19 Ақпан, 2010

“БАЯНАУЫЛДЫҢ АТАҒЫ ҰЛЫЛАР ТУҒАН АУЫЛДАРЫМЕН ДЕ АРДАҚТЫ...” – дейді аудан әкімі Қорабай ШӘКІРОВ

1437 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін
– Биылғы қыс сақылдаған аязымен есте қалды. Баянауылдың тау бау­райында отырған шалғайдағы ауылдарының жай-күйі қалай? – Біздің елдің табиғаты қысы-жазы көркі кісі аузынан түспейтін сұлулық ортасында тұр ғой. Адуынды қыстың бұлай мінез көрсеткенін бір ғана осы жылы көріп тұрғанымыз жоқ. Өзіңіз айтқандай, тау баурайында отырған ауылдарымыз Баянауылдың жараты­лыстан өз болмысына сай төл табиғаты­на, қатаң қысына, жайдары жазына әбден үйренген. Ақ қарлы шыңдар, бірінен бірі асып түсетін көгілдір көлдері, тастарының өзін тесіп өсіп шығатын арша ағаштары, әр жартаста бұққан қалың шежірелі сырлар, қыста бұйыға қар жамылған ауылдарымыз – бәрі де осы елдің адамдарының өткенінен бері бірге жасасып келе жатқан құты мен игілігі, киесіне айналған. Тау баласын қыраны көкте қалықтаған тау сақтайды дейді. Ауылдарымыз аман-есен. Ата-бабадан келе жатқан дәстүріне сай төрт түлік малын бағып, туған ауылдарынан аттап алысқа қашпай елдің бір бұрышын сақтап, бала-шағасын өсіріп, түтін түтетіп отыр. Елбасының жыл сайынғы жолдауларынан туындаған тапсырма­ларына сай ортақ қызмет атқарып келеміз. Ауданымыздың жалпы жер көлемі 1850,7 мың га, соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 1697,5 мың га, оның 50,8 мың гектары егістік, 151,2 мың га, тыңайған жер, 9,9 мың гектары шабындық, 1486 мың гектары жайылым жерлер. Аудан аумағында көлемі 50,5 мың гектарды алып жатқан Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи парк орналасқан. Біздің Баянауыл ауданында 28 мыңдай халық, өз ұлтымыздың ниеті мен пейіліне сай тірлігі бар қаймағы бұзылмаған қазақы аудан болып саналамыз. Ел басқарған әкім өз ауданындағы әр ауылдың жағдайын алақандағыдай біледі деп ойлаймын. Ауылдықтармен жыл сайын өтетін есепті кездесулердің екі жақты пайдасын да көріп жүрміз. Алғашқы кездесулерде тұрғындар тарапынан шешімі күткен көптеген сұрақтар алдымыздан шығатын еді. Қазіргі уақытта өткен жылы халыққа берген уәделерді орындап, бірқатар шаруалар жүйесін атқардық. Мәдениет үйлері мен кітапханалар ашылды, Торайғыр, Егінді­бұлақ, Ақмектеп ауылдарындағы теле­фон байланысы іске қосылды, нан баға­сы төмендеді. мектеп жанынан ша­ғын орталықтар ашылды. Аудан орталы­ғында шағын сүт зауыты іске қосылды. Жыл­дан жылға көптеген күрделі мә­селелерді шешуге халықтың өзі жұмы­ла көмекте­суде. Бүгінгі күні шешімін күт­кен, жыл сайын айтылып қала беретін шаруалар да аз емес. Өкінішке орай, біз­дің аудан әкімдігінің қолынан келмей тұр. – Ол сонда қандай мәселелер? Ауылдықтар үшін аса қажетті ауыз су мен жол жағдайы қандай күйде? – Біздің қолымыздан келмейтіні, өзіңіз айтып отырғандай, Баянауылдың тау баурайында аудан орталығынан шалғайда отырған шағын елді ме­кендерге, яғни, қазіргі шаруа қожа­лықтары орналасқан, бұрынғы қыстақ­тарға электр жарығын жеткізу мәселесі. Былайша айтқанда, іргемізде ғана Екібастұздың алып электр станса­лары тұр. Ал, біздің алыстағы ауылдар жарыққа зар болып, аспандағы айға қол созумен отырғандай. Айтса айтқандай, жалпы ауданда соңғы бес жыл ішінде “Ауыз су” бағдарламасы шеңберінде ауылдар үшін маңызды болып табыла­тын ауыз су жеткізу, жол жөндеу мәсе­лелері қолға алынып, бұл жұмыстар жоспарлы түрде кезең-кезеңмен жүргізі­ле бастады. Бүгінгі күндері аудан бойынша шалғайдағы ауылдарға сумен жабдықтайтын КБМ блок модульдері орнатылды, ал енді, Жуантөбе, Қара­томар, Ұзынбұлақ, Ақсан, Күркелі ауылдарында су келіп тұратын арнайы жабдықтау су құбырлары іске қосылды. Алдағы жылы Майқайың кентінде де сметалық құны 559 миллион 769,0 мың теңге болатын су құбырын қайта жөндеуден өткіземіз. Сонымен қатар, алдағы жылы “Жол картасы” бағдар­ламасына орай Майқайың-Екібастұз қаласы аралығындағы су құбыры жүйелерін қайта жөндеуден өткізу үшін қыруар қаражат бөлінбекші. Әрине, ауылдықтардың көңілдерін қынжылтар жол мәселесі екені белгілі. Аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 356 шақырымды құраса, шаруашылық аралығындағы жолдар 98,7 км. Жолдардың жағдайы сын көтермейді. Ал, Баянауыл-Угольное, Қаражар-Южное, Алексеевка-Жаңажол, Жаңаті­лек-Жаңа Жайма жолдары күрделі жөндеуді, басқа жолдар орташа жөндеуді қажет етеді. Өткен жылы аудандық бюджеттен 14169 мың теңге бөлініп Жаңатілек, Қызылтау, Құндыкөл, Шөптікөл ауылдарының жолдары жөнделгендей болып еді, биылғы кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан жол жөндеуден атқарылған жұмыстар сапасына сын айтылды. Алдағы уақытта жол жөндеуде дұрыс бақылау мен тек­серіс жасап барып, сапасына қадағалау жүргізетін боламыз. Бұл мақсат үшін “Жол картасы” бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен бөлінген 24 миллион 200,0 мың теңге көлеміндегі қаржыға аудан орталығы Баянауыл ауылының ішкі жолдарын және Жасыбай демалыс орнына баратын кіреберіс жолдарды жөндеу қарасты­рылса, аудандық бюджеттің 15750,0 мың теңгесіне аудандық маңыздағы 1,7 шақырым жолдарды жөндеу де жоспарланған. Мысалы, Шоман, Сарт, Қойтас, Ақши сияқты ауылдарға дейін баратын жолдар жөнделеді. Бұрынғыдай емес, қазір ауылдарымызда телефон байланысы жақсарды. Өткен жылы Теңдік ауылында 100 нөмірлік автомат­тандырылған спутниктік қондырғы орнатылды. Сонымен қатар, Майқайың кенті, Үшқұлын, Шөптікөл, ЦЭС, Сұлужон, Бірлік, Ақмектеп, Торайғыр, Қызылшілік, Александровка, Ақсан, Қаражар, Шоман, Лекер ауылдарында радиожелілігі арқылы жұмыс істейтін 900 нөмірлік телефон байланысы орнатылды. Биыл “Баянауыл-Жуантөбе” бағыты бойынша 10 миллион теңгеге радиожелілік байланыс жүйесін орнату әрі қарай жалғастырылады. – Сіздердің жерлеріңізде көмір өндіретін “Майкөбен-Вест”, “Гамма”, “Майқайың алтын” сияқты компаниялар бар. Олардың әлгі сіз айтқан күрделі мәселелерді шешуге қаржылай бір көмектері болмай ма? – Неге болмасын? Бұл өндіріс орындарында біздің ауылдардың, Майқайың кентінің тұрғындары еңбек етеді. Дағдарыс уақытында жұмысшы­ларын қысқартқан жоқ. Бәрі де өз орындарында еңбек етуде. Басқа да әлеуметтік бағыттағы шаруаларға демеушілік жасайды. Тау баурайында отырған шағын ауылдарға жарық тартып беру жүйелі, мақсатты түрде жүзеге асуы керек секілді. Әрине, үлкен