Аймақтар • 19 Маусым, 2018

Биыл Ықылас Дүкенұлының туғанына 175 жыл толып отыр

1441 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл қазақ халқының ұлы күйшісі, қазақ күй өнеріндегі айрықша құбылыс болған Ықылас Дүкенұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Даңқты қобыз­шы­ның мерейтойы бүгінде еліміздің бірқатар аймақтарымен бірге, Жамбыл өңі­рінің аудандарында да аталып өтуде. Әйгілі өнер иесінің мол мұра­сы кейінгі ұрпаққа насихатталып, шығармаларының кенен көркемдігі турасында да еңбектер жарық көруде.

Биыл Ықылас Дүкенұлының туғанына 175 жыл толып отыр

Осы орайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Тараз қаласында облыстық зағип және көзі нашар көретін азаматтар кітапханасының ұйым­дас­тыруымен «Классик-композитор Ықылас Дүкенұлы» атты басқосу өт­ті. Атал­ған кітапхана директоры Айгүл Оразқұлова рухани жиынды сөз сөй­леп ашып, Ықылас мұраларының маңыз­ды­лығына тоқтала келе, қобызшының жеті ата­сынан бері қарай өнер дарығанын айтты. 

Ықылас Дүкенұлы қазақ тарихында қай­таланбас қобызшы ретінде қалған тұл­ға. Сонымен қатар Қорқыт баба жолын жалғастырушы күйшінің «Аққу», «Жезкиік», «Қамбар-Назым», «Қасқыр», «Кертолғау» сынды күйлері халық арасына кең тараған. Басқосуға жиналған көп­шілік Ықылас мұрасына ерекше ықылас танытып, қобызшының күйлері жө­нінде әңгіме өрбітті. Ықыластың Дүйсебай, Түсіпбай және Ақынбай атты ұлдарының бәрі де қобызшы бол­ға­ны туралы дерек те қамтылды. Ал атақ­ты күйшінің қобызы Ақынбайдың ұр­пақ­тарында осы күнге дейін сақталып, бү­гінде облыстық тарихи-өлкетану му­зейінде баға жетпес жәдігерлердің қа­та­рында тұр.

Басқосу барысында облыстық филар­мо­нияның әншісі Рауан Әбілқасым Ықылас Дүкенұлының «Ерден» жә­не «Аққу» күйлерін тартса, Жанар Өзте­мі­рова Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін нақышына келтіре орындап берді. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы