«Екі тарап бойынша келіссөздер әлі жүріп жатыр. Жекпе-жек уақытын 6 қазанға жоспарлап отырмыз. Алдағы жоспарда төрт кездесу бар. Конор, Тони Фергюсон, Сен-Пьер және жартылай орта салмақ чемпионымен», деді А.Нурмагомедов.
Осыған дейін Хабиб Нурмагомедов 6 қазанда жекпе-жек өткізетіні туралы айтып қалған болатын. Ол бұл кездесуде сәуір айында америкалық спортшы Эл Яквинтадан жеңіп алған чемпиондық белдігін қорғайтын болады.
Федерер 98-жеңісіне қол жеткізді
Швейцариялық теннисші Роджер Федерер Штутгартта өткен турнирде жеңімпаз атанды. Финалдық сайыста Федерер канадалық Милош Раоничпен кездесіп, 6:4, 7:6 есебімен жеңіске жетті.
Бұл 36 жастағы Федерердің мансабындағы 98-ші, ал осы маусымдағы үшінші жеңісі. Ол осы жылдың ақпан айында 2012 жылдан бері бірінші рет әлемдік теннис рейтингісінде бірінші орынға көтеріліп, АТР тарихында бірінші орынға шыққан жасы ең үлкен (36 жас 6 ай) теннисші атанды.
Роджер биылғы рейтингіде 7 апта бойы бірінші орыннан түскен жоқ. Ол ең алғаш 2004 жылы рейтингіде алғашқы орынға шығып, 309 апта бойы өз орнын ешкімге берген жоқ еді.
Ресейге трактормен келді
Германиялық қарт футбол жанкүйері Гурберт Вирт Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатын тамашалау үшін трактормен келген.
Вирт Германияның Форххайм қаласынан Мәскеуге дейінгі аралықтағы 2,5 мың шақырым жолды жүріп өткен. Ол мінген трактор 1936 жылы құрастырылған. «Ресей жолдарында ешқандай келеңсіздікке тап келген жоқпын. Жол бойы тек бес мәрте ғана жол полициясы тоқтатты. Оның біреуі естелік суретке түсу үшін», дейді Вирт.
Жексенбі күні әлем чемпионатының «F» тобындағы Германия – Мексика кездесуі Мәскеудегі «Лужники» стадионында өтіп, мексикалық футболшылар 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Ойын алдында Мәскеу қаласының спорт және туризм департаментінің басшысы Николай Гуляев Виртке Германия-Мексика матчына билет берді.
Дайындаған
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»