Аймақтар • 19 Маусым, 2018

Шымкент зоо­ло­гиялық саябағында «Аф­рика» аймағы ашылды

1166 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жазғы демалысқа шыққан бала атаулының көңілін аулайтын, уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасайтын орындар жетерлік. Солардың бірі де бірегейі зоосаябақ болып тұр. Елімізде 3 зоосаябақ болса, соның бірі Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. 

Шымкент зоо­ло­гиялық саябағында «Аф­рика» аймағы ашылды

Шымкент мемлекеттік зоо­ло­гиялық саябағын жаң­ғыр­ту мақсатында қайта құру жұ­мыс­­тары жүргізіліп, күні кеше «Аф­рика» аймағы ашылды. Жал­пы, «Африка» зоологиялық аймағының құрылыс жұмысы өткен жылдың сәуір айында бас­талған. Жоба құны – 627 114 000 теңге. Бұл жақта ке­мір­гіштер, сирақты құстар, жырт­қыш мысықтар мен бауырымен жорғалаушылар – африкалық саваннада мекен­дейтін жануар­лар үшін 8 тұрақ салынған. Вольерге жақын жерге сусиыр ор­наласқан. Табиғатқа мейлінше жақындастырылып жасалған аймақ жануарлар үшін ыңғайлы. Павильондар ашық табиғи ортаға бейімделген. Зообақ директоры Нұрғазы Бұхарбаевтың айтуын­ша, «Африка» аймағы еліміз тұр­мақ, ТМД елдерінде жоқ жоба. 

Айта кетейік, Шымкент зообағы сирек кездесетін және жойы­лып бара жатқан жан-жа­нуарларды сақтап, оларды кө­бейту мақсатында 1980 жылы құ­рылған. Ол кезде зообақта 75 түрлі аң болса, бүгінде 249 түрлі 2 565 жануарға жеткен. Жалпы аумағы – 29 гектар, оның 19 гектары түрлі экспозицияға арналған саябақтағы «Африка» аймағының ашылуына байланысты жан-жануарлармен толықтыру ма­қ­са­тында «Еуразия» құра­мын­дағы зообақтардан аңдарға тағы сұраныс берілген. Яғни аң түрлерінің саны тағы да артпақ. Сондай-ақ мұнда келу­ші­лер саны да жыл сайын арта тү­суде. Мысалы, 2017 жылы ке­лу­­шілер саны 426 мыңға жет­се, осы жылдың 3 айында 60 мың­­нан астам адам келген. Айт­пақ­шы елорданың 20 жыл­ды­ғына Шымкент қала­сы­ның тұр­ғындары атынан Астана қа­ла­сына жануардың 20 түрі жеткізілмек. Нақтырақ айтсақ, елордаға Шымкенттен арыстан, Амур жолбарысы, пума, қоңыр аю секілді жыртқыштар мен кезқұйрық, тілеміш, тазқара, үкі құстары және басқа да жануарлар тарту етілмек.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы