзіне домбыра жасап алған, мықты домбырашы еді. Мақу деген домбырашы болды, бір ауылда тұрдық. 1964 жылға дейін біз қазақ мектебінде оқыдық. Ол жақтағы өзен-көлдердің, жер атауларының бәрі қазақша. Сондықтан қазақылыққа, әсіресе домбыра, күй өнеріне уызымнан жарып өстім деп айта аламын, – дейді Едіге ағамыз.
Шынымен де Едіге Нәбиевтің туып-өскен өңірі қазақ күйі, домбыра өнері ерекше дамыған, дәстүрі қалыптасқан ерекше аймақ болыпты. Оны жоғарыда айтылған күй өнерінің корифейлерінің есімінен-ақ біле беріңіз. Айтпақшы, белгілі тентек күйші Сейтек Оразалыұлы да осы өңірден, қабірі Едіге ағаның ауылынан 60 шақырым көрші елді мекенде жатыр. Кейіпкеріміздің өз әкесі Қуанғали Нәбиев те мықты домбырашы, жыршы-термеші екен. Белгілі күйші «Тесік тамақ» Сабыр Мұқатовпен замандас, бірге өсіп, бірге жүрген, дос-жар болған. «Тесік тамақ» Сабыр кім?» десеңіз ол Орал облысының Жаңақала ауданы Новая Казанка (қазіргі Жаңақазан) ауылындағы жетімдер үйінде Шамғон Қажығалиев, Сұлтанғали Лұқпанов сияқты өнер тарландарына күй үйретіп, Азғырдағы Киров атындағы орталау мектепте домбыра үйірмесін ұйымдастырған. Белгілі күйші Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалина, сондай-ақ ақын Жұмекен Нәжімеденов дәл осы Сабыр Мұқатовтан сабақ алған екен. Міне, осындай майталмандар жүрген өлкеде, өнерлі шаңырақта туған Едіге Нәбиев қайдан осал болсын?!
– Кішкентайымнан домбыраға ерекше құмар болдым. Ол кезде домбыра қат, ерекше мүлік саналады. Әкем мықты домбырашы әрі жыршы еді. Ығылманның «Исатай-Махамбет» дас-
танын сан түрлі әуенге салып айтатын. «Сындырып тастайсың» деп домбыраны кішкене балаға бермейді, төрде ілулі тұрады. Сол кездері біздің үйде екі домбыра болды: бірі Қасайын деген жергілікті шебер ойып жасаған қайың домбыра, екіншісі 1949 жылы жасалған, мен туған жылы әкеме қарындасы сыйлаған құранды домбыра еді. Әкем Қуанғали домбыраны солақай тартатын, үлкен ағам Сыдиық та күйші, оңқай еді. Екі домбыра екі түрлі күйде тұратын. Бұл сол кездері үлкен байлық саналатын. Тым кішкене кезімде домбыраны бермесе, ауырып қалатынмын. Анамнан оқтау сұрап алып, күйдің әуенін «аузыммен орындап», сабалап отырады екенмін, – деп еске алады Едіге аға.
Бір қызығы, домбыраның қаттығы, аспапқа мұқтаждық Едіге ағаның бо-
йында жаңа бір өнердің көзін ашыпты. Үлкендерден тығылып тартып жүрген домбыраны сындырып алып, қайта жөндеп, ауылдағы ақаулы аспаптарды қалпына келтіріп жүріп, кәдімгідей шеберге айналған. Көп жыл кейін домбыра жасаушылардың халықаралық «Үкілі домбыра» байқауында екі мәрте жүлдегер болуы кейіпкеріміздің бұл салада да қара жаяу емес, айтулы маманға айналғанын көрсетпей ме?
4 сыныптан бастап ән айтып, күй тартып сахнаға шыққан Едіге Нәбиевтің өмірі 1966 жылы күрт өзгерді. Сол жылы мектеп бітірген жас түлек Алматы консерваториясына түсуге талпынған. Бірақ музыка мектебін бітірмеген балалар бір жыл бойы дайындық курсын оқуы тиіс екен. Таныс, туысы жоқ алыс қалада оқу оқып әрі күн көру жас жігітке мүмкін болмады. Амал жоқ, жақын жердегі Орал қаласына, сол кезде жаңадан ашылған спорт факультетіне құжат тапсырған. Сөйтіп Едіге Нәбиевтің өмірі мүлдем басқа арнаға түсіп кете барды...
– Бірақ домбыра бір сәт те жанымнан қалмады. Батыс Украинада әскерде болған кезде де гитараның екі шегімен күй тарта беруші едім. Жұмысым, қызметім, жүрген ортам өнерден алыс болса да, үйге келгенде қара домбырам қолымнан түспеді, – дейді Едіге аға.
Әрбір істің бір қайыры бар ғой. Кейіпкеріміздің жақын досы, белгілі күйші Тұяқ Шәмелов: «Едіге, сенің консерватория оқымағаның қандай жақсы болды! Әйтпесе біз сияқты болып шығасың ғой. Сенде қазақтың дәстүрлі күй өнері сақталған, ешкімге еліктемейсің, сонымен мықтысың!» дейді екен. Шынымен де бүгінде өнер зерттеушілері, музыка мамандары ел ішіндегі қаймағы бұзылмаған дәстүрлі күйшілерді іздесе, оралдық Өтеген Жұмашев, Едіге Нәбиев, Ермек Қазиевтерді алдымен ауызға алады. Едіге аға былтыр ғана Астана қаласында өткен халықаралық «Астана-Арқау» дәстүрлі түркі музыкасы фестиваліне арнайы шақырылып, өнер көрсетті.
Жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленгені мәлім. Осы жаңалықты айтып Едіге ағамызбен қуанышымызды бөлістік.
