Бәрі де күні кешегідей көз алдымызда. 2012 жылы Астанада өткен Қазақстан чемпионатында тосын нәтижелер көп тіркелген жоқ еді. Жеңіс тұғырының ең биік сатысына әдеттегідей әккі боксшылар бірінен кейін бірі көтеріліп жатты. Бас жүлдені олжалаған Біржан Жақыпов, Ілияс Сүлейменов, Қайрат Ералиев, Берік Әбдірахманов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов, Алмат Серімов, Антон Пинчук және Жан Кособуцкий сынды саңлақтардың есімін барша жұрт жақсы біледі. Бұл жарыста тек 75 кило салмақ дәрежесіндегі жағдай өзгеше болды. Басты фавориттер – Рустам Сыбаев пен Ерік Әлжановты қапы қалдырған 19 жастағы Жәнібек Әлімханұлы осы салмақта топ жарып, өзінің өрелі өнерінің арқасында сан мың көрерменнің көзайымына айналды. Міне, Жәнібектің үлкен спорттағы жеңісті жолы осылай басталған еді.
– 2002 жылы белгілі кәсіпкер және меценат Бауыржан Оспанов өзінің кіндік қаны тамған жері – Алматы облысы, Алакөл ауданының Жыланды ауылында бокс үйірмесін ашып, бапкер болу жөнінде маған ұсыныс айтты. Жәнібекпен сол жақта табыстым. 7 жасар баланы анасы қолынан жетектеп әкеліп, маған табыстады. Содан қауырт жұмыс басталды. Арада біраз уақыт өткенде Жәнібек өз қатарластары арасынан оқшауланып, өзгелерден оқ бойы озық екенін байқатты. Содан бұл балаға бүкіл көңілімді бөліп, бар білгенімді үйрете бастадым. Бірде мынадай қызық жағдай болды: Қауырт жұмыстан қолы бір сәтке босап, ауылға келген Бауыржан аға: «Қалай, жұмысың оңды ма? Жыландыда мықты жігіттер бар ма екен?» деп тіл қатты. Сол мезетте мен: «Аға, бір үйір жылқының ішінен нағыз дүлдүлді жазбай таныдым. Бойында бұла күш бұлқынып, көзі жанып тұр, қарап тұрыңыз, бұл бала келешекте әлем чемпионы атанып, қазақтың мақтан тұтар ұлына айналады» деп, қасымдағы жасы әлі 10-ға да толмаған Жәнібекті көрсеттім, – деп атақты боксшының жеке бапкері Мұрат Сиқымбаев өткенді еске алды.
Уақыт оза білікті маманның айтқаны айнадай келді. Ел біріншілігіндегі жеңісінен кейін Қазақстан ұлттық құрама командасы сапына қабылданған Әлімханұлы 2013 жылдың шілде айдында Иордания астанасы – Амманда Азия чемпионы атанды. Арада үш ай өткеннен соң төрткүл дүниенің дүлдүлдері Алматыда бас қосты. Алатау баурайында да Жәнібек жасындай жарқырады. Бастапқы бәсекелерде әзербайжандық Сұлтан Мигидинов, мексикалық Хуан Антонио Меркадо және румыниялық Богдан Журатониді жеңсе, жартылай финалда ағылшын боксшысы шаршы алаңға шығудан бас тартты. Ақтық айқаста қандасымыз ирландиялық Джейсон Куиглиді қапыда қалдырды. Сол бәсекені тамашалау үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына ат басын арнайы бұрған еді. Елбасының көз алдында Жәнібек қарсыласын ұрып жыққанда, барша жанкүйерлердің ерекше шаттыққа бөленгенін көзіміз көрді. Сөйтіп 20 жасында Әлімханұлы әлем чемпионы атанды. Ал 2014 жылы Инчхонда алауы тұтанған жазғы Азия ойындарында қазақтың ұлы алтын тұғырдан қол бұлғап, өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді.