қаражатты да керек етеді. Бірақ, сол қаражатты мыңғыртып мал бағып отырған шаруа қожалықтары елге пайдасын тигізердей өз өнімдерінің арқасында жақсылыққа-жақсылық деп қайтарып берері де сөзсіз. Есесіне, мал басы, ет көбейеді. Шалғайдағы ауылдан ел көшіп кетіп қалмайды. Жарық бар жерде өмір бар. – Болашағы жоқ ауылдар деп бір жылдары Баянауылдың шағын ауылдары қысқартуға да ілініп кетіп еді ғой?.. – Иә, ондай жағдай орын алды. 2004 жылдың басында аудан бойынша 96 ауыл болды. Өкінішке орай, 2004 жылы 17 елді мекен, 2005 жылы 42 елді мекен мемлекеттік тізбеден шығарылды. 2006 жылдың 1 қаңтарынан бері аудан бойынша 37 елді мекен есепте тұрса, 2007 жылдың 14 желтоқсанынан бастап облыстық мәслихат пен облыс әкімді­гінің қаулысына сәйкес ауданның әкімшілік-аумақтық құрылысына 3 елді мекен қайта енгізіліп, қазір аудан бойынша 40 елді мекен есепте тұр. – Ауылдардың арқасында Баян­ауылдың тау етегі малға байыған үстіне байи түседі дейсіз ғой. Ауданның мал шаруашылығы саласы соңғы жылдары қандай нәтижелер көрсетті? – Жалпы, өткен жылғымен салыс­тырғанда ауданымызда ірі қара мал басы 8 пайызға, қой мен ешкі 10 пайызға, жылқы 7 пайызға, құс 9 пайызға өсті. Баянауылда 166 мың қой-ешкі, 17 мың жылқы, 72 мың ірі қара мал бар. Былтыр 23 мың тонна ет сатылды. Жері шұрай­лы, құнарлы өлкеде жайылған малдың дәмді етімен тек өзімізді ғана емес, өн­дірісті Екібастұз қаласын да қамтамасыз етіп отырмыз. Асыл тұқымды Еділбай қойын Жүсіпбек Аймауытов атындағы ЖШС және асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырын “МТС Жайма” серіктестігі өсіреді. Ағымдағы жылдың басынан бері “МТС Жайма” серіктестігі ауыл шаруа­ларына 22 бас асыл тұқымды бұқа сатып 1 миллион 600,0 мың теңге қаржылық көмек алды. Ірі қара малды бордақылап, ет өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыру мақсатындағы бағдарламаға “Жайма” серіктестігі, “Кайырбек”, “Ма­жит”, “Оразбек”, “Табыс” атты шаруа қожа­лықтары қатысып, 59 тонна ет өндіріп, 5 миллион теңге қаржы алды. Батырбек Аллабергенов басқаратын “Жайма” серіктестігі Қаратомар ауылдық аумағының тыныс-тіршілігінің жан­дануына жақсы үлес қосуда. Ауыл тұрғын­дары, жастар серіктестікте еңбек етеді. Айына 20-25 мың теңге жалақы алады. Шаруашылықтың 34 мың гектар­дай жері бар. Алдағы уақытта тұрғын үйлер тұрғызбақшы. Ет дайындау және ет өнімдерін қайта өңдеп-өткізу бойын­ша Майқайың кентіндегі “Кеңдала” ауылдық тұтынушылар кооперативі “Агронесиелік корпорация” АҚ-тан “Бая­науыл” ауылдық несиелік серіктес­тігі арқылы 30 млн. теңге несие алып, қасапхана салып, пайдалануға берді. Облыс әкімінің ірі қалаларда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің дүкенін ашу туралы тапсырмасына сәйкес “Кеңдала” АТК-нің Екібастұз қаласындағы “Лакомка” дүкенінің ішінен ауылшаруашылық тауар өндіру­ші­лерінің бөлімі ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Осы қалада шаруа­шылық құрылымдарының қатысуымен әр сенбі сайын жәрмеңке өткізіліп келеді. Өткен жылы жеке кәсіпкер Ю. Бутаков өз қаржысына сүт өндейтін ша­ғын цех қондырғысын орнатып, шағын сүт зауытын іске қосты. Бұл зауыт аудан­да сүт өнімдерін қайта өңдеу мен дайындап-өткізудің бірыңғай жүйесін қалыптастырып, ауыл шаруашылығы құрылымдары мен тұрғындардың артық өнімдерін тиімді бағаға тұрақты өткізуіне мүмкіндік туғызып отыр. Алдағы жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,2 пайызға өсіп, яғни 4171,2 млн. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Баянауыл, Қаратомар және Лекер ауылдарында қасапхана салу жоспар­ланса, “Оразбек” және “Қайырбек” шаруа қожалықтарына асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық мәртебесін беру қарастырылуда. Аудан бойынша дәнді дақылдар алқаптарының жалпы көлемі – 3540 га, оның ішінде бидай – 2460 га, арпа – 930 га, сұлы – 150 га. Со­ны­мен қатар күнбағыс – 40 га, кар­топ – 200 га, көкөніс 40 га жерге егілді Аудан бойынша ауыл шаруашы­лығы өнімдерін өндірумен 458 шаруа қожалығы мен 2 серіктестік айналысады. Өткен жылы егін шаруа­шылығында 465,2 млн. теңгенің, қайта өңдеу орын­дарында 42,2 млн.теңгенің, мал шаруа­шылығында 3574,0 млн. тең­генің, жалпы ауыл шаруашылығы саласы бойынша 4 081,0 млн. теңгенің өнімі өндірілді. – Ал шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі қандай? –Жаман емес. Ауданымызда 426 шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілері жұмыс жасайды. Нан-тоқаш өнімдерін, тәттілер пісіретін Гүлнар Тоқбаева басқаратын бір ғана “Табыс” ЖШС-де 200-ден астам адам еңбек етеді. Серіктестіктің қарамағында 8 дүкен, 4 тамақтану орындары бар. Кәсіпкер демеушілік көмек те жасайды. Ауданда 1 шағын диірмен, 1 шұжық цехы және 4 наубайхана, 6 қайта өңдеу орындары тұрақты жұмыс істейді. Екібастұз қаласында шаруашылық құрылымдары­ның қатысуымен әр сенбі сайын жәрмеңке өткізіліп келді. Жәрмеңкеде 16,8 тонна сиыр еті, 4,5 қой еті, 1,9 тонна жылқы еті, 6,5 тонна сүт пен сүт өнімдері, 1290 дана жұмыртқа, 760 литр қымыз сатылды. Қоғамдық жұмыстарға 237 адам тартылып, әлеуметтік жұмыспен 232 адам қамтылды. Ал, уақытша маусымдық жұмыстарға 400 адам тартылды, “Жол картасы” бағдарламасы аясында істелген жұмыстарға 370 адам қатысты және “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша 65 жас маман жаңа жұмысқа жолдама алды. – Мәдениет және денсаулық сақтау салаларында “Жол картасы” бағдар­ламасы арқылы не істелінді? – Өткен жылы ауыл кітапханаларын компьютерлендіру мақсатында Май­қайың кенті, Бірлік, Қызылтау, Теңдік, Көңдоң­бақ ауылдарының кітапханалары “Рабис” бағдарламасымен қамтамасыз етілді. “Жол картасы” бағдарламасы арқылы алдағы уақытта Шөптікөл ауылдық клубы­на, Сұлтанмахмұт То­райғыров атын­дағы аудандық мәдениет үйіне күр­делі жөндеу жұмыстарын жүргізу жос­парланды. Ал, музыкалық аппара­туралар сатып алу үшін 1 миллион 250 мың теңге Құндыкөл, Қаратомар, Жаңа­жол, Қаражар, Үшқұлын ауылдық клубтарына бөлінді. Жаңадан іске қосылған Күркелі, Егіндібұлақ, Теңдік ауылындағы клуб­тарды материалдық-техникалық жарақ­тандыру үшін 2 миллион 800,0 мың теңге қаражат бөлінді. Ауылдардағы кітапхана­лардың кітап қорын көбейту үшін 1,5 миллион теңге қарастырылып отыр. 2009 жылы “Жол картасы” бойынша аудан­ның 8 денсаулық мекемесін күрделі жөн­деуден өткізуге республикалық