– Қазақ үшін домбыраның орны бөлек қой. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деген рас сөз. Өз басым «Домбыра – қазақ тарихын жазып шыққан аспап» деп санаймын. Домбыра күйінде, жыр-термелерде қазақтың бүкіл тарихы бар. Қазақ пен домбыра – егіз. Мен қобызды онша ұната бермеймін, оның бақсылық қасиеті бар, қобызбен адамға жақсы да, жаман да әсер етуге болады. Ал домбыраның дыбысынан адамға еш зиян келмейді, тек шипа береді. Домбырадай аспап жоқ! Домбыраны қалай насихаттасақ та артық болмайды. Сондықтан жаңадан пайда болған атаулы күнді қуанышпен қабылдадым, – дейді Едіге Нәбиев.
Едіге аға бүгінде домбыра жасаумен кәсіби түрде айналысады. Сонау 1960 жылдары жоқшылықтан басталған өнер бара-бара кәсіби құштарлыққа ауысқан. Ауылда жүріп дүкенде сатылатын қадімгі сызғыштардан құрап, алғашқы домбырасын өмірге әкелген ол кейін Алматыда қызмет ете жүріп, консерватория шеберханасындағы Мұса Әділов деген шеберден домбыра жасаудың техникасын кәсіби түрде меңгеріпті. Бағзы дәстүрлі күй өнерінің әуені құлағында қалған шебердің аспапқа деген талабы ерекше. Әр домбырасын асықпай, жанын салып жасайтын шебер домбыраны қарапайым жансыз бұйым деуге қарсы.
– Домбыра бала күнімнен серік болса да мен түсінбейтін жұмбақ сыры көп. Өз басым оны жаны бар, құпия сырлы серігім деп санаймын. Кейде көңіл күйім болмай, 2-3 күн ұстамай қалсам, үйдегі домбырам кәдімгідей «өкпелеп» қалады. Дауысы шықпай, күйі келмей әуре етеді. Ақырын сипап, мәпелеп отырып әрең тілін табамын. Біреу сенер, біреу сенбес, бірақ көзім жеткен анық нәрсе осы, – дейді домбырашы.
Домбыраның түрлі қызығын кейіпкеріміз айтып тауыса алмайды. Мысалы, бір ағаштан бірдей тәсілмен жасалған домбыра бір-біріне ұқсамай шығады. Әрқайсысының өз мінезі, өз ерекшелігі бар. Кейде ең таңдаулы, қымбат материал-
дан ғажап аспап жасауға тырысады-ау, бірақ ойлағандай шықпайды. Ал кейде қарапайым қарағайдан жасалған аспаптың «сөйлеп тұратыны» бар. Аспаптың қасиеті тапсырыс берушіге де байланысты. Тапсырыс бере салып асықтыратын жандарды Едіге аға ұнатпайды. Ол бір домбыраны 1,5-2 ай ішінде асықпай жасайды екен. «Осы кезге дейін қолымнан 150-200 домбыра шыққан шығар. Соның 50-60-ы ғана өз көңілімнен шықты, нағыз өнер туындысы деп айта аламын», дейді ол.
Шебер Едіге Нәбиевтің қолынан шыққан аспаптарды күйші Тұяқ Шәмелов жақсы көріпті. Бірнеше домбырасын алған. Бүгінде белгілі домбырашылардың біразы Едігенің домбырасын ұстап жүр. Республикалық күй сайыстарында үш мәрте Гран-при бәйгесін жеңіп алған домбырашы Жасұлан Зинеденовтің де қолында Едіге Нәбиев жасаған аспап жүр.
– Көптен бері тек өзім жасаған домбырадан басқа аспапты ұстай алмаймын. Менің домбырамда ою-өрнек жоқ. Домбыраға өрнек емес, дыбыс керек. Қазіргі домбыра жасаушылардың көбі конвейерлік сипатқа көшті. Сапа емес, сан қуған жерде нағыз өнер аспабы тууы қиын ғой. Оның үстіне Қазақстанда сапалы ағаш та қат. Шетелден, қымбат бағаға сатып аламыз. Өз басым Дина шешейден жазып алынған күйлерді тыңдап, қазақы домбыраның баяғы қоңыр үнін іздеймін. Ондай дыбыс шығара алмай жүрміз біз. Сол үшін түрлі экспериментке де бардық. Домбыраның дыбысы таза шығуы ішегіне де байланысты. Қазір баяғы қой мен ешкінің ішегі жоқ. Медициналық отаға пайдаланатын жгуттен салып көрдім. Бірақ оның жуандығы келмейді. Әке-шешем домбыраның ішегін үйден жасайтын. Әттең, сонда ішекті қалай өңдейтінін үйренбей қалыппын. Иіріп, керу, кептіру әдістерін білемін, өңдеуін үйренбей қалдым. Енді сұрайтын да адам жоқ, – дейді шебер.
Дегенмен Едіге аға Оралдағы ниеттес әріптестерімен бірге дәстүрлі қазақ домбырасының үлгісін жасауды жоспарлап жүр. Табиғи шикізат, қой мен ешкі ішегі тағылған, қақпағы лакпен сырланбаған, дыбысы ішінен шығатын аспап жасау – кейіпкеріміздің ендігі арманы.
– Қазір күйді түсініп тыңдайтын адам да азайды. Ақын Қайрат аға Жұмағалиев Өтеген Жұмашев екеумізді үйіне шақырып алып, сағаттап күй тартқызатын. Жарықтық ара-арасында жылап алушы еді. Енді ондай тыңдаушы жоқ қой. Орта жоқ, өзім де бүгінде оңаша күй кешіп қалдым, – дейді кейіпкеріміз қоштасарда...
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»