15 Желтоқсан, 2011

Асулардан асқанда

381 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Күнде дау-дамай. Қызу жиын. Қызыл өңеш боп, қызу сөйлеп жатқан халық қа­лаулылары. Көбіне бірін-бірі тыңдамайды. Мінберде тұрған шешеннің сөзін бөліп немесе залдан тұрып, орнынан дауыстап, өктем сөйлейді. «Тоқтасаңызшы», «Сабыр етіңізші!» дегендерге қолын бір-ақ сілтейді. Кейде тіпті, сөйлеп тұрған депутатқа тіл тигізіп, шамадан шығып кететіндер де бар. Қысқасы, әдептен озып, өзінің пікіріне қайшы келетіндерге, не болмаса оған сыни уәж айтқандарға өре түрегеліп, дүрсе қоя береді. Сол-ақ екен, зал қақ жарылып, екіұдай болып, бұрын да қызып тұрған жиын одан бетер ширыға түседі. Бұл 1993 жылдың қаңтар айы болатын. Мен Жоғарғы Кеңеске жұмысқа жаңа кіріскен қызметкермін. «Жазушы» баспа­сын­да жиырма бес жыл жұмыс істедің ғой, тәжірибең мол. Бізге сен керек болып тұрсың» – деп, атақты да азулы сыншымыз, әдебиетіміздің аса білгірі, белгілі ұйым­дас­ты­рушы Зейнолла Серікқалиев осын­да жұ­мысқа шақырған болатын. Сөйтсем, Зекең­нің бөлімінен шығатын Жоғарғы Кеңес жаршысы бір жарым жылдан бері жарық көрмей, тоқтап қалған екен. Сенім кімге болса да қанат бітіреді ғой. Білекті сыба­нып, ынты-шынтыммен жұмысқа кірісіп кеттім. Сөйтіп, екіұдай болып даурыққан депу­таттардың қызу жиынының үстінен бір-ақ шықтым. Шынында да, талқыланып жатқан мәселе өз пікіріңді қызғыштай қорып, қы­зылкеңірдек болуға тұратын мәселе екен. Бұл – туған тіліміздің тағдыры таразы ба­сына түскен талайлы кезең, тағдырлы сәт екен. Қабылданғалы жатқан жаңа Конституция – Ата Заңымыздың барлық бабы мақұлданып, депутаттар өзара келісіп, ортақ тіл тапқанда өліспей беріспейтіндей тұсқа – бір-ақ бапқа – тіл туралы бапқа кеп, тұйыққа тірелген шақ екен. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі бе­рілсін деген пікірге қарсы шыққандар тіпті, шығандап, шектен шығып, «бұл кух­ня­ның (ас үйдің) тілі» деуге дейін барып, шаптық­қаны бар. Оларды өзіміздің қаракөз мәң­гүрт­тердің қуана қоштағаны айтпаса да түсінікті. Сондай пікірталастарға қатысқан­да асқан төзімділік пен салиқалы сабыр та­нытып отыр­­ған Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың шыдам­дылығына өз басым қайран қалатынмын. Ақыры, қаңтар айының аяғына да жеттік-ау, әзер-әупіріммен. Олай дейтін себебім, айдың аяғында дау-дамайға нүкте қойылып, қазақ тілі мемлекеттік тіл деген бап қабылданды. Біз, аударма бөлімінің қызметкерлері, Отанымыздың, халқымыздың, ұлтымыздың тағдырына тікелей қатысы бар, тек қатысы бар деу жеткіліксіз, тіл тағдырын, ұлт тағдырын шешетін ұлы мезетті балконда тұрып, бақылап көрдік. Мұндай тебіреніп, толқымаған шығар­мын. Көз жасымды тия алмадым. Бұл – ұлы жеңіс. Тәуелсіздікті біз тек қазақ тілі – мемлекеттік тіл дамыған күнде ғана жүзеге асыра аламыз. Тәуелсіздіктің басты белгісі – тіл тәуелсіздігі екені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Қазақ ұлты осы жиырма бірінші ғасыр­ға аман-есен жетсе – ол ана тіліміздің арқа­сы. Егер тіліміз тәуелсіздік биігіне шыға алмаса, онда біз де ұлт ретінде шын мәні­сінде тәуелсізбіз деп айта алмасымыз хақ. Елбасымыз болашақта астанамыз Ақмолаға көшеді деп шешім қабылдағанына