бюджеттен 13231 мың теңге, облыстық бюджеттен 6229 мың теңге, барлығы 19460 мың теңге бөлініп, есептік кезеңде толық игерілді. Жалпы, аудан тұрғындарына 34 дәрігер, 160 орта буын медициналық мамандар қызмет көрсетеді. Кадрлармен қамта­масыз етудің көрсеткіші 10 мың адамға сәйкесінше 12 және 83,2 келгенімен және биыл 4 жоғары білімді медицина ма­ман­дары жұмыс­қа тар­тыл­ғанымен аудан бойын­ша жалпы тә­жірибелік дә­рігерлер, аку­шер-гинеко­лог, рент­генолог, УДЗ маманы сияқты кадрлар жетіспейді. “Жол картасы” бағдарламасы аясында Баян­ауыл ау­дандық орта­­лық ауруха­насына 15 мил­лион теңге көлемінде күр­­­делі жөн­деу жұмыс­тары жүргізіл­мекші. Аудан орта­лығына ем­ха­на және Бір­лік, Торай­ғыр ауыл­да­ры­на дәрі­герлік ам­булатория салу жоспарлан­ды. Елбасының биылғы түскен жаңа Жолдауында саламатты өмір салтын қалып­тастыру жайлы айтылған тапсыр­маларын орындауға ауданда барлық мүмкіндіктер бар. Аудан орта­лығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Майқайың кентінде шайбалы хоккей ойынына арналған кешен пайдалануға берілді. Сонымен бірге, ауданның балалар мен жасөспі­рімдер спорт мектебінің 11 филиалында жұмыс жасайтын 23 спорт секциясы бар. Бүгінгі күні ауданда бұқаралық спортпен айналысушылар саны өсіп келеді. – Сіз осы жердің, жалпы қазақтың өткен тарихын, шежіресін жақсы білесіз. Әдебиетке, өнерге жақын адамсыз. Әр ауылында ұлылар дүниеге келген атақты Баянауыл ауданын 18 жылдай уақыт басқарып келесіз... – Қазақта бір сөз бар ғой “Ит тойған жеріне, ер туған жеріне” деген. Баян­ауыл – ұлылар, ғұламалар, даңқты Мәш­һүр атамыз, қазақтың біртуар ұлдары дүниеге келген қасиетті жер. Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемең­геров, Әлкей Марғұлан, Жұмат Шанин, Сұлтанмах­мұт, Ермұхан Бекмаханов, Қаныш Сәт­баев, Шәкен Айманов, Кәукен Кенже­таевтар және басқа да дарындар туған Баянауылыма мен әрқашан басымды иемін. Туған ел, туған жер әрқашан адамға ыстық. Ұлылар жүрген, ұлылар туған елдің бүгін­гі тыныс-тіршілігін басқарып, еге­мен елдің бір ұлы болып жүргенімді мақ­таныш етемін. Баянауыл­дың атағы ұлылар туған ауылдарымен де ардақты. Жүсіпбек Аймауытовтың ауы­лы, Жұмат Шанин ауылы, Сұлтан­махмұттың ауылы деп әр ауылымыз сол біртуар ұлдарының ат­тары­мен аталады. Ел-жұрты солай қадір­лейді. Бұл жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Мен Баянның әр баласын ұлылардың ізбасар­лары, Баянауылдың қасиетті әрбір жар­қыраған тасындай олар да ел мен жердің ертеңгі тірегі, тынысы деп білемін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы, Баянауыл ауданы. АЛАКӨЛ ДЕП АЛАҢДАҒАН АЗАМАТ “Білесің, білген соң ай­тасың” демекші, бүгінде аузын айға білеп жүрген кәсіпкерлердің жерге бірден сол айдан түсе қалмағанын біз де ептеп білеміз. Соның бірі бүгінде елімізде туризмді қайтсе дамытуға болады, деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген азаматтардың бірі  Исағали Омаралинов. Осы Исағали еліміз еге­мендікке қол жеткізіп, на­рыққа бет алғанда байланыс саласында жүретін. Облыс­тық байланыс басқарма­сының Алакөлде шағын ғана демалыс үйі болатын. Жаз шығысымен сол шағын демалыс үйінің бітіп болмас шаруасы мұның мойнында еді. Ал бұл кезде Алакөлдің басынан бағы тая бастаған-ды. Өйткені, аталған көлдің суы қанша шипалы деген­мен, мұндағы тұрмыс түйт­кіл­деріне байланысты қолай­сыздықтар, оның сыртында жолдың қашықтығы осы жерде демалғысы келген­дердің қолын байлай түскен. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз соған қарамастан жоғарыда аталған демалыс үйін жеке­шелендіріп алған. Сонда оның шатыры да жоқ еді. “Көз қорқақ, қол батыр” деп іске кірісіп кеткеннен кейін біртіндеп Жаратқанның сыйындай Алакөлдің жана­шы­рына қалай айналып кет­кенін өзі де аңғармай қалған. Расы керек, бұл көлдің халық арасында “ит ішпестің суы” деген лақап аты да бар. Солай бола тұрғанмен, оның емдік қасиетін халық ерте заманнан білген. Соның айғағындай, жоңғарлармен болған сұрапыл шайқастар­дан соң жаралы сарбазда-рымыз бен сардарларымыз Алакөлге келіп емделген. Бергі заманда көлдің ерекше қасиетін біліп алған кеңестік ғарышкерлердің өзі осы өңірге жиі келе бастаған. Соған орай қасиетті көл суы адам бойындағы радиацияны алады екен деген сөз шық-қан. Жел тұрмаса қамыс басы сыбдырламайды деген­дей, оның да  әбден жаны бар сөз болуы мүмкін. Ал осының бәрі Исағали­ға ой салған. Сондай жақсы ойлар жақсы іске себепші болған. Сөйтіп, одан кейінгі жерде ісі ілгерілей түскен. Бүгінде көл жағасындағы мұның 250 орындық “Әй­герім” атты жаңа демалыс кешенін өңір тұрғындарымен бірге сырттан келген қонақ­тар да біліп қалды. Ең алды­мен, демалушыларға қолай­лы жағдай жасалуы керек. Соған орай коттедж­­дер салғанда арзанға ұмты-лудың жөні жоқ. Міне, Исағалидың қазіргі ұстанған қағидасы осы. Ал жеңіл ойлағандар мұны бүгінде Алакөлде жатып алып, ақшаны күреп алып жүр деп ойлауы мүмкін. Кім не ойласа да өз еркі, мен бол­­сам демалу­шыларға қо­лайлы жағдай жасай отырып, еліміз­де туризмді дамытуға өз қолым­нан келгенше үлес қоссам деймін дейді бұл. Соған орай, әлгіндей кот­тедж­­­дердің іші-сырты қазіргі талапқа сай жасалып, жаб­дықталған. Оның сыр­тындағы монша, биллиард, теннис, балалардың ойын алаңдары, катер, тир ­– бәрі-бәрі демалу­шылар игілігіне арналған. Осы өңірде “Барлық-Арасан” санаторийі жұмыс істер тұр. Көлмен екі арадағы қашықтық сонша алыс емес, жиырма шақырым мөлше­рінде. Бірақ тынығушы­лардың бәрінің оған барып келуге мүмкіндіктері бола бермейді. Сол себептен де бұлардың тарапынан бұл мәселе де өз шешімін тап­қан. Ал көлден соң санато­рийге барып, ем-шипа қа­былдаудың жөні тіптен де ересен. Соның бәрі қосыла кел­генде мұнда демалушы­лар­­дың қатарын арттыра тү­сіп келе жатқандығы да рас. Енді бұлар сонау бір қиырдағы Қатонқарағайдан марал мүйізінің ұнтағын алдырып, өздерінде тағы бір емдік шараны қолға алсақ па деп отыр. Ал ондай игі шара­ны жүзеге асыру үшін үлкен қаражат керек. Сондай-ақ, ол өзін ақтау үшін біраз жыл­ды қажет етеді. Бірақ шегіртке­ден қорыққан егін екпейді демекші, үлкен шы­ғыннан қорқудың да жөні жоқ дейді Исағали бауыры­мыз. Негізгі мақсат жолында нартәуекел де қажет. Бұл жаққа келіп тынығуға ниет қылған жандардың барлық жағдайын сен ойластыр­мағанда, кім