40 жылдан кейінгі сәтсіздік
Дәл осыншама жыл бойы әлем чемпионаттарындағы алғашқы ойындарында Бразилия ешқашан ұпайдан шашау шығармапты. Алғашқы ойындарын үнемі жеңіспен бастап отырған екен. Швейцарияға қарсы өткен ойын бразилиялықтар үшін жақсы басталып еді. Кездесудің 20-минутында Фелипе Коутиньо алыстан жойқын соққы бағыттап, есеп ашқан.
Алайда «селесао» ойыншылары басымдықты ұстап тұра алмады. Екінші таймда Швейцария футболшысы Цубер таразы басын теңестірді. Неймар, Жезус, Коутиньо, Фирмино бастаған сайыпқырандар қанша шабуылдағанымен, жеңісті голға шамалары жетпеді. Әлемнің 5 дүркін чемпионы Бразилия енді 22 маусым күні Коста-Рикамен кездеседі.
Жанардан аққан жеңістің жасы
Германия әлем чемпионы бола тұра, алғашқы ойынын жеңіліспен бастады. Мексика құрамасы кішігірім сенсация жасады. Колумбиялық бапкер Осарионың керемет тактикасының арқасында Мексика 1:0 есебімен бундес командадан басым түсті. Ойын аяқталған соң Мексика шабуылшысы Хавьер Эрнандес жанарына жас алды. Бұл елдің жанкүйерлері де әлем кубогін ұтқандай қуанып, Мәскеуде үлкен той жасады.
Айта кетейік 1998 жылы чемпион болған Франция келесі біріншілікті жеңіліспен бастаған. Ал одан кейін Италия мен Испания да тура осындай жағдайды бастан өткеріп еді.
Мексика құрамасы енді 23 маусым күні Оңтүстік Кореямен кездеседі.
Калинич командадан қуылуы мүмкін
Хорватия құрамасының шабуылшысы Никола Калинич командадан қуылуы мүмкін деп хабарлады әлемдік БАҚ. Команданың бас бапкері Златко Далич Николаны Нигерияға қарсы өткен ойынның 85-минутында алаңға шығармақшы болған. Алайда Никола алаңға шығудан бас тартады. Бапкер тапсырмасын орындамағаны үшін ол командадан қуылатын секілді.
Хорватиялық тілшілердің жазуы бойынша, «Милан» сапында өнер көрсететін Калинич бапкерге бұрыннан риза емес екен. Негізгі құрамда алаңға шығуды жоспарлаған Никола қосалқы құрамда қалғанына қатты қапаланған. Бұл оқиға «шақпақ жейделілер» үшін жағымсыз әсер бергені анық. Естеріңізге сала кетсек, Хорватия Нигерияны сол ойында 2:0 есебімен жеңген еді.
Погба голынан айырылды
ФИФА Франция құрамасының жартылай қорғаушысы Поль Погбаның соққан голын Әзиз Бехичтің атына жазды. Франция – Аустралия арасындағы ойынның 81-минутында Поль Погба қарбаласқан сәтте қақпаға гол соғып, Франция жеңісті жұлып әкетті. Төрешілер хаттамаға гол авторы Поль Погба деп жазды. Бірақ кейіннен бейнеқайталаудан анықталғандай, голдың авторы Аустралия құрамасының қорғаушысы Әзиз Бехич екен. Жаңадан енгізілген бейнеқайталау жүйесі осындай шешімге келіпті. Енді бүкіл статистикалық хаттамалардың барлығында кеткен олқылық қайта түзетіледі.
Франция құрамасы келесі ойынын 21 маусым күні Перуге қарсы өткізеді.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»