да бірнеше жыл өткен кез. Кезінде бұл шешімге де күмән келтіріп, күдікпен қарағандар да болмай қалған жоқ. «Жаңа астанаға көше­міз» деп әлектеніп, аяғымыз аспаннан келіп жүрмесін!», «Өзіміз жоқ-жітік елміз, арық атқа қамшы ауырдың кері келіп жүрмесін» деушілер де табылды. Ол ол ма? «Ол шешімді Елбасының өзі де ұмытып кеткен шығар» деп кекеткендер де болды. Сөйтіп жүргенімізде астана Ақмолаға желтоқсан айында көшеді деген пәрмен бұрқ ете қалды. Біреу сенді, біреу сенбеді. Бірақ пәрменнің аты пәрмен. Ә дегеннен қауырт қимыл, жедел жұмыс басталып-ақ кетті. Көші-қонға байланысты неше түрлі міндеттер жүктеліп, жауапкершілік күшей­тіл­ді. Сонау отызыншы жылдардан бері жарық көріп келе жатқан «Жоғарғы Кеңес жаршысының» архиві біздің бөлімде бо­латын. Сектор меңгерушісі бол­ғандықтан, «Жаршының» қолда бар даналарын картон қораптарға ұқыптап салып, тасымалдауға дайындау маған жүктелді. Жоғарғы Кеңес басшылығы бұған қоса біздің жылы киім жағын қарастырып, оған арнайы бөлінген қаржыға жылы сырт киім сатып алуымызды жіті қадағалап отырды. Біз базарға барып, дубленка сатып алдық. Тіпті, ыдыс-аяқ сияқты тұрмысқа қажетті нәрселерді де ұмытпау мәселесі ескертілді. Мұның бәрі кейінірек болған жағдай. Мен үшін ең қиын мәселе – Ақмолаға бару-бармау болды. Сол тұста «Возрастной ценз» деген тәртіп шығып, Ақмолаға тек жастар барады екен деген дабыр-дұбыр көбейді. Мен болсам, сол жылы қыркүйек айында алпысқа толған едім. Енді жасы асып кеткен қызметкерлердің бірі болып, Алматыда қалып кету қаупі туды. Көшпелі бабалардың қаны әлі де тамырларымда лүпілдеп соғып тұрды ма, қайдам, әйтеуір ұлы көштен қалғым келмей, Ақмолаға барғым келіп, аңсарым ауды да тұрды. Енді шынымен мұңайып, мойиын дедім. Салым суға кетейін деді. Қорғансыздың күй­­­ін кеше бастадым. Ойға салып көрсем, мені қорғаштап, қанатының астына ала­тын­дай басшылар арасында ешкім де көрінбеді. Енді сасайын дедім. Әрине, маған «Қа­латын болдыңыз» деп, ешкім айтқан жоқ. «Баратын болдыңыз» деген де басшы бол­мады. Түнгі ұйқым төртке бөлініп, мүлде беймаза күйге түскен басым ақыры «Не де болса, басшылардың бірінің алдынан өтей­ін, шапанымды шешіп алмас» деген тоқ­там­ға бекідім. Ақы­ры ол мәселе де ор­­ны­­­­мен шешіліп, ал­­­ғашқылардың бі­р­і болып мен де Ақ­молаға аттанатын болып, көшу қа­мы­на қызу да құм­был кірісіп кеттім. Алматының ек­­­інші вокзалында митинг болып жатыр. Қа­­­лада күн суық. Бірақ, оны байқар емеспін. Көңіл тоқ. Президент бөл­гізген қаржыға базардан сатып алған қара­ғайдай қара то­ным үстімде. Ішімде қуа­ныш­қа орай тастап алған жүз грамм. Қара­құ­рым халық. Айнала қоршаған қызылжа­ға­­­­­­лылар. Өйткені, ми­тингіге жиналғандар мен жаңа астанаға аттанып бара жатқан іза­шарлардың шыр­қын ешкім бұзбауға тиіс! Митинг аяқталысымен біз купелердегі өз орындарымызға жайғастық. Вагонның іші де ыстық, біз де ыстықпыз. Қуаныштан жүрегіміз алып ұшады! Соншама неменеге қуанады деген таңданысты вокзалға шыға­рып салып, вагонға кіргізіп тұрып қошта­сып қалған ұлым Айбастың жүзінен аңғар­ғаным рас. Шығарып салуға қаламгерлер қауымы­нан келген адам болмады. «Батпағы белуардан, масасы бармақтай» деп Ақмоланы ұнатпайтындары осы тұста айқын сезілді-ау деймін іштей. Олар тұрмақ, баратын­дардың тізіміне іліге тұрып, өз еркімен бас тартып, Алматыда қалып қойғандар қанша­ма! Тіпті, менің беделді бастығым Зейнолла Серікқалиевтің осынау ұлы көшке ермегеніне таң-тамаша болғаным рас. Перронда екі рет суретке түсіріп, кар­точкасын сыйлаған белгілі фотограф, қазақ қаламгерлерінің фотошежіресін жасаған аяулы азамат Сайлау Пернебаевтың сол ескерткішін сол бір қимас сәттің, менің сол бір жұлдызды мезетімнің куәсіндей көріп, күні бүгінге дейін көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Оқта-текте қарап қоямын. Сондайда марқұм Сайлауға әзіл аралас, экспромт түрінде шығарған бір шумақ өлеңім де еске түседі: Уа, менің абзал досым Пернебаев! Жібердің атағыңды елге жайып! Мұртыңның қарасына сене берме, Мінезі бұл заманның алмағайып! Бізді аяулы Алматымыз шығарып са­лып, қол бұлғап қалды. Он алты жасымда оқуға келіп, отыз сегіз жыл ғұмыр кешіп, жарқылдаған жастық шағым өткен қала – мені ақын атандырған сүйікті қалам. Сонау Жетісайдан, Қазақстанның ең күнгей өңі­рінен қайран анашым Жаңылғаным Өкен­қы­зын көшіріп әкеліп, отыз үш жыл алақа­ным­да әлпештеген қалам енді, міне, 1997 жылдың 8 желтоқсанында артымызда қалып барады... Қимастық сезім баурайды, әрине. Ақ басты Алатауыма мен де қол бұл­ғадым. Көзіме жас үйірілді: «Осыдан бір жарым жыл бұрын дүние салған анашы­м­ның бейіті қалып барады Алатаудың бау­райында! Қош бол! Бақұл бол, Алатаудай айбарлы Анашым! Үй-жайды да, отбасы, бала-шағамды да көшірермін-ау жаңа астанаға. Бірақ, сенің басыңа келіп, тауап етіп тұрарым хақ. ... Поезд бірте-бірте жүрісін жеделдетейін деді. Әлгі сәттегі көз жасым ыршып жерге түсті де, бойды билеген уайымым да, Алматыдай ару қалаға деген қимас сезім, сағынышым да сол ыстық жаспен бірге ғайып болғандай... Беу, Алматым! Жыр тербеткен бесігім! Қош бол енді! Кешірім ет! Кешірім! Алдымда тұр құшақ жайып Сарыарқа! Қош келдің деп сылдырайды Есілім! Біз түні бойы көз ілген жоқпыз. Шат-ша­дыман көңіл. Әзіл-әңгіме. Тұманбай аға­мыз айтқандай, сырымыз да бітер емес, жырымыз да бітер емес. Құдды бір ұлан-асыр тойда отырған­дай­мыз. Бірімізге біріміз сөзге қонақ бермей, бөліп кете береміз. Елбасына риза екенімізді жарыса баяндап, жарыса мадақтаймыз. Осы қыстың кө­зі қы­рауда қандай мемлекеттің басшысы Аста­насын көшіріпті?! Қай елдің патшасы, не королі ондай бола қалған күнде де орай­ын келтіріп, қаржымен қамтамасыз ете алған?! Тіпті, Еуропа төріндегі ең мықты, әле­уетті деп жүрген алдыңғы қатардағы ел – Германияның өзі астананы Берлинге көші­руді бірнеше жылда ғана аяқтамақ. Біз Ел­ба­сын арыстан жүректі, керемет ұйымдас­тырушы екен деп түйдік. Өйткені, біздің елдегі бұл жағдай адамзат тарихында бол­ма­ғанын біз жақсы білеміз. Поезд заулап келеді тынбастан. Бай­қауымша, стансаларға аялдап жарымайды. Енді біз вагондарды, купелерді аралап, әріптестерімізбен осы көңіл-күйімізді, кеудемізді кернеген қуанышымызды бөлісу­­мен болдық. Ертесіне, сәске мұғдарында біз Ақмола­ға да жеттік. Күн салқын. Қар қылаулап тұр. Бізді оркестрмен қарсы алды. Шашу шашылып жатыр. Кешегі салтанат бүгінге ұласты. Бесінші шағын аудандағы Парламент жа­тақханасына