ойластырады? Айталық, алыс жолдан, Сібір жағынан келген турис­тер, ең алдымен, атбасын Семейге тірейді. Соған орай  олардың мұнда ес жиып, тынығып алуы ойласты­рылуда. Сондай- ақ, Семей­ден Алакөлге дейінгі ұзақ жол бойында шағын кем­пингтер салынатын болады. Осындай игі шараларға инвестор тарту да ешқашан ойынан шыққан емес. Мәсе-лен, жыл соңында еліміздегі Оңтүстік Корея елшілігінің өкілдерімен кездесті. Соның нәтижесінде, бұлардың Ала-көлдегі демалыс кешенінің жанынан қосымша құ­ры­лыстар жүргізіліп, 40 адамға арналған қонақ үй, биллиард залы, балалардың ойын- сауық орталығы ашылмақ. Мұның сыртында биылғы жазда бұлардың “Әйгерім” демалыс кешенінің базасын­да қазақша күрестен Азия біріншілігі өткізілмек. Бұл да біршама шығынды қажет етеді. Бірақ, солай екен деп Алакөлдің даңқын асырып, туризмді дамытуға себепші болатын шаралардан бұл қалайша сырт қалады? Бірақ, өкінішке қарай, бұлардың шамасы жетпейтін мәселелер де баршылық. Ай­та­лық, көлдің жағаны шайып, тек демалыс кешен-дері ғана емес, іргедегі Қа­бан­бай ауылына да қатер төндіріп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Рас, бұл мәселеде қозғалыс та жоқ емес. Соңғы екі жыл­да облыс, Үкімет тарапынан 400 миллион теңге қаржы бөлініп, екі жүз метрдей жер­ге тас пен топырақтан бөге­сін жасалды. Бірақ жағалау­дың әлгіндей қауіпті тұсы екі- үш шақырымға созылып жатқанын ескерсек,  бұл мәсе­леде әлі де қуаныштың ауылы алыс. Сонсоң жол қатынасы мәселесі таусылып болмас жырға айналып келеді дейді бұл жабыға сөйлеп. Көршілес Қытай елі тарапынан Бақ­тыдан Алматы трассасына қарай тартылып жатқан екі жүз шақырымдай ғана жол-дың бес жылда небәрі қырық-ақ шақырымы жөн-делді. Мұндай қарқынмен оның қашан түпкілікті біте­тіні белгісіз. Биылғы жазда аудан орталығы Үр­жарға Семей мен Өске­меннен ұшақ ұша­тын болды. Әйтеуір, жақсылық жасалған соң ол неге ақырына дейін жетпейтіні түсініксіз. Мәселен, Үржарға бұған қо-сымша Алматы мен Астанадан ұшақ ұшып жатса нұр үстіне нұр емес пе? Мұның сыртында Жа­лаң­ашкөлге келіп тұр­ған темір жолды Қабанбай ауылына дейін созса, көлге қатынас мә­селесі біржола шешіл­ген болар еді. Ал осы екі арадағы қашықтық небәрі елу-ақ шақы­рым. Үкіметтік дең­гейдегі бұл мәселе өз шешімін тауып жатса, Қабанбай ауылы өз- өздігінен туризм орталығы болып шыға келер еді дейді И.Ома­ралинов. Мұның Семейдегі ойын-сауық кешені де “Әйгерім” деп ата­латындығын білетін­біз. Сөз соңында одан осының сырын сұрағанбыз. Сөйтсек, Әйгерім екінші баласы екен. Сол Әйгерім өмірге келгенде өзіндік қыр-сыры мол туризм саласын­дағы кәсібін бастап кетіпті. Сондықтан қалай болғанда да Әйгерім біз үшін жол­дыаяқ болды дейді бұл. Қа­зірде сол Әйгерім де, үлкені Серік те өз алдарына түтін түтетіп отырған кө­рінеді. Ал жасым қырықтан асқанда Нұрәли, Әлинұр есімді екі егіз ұлдың әкесі атандым. Өзіме барлық мәселеде көмекші болып келе жатқан Надяға да, жалпы өміріме де еш өкпем жоқ дейді Исағали. Алакөл деп алаң көңіл­мен шапқылап жүрген аза­маттың бар сыры да, шыны да осы ма дейміз. