Қазақстан • 20 Маусым, 2018

«Қорқыт даласы» – ноғай суретшісінің көзімен

848 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ноғай – қазақпен аталас жұрт. Заманында қазақпен қоңсы болып, Еділ мен Жайықтың бойын ен жайлаған ел патшалық Ресейдің қанқұйлы саясатынан жер бетінен жоғалып кете жаздағаны шындық. Қарға бойлы Қазтуғанның Еділмен қайырылысуын ата қоныстан айырылып, іші шерге толған халқымыздың реквиемі десе де болады. 

«Қорқыт даласы» – ноғай суретшісінің көзімен

Болмысын бүгінгі қазақ руларының дені құраған сол ноғайдың суретшісі Әлібек Қойлақаев Қызылорда қала­сындағы көркемсурет галереясында «Қорқыт даласы» деген атпен жұртшылыққа он күндік көрмесін ұсынды.

Әлібек Баймұратұлы Қой­­ла­қаев 1982 жылы Ре­сей­дің Дағыстан Респуб­ли­ка­сы айма­ғындағы Те­рекли-Мектеб айма­ғына қарас­­ты Ноғай ауданында дү­­ниеге келген. Сурет салу өне­ріне 3-4 жасынан ден қойған қыл­­қалам шебері Да­­ғыс­­танның Махачкала қала­сындағы көркем- сурет учи­­лищесі мен Краснодар мем­лекеттік мәдениет және өнер уни­верситетінде білім алған екен.

Қасиетті Сыр өңірі түбі бір түркі халқы үшін құт­ты мекен. Мұнда барлық тамырлас түркі бұтағы үшін ортақ баба Қорқыт дүниеге келіп, әз денесі мәңгілік дамыл тапқан. Осындай тарихи жерге келген ноғай суретшісі өзін атамекенінде жүргендей сезінгенін айтады.

– Осы сапарымда Қорқыт ата кешеніне арнайы бардым. Одан алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ерекше толқыныста болдым. Өздеріңіз де байқаған шы­ғарсыздар, менің шығар­машылық жолым­дағы негізгі тақырыбым – түркі әлемі. Бүгінгі көрме та­қы­рыбы да соған сәйкес. Қор­қыт ата­дан бастап Еділ пат­ша, То­ми­рис ханшайым, Едіге батыр, Шыңғыс хан секілді көп­теген суреттерді жа­рыққа шы­ғардым. Бұл – менің жаны­ма өте жақын. Сон­дықтан осы бағытта үнемі ізденісте жүремін. Әрбір ұлт өзінің түп-төркініне үңілуге тырысады, біз қазақ халқымен өте жақын, туыс екенімізді білеміз. Сол себепті бауырлас қазақпен етене жақын араласуға ниет танытамыз. Бүгінде ноғайдың жалпы саны 110 мыңға жуық. Олар­дың 103 мыңға жуығы Ре­сейде тұрады. Түбі бір түр­кі жұртының тарихы мен тұлғаларын қылқалам ұшында сөйлетуге тырысамын, – дейді ол.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен көрмеде Әлібек Қойлақаев жергілікті жас суретшілерге шеберлік сағатын өткізді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы