Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің басты факторы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Басқосуда алғашқы баяндаманы Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаев жасап, жиылған жұртшылықты алдағы келе жатқан тәу етер Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық айтулы мерекесімен құттықтады. Жиында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы, қоғам қайраткері Оразалы Сәбден, «Мемлекеттік тіл» қозғалысы төрағасының бірінші орынбасары Смағұл Елубай, Қырғыз-Түрік университетінің профессоры Қ.Қоңқобаев және Мармара (Түркия) университетінің профессоры М.Качалын мемлекеттік тілдің болашағы туралы кеңінен сөз қозғады. Сонымен бірге конференцияға Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әлібек Асқаров та арнайы келіп қатысты.
«Мемлекеттік тіл – барша қазақстандықтарды біріктіретін негізгі фактор ретінде Тәуелсіздіктің басты белгісі әрі рухани байлығы. Сондықтан да ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өтіп жатқан бүгінгі конференцияның маңызы өте зор. Ол еліміздегі мемлекеттік тілдің дамуына талдау жасау мен оның қолданыс аясының кеңейе түсуіне ықпал етер тың ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді», – деді шараны ұйымдастырушылар.
Конференция аясында Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша «Жазушы», «Аруна LTD», «Өлке», «Дәуір», «Аударма» баспалары мен «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС биылғы жылы шығарылған кітап өнімдерінен көрме ұйымдастырды. Онда 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», «Әлем балалар әдебиетінің інжу-маржандары», «Әлемдік классика», «Мен оқығанды ұнатамын», «Ертегілер елінде», «Энциклопедиялық анықтамалықтар» топтамалары және мектепке дейінгі балаларға арналған қазақ әдебиетінің ең үздік шығармаларынан аудиокітаптар қойылған.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.