Айтулы шараға орай Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлы, Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров, белгілі
театр режиссері Йонас Вайткус (Литва) және «Piccolo di Milano» театрының көркемдік жетекшісі Стефано Де Луканың (Италия) қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп, фестиваль бағдарламасы «Astana Musical» мемлекеттік театры репертуарындағы Ғ.Мүсіреповтің әйгілі «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклімен (режиссері Асхат Маемиров) ашылды.
– ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің басты ерекшелігі – Еуропа мен Азияның театр кеңістігін біріктіру. Түркітілдес елдердің өздеріне тән фестивальдары бар. Сол секілді таза еуропалық театр байқауларына да жиі қатынасып жүрміз. Қытай жақта да Азия елдерінің айтулы фестивальдары ұйымдастырылады. Елордамыздың 20 жылдығы қарсаңында осынау әлемдік театр мәдениеті кеңістігін бір орталықта тоғыстырғымыз келді. Өзінің 20 жылдық тарихында Астана тек саяси-экономикалық жағынан ғана емес, сонымен бірге мәдени тұрғыдан да әлемдік деңгейдегі үлкен рухани орталыққа айналып келе жатыр. Оның айқын дәлелі – елорда мәдениетінің шын мәніндегі бірегей оқиғасы осы ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі. Айтулы өнер думаны театр әлемінің мықты-мықты сахна майталмандарын жинап отыр. Мұның өзін еліміздегі ең үлкен өнер оқиғасы деп білемін, – деді баспасөз мәслихатының спикері, Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемиров.
Маусым айының 16-сы мен 28-і аралығында Қазақстан театрларынан бөлек, тағы 12 мемлекеттен келген әлемдік театр ұжымдарының қатысуымен барлығы 18 қойылым фестиваль аясында көрермен назарына ұсынылады. Атап айтар болсақ, олар: «Piccolo di Milano» театры (Италия), «1927» театры (Ұлыбритания), «Meno Fortas» (Литва), «Warszawa» (Польша), Тәуелсіз интернационалды «11» театры (Германия), Ш.Руставели атындағы мемлекеттік академиялық театры (Грузия), «Бейжің халықтық көркем театры» (Қытай), Өзбек ұлттық академиялық драма театры (Өзбекстан), Ленсовет атындағы Санкт-Петербург академиялық театры, Мәскеу губерниялық театры (Ресей), Ш.Термичиков атындағы Шу облыстық театры, Т.Абдумомунов атындағы академиялық драма театры (Қырғызстан). Сондай-ақ отандық театрлардан: М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры және «Astana Musical» театры өнер көрсетеді. Әйгілі қойылымдар «Қазақстан» орталық концерт залында, Холл Энергия, Бейбітшілік және келісім сарайында, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында және М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында сахналанады. Фестивальға КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов (Қазақстан), Йонас Вайткус (Литва), Давид Асатиани (Франция), Беатрис Пикон-Валлен (Франция), Давид Папава (Ұлыбритания) бастаған Еуропа мен Азияның белгілі театр қайраткерлері, театртанушылар, театр сыншылары сарапшылық етеді. Аталған іс-шараның басты қонағы – Оскар сыйлығының иегері, дүние жүзіне белгілі кино және театр актрисасы Жюльет Бинош.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан айтулы театр мерекесінің негізгі ұйымдастырушылары «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы және Қазақстан театрлары ассоциациясы. Елорданың 20 жылдық мерейтойына тарту ретінде көрерменін серпілткен бас қаланың басты өнер оқиғасы
ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі екі апта бойы театр жанкүйерлерін естен кетпес рухани қуанышқа кенелтетіні сөзсіз.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»