Осы жеңістерге масаттанған жанкүйерлердің барлығы да «енді Жәнібек Әлімханұлын тоқтататын күш жоқ» деп ойлады. Расында да сол тұста ол садақтың адырнасындай ширығып тұрған еді. Екі қолының да соққысы зілдей, қимылы ширақ, рингте өзіне өте сенімді. Бір сөзбен айтсақ, жас болса да, бас болуға лайық азамат! Сондықтан да келесі әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындарында да осы жігіттің жеңіс тұғырына көтерілетініне күмәнданғандар кемде-кем еді. Бірақ көз тиді ме, әлде сөз тиді ме, әйтеуір, содан кейін-ақ Жәнібектің жолы бір оңғарылмай-ақ қойды. 2015 жылғы Азия біріншілігінде өзбекстандық Бектемір Мелекузиевтен ұтылса, әлем чемпионатында ирландиялық Майкл О’Рейллиге есе жіберді. Екі ретінде де ол жеңіс тұғырына сынық-сүйем қалғанда сүрінді.
Десек те осы сәтсіздіктерден кейін де жас боксшыға деген ел сүйіспеншілігі еш суыған жоқ. Керісінше, көп кешікпей бір жақсылықтың болатынына сендік. Әсіресе Рио Олимпиадасы қарсаңында Жәнібектің жолына үмітпен қарап, дарынды жасты жеңіс тұғырынан көрсек деп армандадық. Алайда ол сенім ақталмады. Ширек финалда қандасымыз ойда-жоқта Қазақстанда туып-өскен әзербайжан боксшысы Шамран Шахсуварлыдан ұтылып, елге еңсесі түсіп оралды.
Соңғы рет Жәнібек 2017 жылы Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында күш сынасты. Бұл жігітке не болғаны белгісіз, бастапқы бәсекелердің бірінде есімі көпшілікке беймәлім қостанайлық Михаил Коханчикке есе жіберді. Тіптен, рингке шыққан бетте жұдырықтасуға зауқы соқпай, жеңісті өз қолымен қарсыласына ұстата салғандай көрінді бізге. Содан кейін Әлімханұлы спортсүйер қауымның назарынан тыс қалды.
Жуырда Жәнібек кәсіпқой боксқа ауысатыны жайында мәлімдеп, БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық жаттығу өткізді. Белгілі менеджер Эгис Климаспен «тіл табысып», Америкаға аттанып бара жатқанын айтты. Ал күні кеше қазақ боксшысының Боб Арум жетекшілік ететін «Top Rank» компаниясымен келісімшартқа отырғаны белгілі болды.
86 жастағы Боб Арум кәсіпқой бокс әлеміндегі ең беделді тұлғалардың бірі әрі бірегейі. Сонау 1962 жылы ол әйгілі Флойд Патерссон мен атышулы Сонни Листон арасында чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек ұйымдастырып, өз есімін дүйім жұртқа мәшһүр етті. Әр жылдары Мұхаммед Әли, Джо Фрейзер, Джордж Форман, Марвин Хаглер, Роберто Дюран, Карлос Монсон, Томас Хирнс, Хулио Сесар Чавес, Шугар Рэй Леонард, Оскар Де Ла Хойя, Эрик Моралес, Мигель Котто, Мэнни Пакьяо, Флойд Мейвезер және тағы да басқа көптеген шоқ жұлдыздар жоғарыда есімі аталған абыз ақсақалдың шапағаты мен қамқорлығын көрді. Қазіргі кезде де Боб Арум басқаратын ұйымда Василий Ломаченко мен Теренс Кроуфорд бастаған дарабоздардың қалың шоғыры өріп жүр. Енді сол азамат 25 жастағы қазақ жігіті Жәнібек Әлімханұлын кәсіпқой бокс әлемінің ең ұшар шыңына шығарады деп үміттенеміз.
Ал Жәнібектің өзі жаттығу жұмыстарын бастап, жекпе-жекке шығамын деп жұлқынып тұр. Сөз жоқ, даңқты Боб Арумен жұмыс істеу осы спорт түрін серік еткен әрбір азамат үшін үлкен мәртебе. Оның үстіне, қандасымыз кілең саңлақтармен бір залда даярланады. Жұлдыздармен бірге жаттығып, бірге жүрудің өзі кәсіпқой бокста алғашқы қадамдарын жасап жүрген Жәнібек Әлімханұлына ерекше рух беретіні даусыз.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