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы. ІЗГІ МАҚСАТТАРҒА ЖОЛ АШҚАН ЖОБА Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Шилі­бастау темір жол бекетінің шығысындағы ашық алаң­да өткен жылдың соңғы айында “Қазақстан-Қытай” газ құбыры салтанатты ашылып, екі ел ара­сындағы жаңа қарым-қатынас басталғанына куә болдық. Аталған жоба бойынша алғашқы келісім-шарт 2007 жылғы тамыз айында жасалып, құрылыс жұмыстары 2008 жылғы 10 шілдеде қолға алынған. Содан бергі мерзімде 4000 астам жұмысшы жұмылдырылып, Түркіменстан жерінде – 170, Өзбекстанда – 529, Қазақстанда  1304,5 шақырымға созылған ғасыр жобасы жүзеге асқаны аса ұқыпты­лықты көрсетеді. Ұлы мақсатты орындауға Қазақстан мен Қытай жағынан бірлескен “Азия газ құбыры” ЖШС құрылып, оның жұмысына Қазақстан жағынан “ҚазМұнайгаз” ұлттық компаниясы, Қытай жағынан “Trans-Asіa Gaz Pіpelіne Company Lіmіted” компаниясы қатысып, өзара түсіністікпен жұмыла жүргізілген жұмыс нәтижесін көрсетті. Айта кететін жәйт, қытайлық “СРР” компания­сының құрылысшылары ең қысқа мерзім аралы-ғында барлық дәнекерлеу жұмыстарының тиянағын келтіріп, Қазақстан-Өзбекстан аумағында 1900 шақырым құбыр желісін игергендігі. Сол жиында бұл газ құбыры құрылысының тарихында бұрын кездеспеген қарқын деп бағаланды. Ал, “ҚазТрансГаз” акционерлік қоғамы Павлодар бөлімшесінің құрылысшылары қопару-бұрғылау, тегістеу, өткелдер жасау жұмыстарын сапалы атқаруымен бірге жоғары қарқынға ілесе білген. Күйік асуындағы 5 шақырымды, Теріс және Шақпақ өзендеріне өткел жүргізуді, басқа да күрделі құрылыс жұмыстарын ықтиятты орындап, олар барлығы 650 шақырым қашықтыққа құбыр төсеген. Бұл жұмыстарда Ресейден жеткізілген диаметрі 1067 миллиметрлік құбырларды қос желімен тарту жүзеге асырылғаны да үлкен жаңалық деп бағаланды. Бір сөзбен айтқанда, құнды жобаның қысқа мерзімде ел игілігіне айналуына барлық мүмкіндік, адам күші пайдаланылғаны анық байқалды. Аталған газ құбыры арқылы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарының елді мекендері енді табиғи газбен қамтылады деп күтілуде. “Қазақстан-Қытай” газ құбыры арқылы ағымдағы жылдан бастап Қытайға жылына 13 млрд. текше метрге дейін қазақ газы тасымалданбақшы. Бұл көрсеткіш 2013 жылы 30 млрд. текше метрге дейін өседі деп болжам жасалуда. Құнды жобаны игеруге 7,5 млрд. долларға жуық қаражат жұмсалса, оны Қытайдың даму банкі несие ретінде ұсыныпты. Газ құбырын тарту одан әрі жалғасуда. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.nature.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.darі.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.kz Қаржы министрлігі           www.mf.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет және ақпарат министрлігі            www.sana.gov.kz Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі           www.memr.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Индустрия және сауда министрлігі              www.mіt.kz Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі             www.auzr.kz Байланыс және ақпараттандыру агенттігі ww.alc.gov.kz Статистика агенттігі                            www.stat.kz Көші-қон және демография агенттігі                           www.demomіgratіon.kz