келіп орналастық. Ақмолаға келген соң, қайран шабыт құ­сы келіп көңілге қонғандай сезіндім. Жыр жолдары төгілді ақ қағазға: Ұлы көштен қалмасқа серт бергенмін, «Астаналық» купесінде тербелдім. Алматылық ақындардың ішінен Бірінші боп, Ақмолаға Мен келдім... Алғашқы ізашарлардың бірі боп келгенімді мақтан тұтатыным рас. Өмір бақи мақтан тұтып өтетін шығармын. Алматы­лық көп замандастарым «Арқаның қырық градус аязында үсіп өлер жайымыз жоқ. Сені онда қай нағашың күтіп отыр?!» деп мені де талай қыжыртқаны бар. Бала кезімнен сырлас бір досыммен қоныс аудару турасында ақылда­сып, жігіттер осылай деп мені пұшайман қыл­ды» деп едім, досым маған күліп: «Олар­ды тыңдап жүрген сен де қызық екенсің. Ақмолаға шақырмаған соң солай демегенде не дейді?!» дегені. Сөзінің қисыны бар. Нағыз достың сөзі осы шығар дедім іштей. Сонымен Ақмолаға келіп, жұмысқа кірісіп кеттік. Таңертең жұмысқа автобуспен алып кетеді де, түсте қайта келіп, ауқат­танамыз. Кешке де сол автобус жатақханаға әкеліп салады. Олай болатын себебі, бұл қалада көлік мәселесі әлі шешілмеген қиын түйін екен. Ептеп күннің суығына да үйреніп келеміз. Енді есік алдына шығып, жатақхана ор­на­ласқан маңайды айнала шолып, айна­ланы аралайтын болдық. Бұл – төрт жа­ғы­нан төрт бес қабатты үйлер қоршаған орам екен. Орам ортасындағы төрт бұрышты алаңда маялап үйген шөп сияқты биік бір нәрсе тұр. Иісі анадайдан қолқаңды атады. Сасық болғанда сұмдық. Қасында коляс­ка­дағы сәбилерді тербетіп отырған қариялар. Астарындағы жиырылмалы орындықтарға жайғасқан. Мен қастарына келіп: – Мына сасық иіске қалай шыдап отыр­сыздар? Сәбилерге обал емес пе? – деп сұрап едім. Қатар тізіліп отырған кемпір­лердің бірі сөзшең екен. Жауапты сол қайтарды. – Немене, аспаннан түстің бе? Бұл – бірнеше жылдан бері тұрған қоқыс. Жыл санап биіктеп келеді. Содан-ақ біздің қа­ланың басшыларының қандай оңбаған екенін біле бер! – Порфирьевна, сен одан да газдың, электрдің күніне санаулы сағат қана берілетінін айтсайшы! – деп оның сөзін бөлді қасындағы қария. – Сен одан да адамның зәріндей сап-сары суды айтсайшы, – деп күңк ете қалды басында көне солдат бөркі бар еңкіш тартқан көпей шал. – Бірер теңгеден жинап, жүк маши­насын жалдасаңыздар, бір-ақ күнде тазартып, алып кетпей ма мына қоқысты? – дедім мен де қарап қалмай. Бәрі маған жабылып кетпесін. Неге айттымға қалдым. – Сендей бай емеспіз! – Сендей шікірейгендердің талайын көргенбіз! – Әке-шешең шіріген бай шығар! – Солардың арқасында шығар талтаң­дап жүргенің! – Жоқ! Бұл осында көшіп келіп жатқан шенеуніктердің бірі болса керек. Сыңайы солай! Құрып кетсін! Сәбилерге сасық иісін иіскетіп, өздері де мүңкіген боқташақты жұ­тып отырған мына қариялардың мені жеп қоятын түрі бар. Пәледен машайық қа­шыпты дегендей, үн-түнсіз дереу жылы­суыма тура келді. Енді қайтып ол маңға жоламайтын болдым. Қай қалаға, кентке не болмаса ауылға барсаң да сол елді мекенді жаяу аралайтын әдетім бар. Бір күні сол әдетіме басып, жатақханадан Парламентке жаяу бармақ болдым. Сол кездегі Карл Маркс көшесі, қазіргі Абылай хан-Кенесары көшелерін бойлап жүріп келемін. Құдай-ау, мұндай қараң қал­ған көшені көрмеген шығармын! Мықыр үйлер белуарынан жерге кіріп кеткен! Тротуар ныспы жоқ. Көше құдды бомба түскенде пайда болған ой-шұңқырлардың ұзыннан-ұзақ тізбегі. Қазақстандағы бір кездегі 19 облысты түгел аралағандықтан бәрін де білетін адамға санайтынмын өзімді. Жоқ! Білмейді екенмін. Әсіресе, мына Ақмоланы! Мұндай мешеу қала, мешел үйлерді көрмеппін! Көңілім құлазиын деді. Япыр-ау, қайда келгенбіз! Жуковка деген жердің тұсынан өтіп бара жатып, бірін-бірі теңселе қолтықтап, «Шу­мел камышқа» басқан үш еркекті көр­дім. Айналамда басқа тірі пенде баласы кө­рін­беді. Қорқайын дедім. Тезірек өтіп кеттім. Ақыры, орталық алаңға да жеттім-ау. Келсем, он алты қабат парламент ғима­ра­ты­ның алдында қауырт жұмыс қызып жа­тыр екен. Қаптаған адамнан ине шаншар жер жоқ. Бәрі жабылып, төсемтас төсеп жа­тыр, бордюрмен шегендеп, сәндеп жатыр. Әлгінде құлазып келіп едім, енді бо­­йымды қуаныш биледі! Еділдің бойы ен тоғай, Ел қондырсам деп едім, Жағалай жатқан сол елге, Мал толтырсам деп едім! – деген батыр Махамбеттің, ақын Махамбеттің жыр жол­да­ры есіме түсті. Асан Қайғы, Қазтуған, Дос­памбет, Мұрат жыраулар да арманда­ры­на жете алмай фәниден күңіреніп өтіп еді... Ұлы бабалардың аңсаған арманына жете алмаса, сол арманға Елбасы жеткізбек! Әлгінде құлазыған көңілім көтеріп сала берді! Берік сенім пайда болды. Ол – Елбасына деген нық сенім болатын! Көкейімде тағы да жыр жолдары оянды. Көрдім Елдің Ұлан асу асқанын, Болашаққа Батыл қадам басқанын! Сарыарқаның қақап тұрған қысын да Жылытты кеп, Қайсар замандастарым!   Шеру тартып, Асқар шыңға жөнедік! Қатал қысты Шат күлкіге бөледік! Аяғында жиырмасыншы ғасырдың Астанасын ауыстырған ел едік! 1998 жылдың қаңтар айының аяқ шенінде Президент өзінің Ақ залына Парламент аппаратының қызметкерлерін жина­ды. Елбасы шақырған соң тайлы-таяғымыз қалмастан сағат оннан ертерек жиналдық. Бір жағынан қуанышты болсақ, бір жағынан бізге не айтуы мүмкін дегендей ойдамыз. Көңіліміз күпті. Жиналыс межелі уақытында басталды. Елбасымыздың көңілі көтеріңкі. Өзі сөз сөйледі. Осынау қиын-қысталаң шақта, сын сағатта маған берік сенім білдірген­дері­ңізге, алғашқы ізашарлар болып, ауа райы­ның қолайсыздығына қарамастан Арқаға қоныс аударғандарыңызға шын көңілден ризашылығымды білдіремін, – деді Нұр­сұл­тан Әбішұлы. – Ал уақытша қолай­сыз­дықтар болып жатса, оған шыдарсыздар. Сіздерге арналып, әл-Фараби шағын ау­да­нын­да салынып жат­қан үйлердің құрылы­сы аяқталуға жақын. Бірді-екілі біткендеріне кіріп алдыңыздар. Енді жуық арада қо­ныс тойын тойлайтын боласыздар, – деп сө­зін жалғады Елбасы. Қысқасы, ешкім де үйсіз қалмайды, бә­рі­ңіз де пәтермен қам­та­масыз етілетін бо­ла­сыздар, – деп сөзін түйіндеді Нұреке. Біз орнымыздан тұрып кеттік. Тік тұрған қал­пымызда Елбасына алғысымызды жауды­рып жатырмыз. Әс­і­ресе, мен айрықша құл­шына қол шапа­лақ­тадым. Оның ер­ек­ше себебі бар-тын. Мұнда көшіп келісімен арада екі апта өткенде Парламент аппа­ратының үш қыз­меткеріне пәтердің кіл­тін табыс етті басшылар. Өз көзіме өзім сенбедім. Өмірімде екі жұма мұғдарында үй алып көрмеген едім. Сенат аппаратының басшысы Мұрат Құмарұлы маған пәтердің кілтін ұсынып тұрып: «Қайреке, пәтеріңіз жақсы, өкінбейсіз», деген еді. Айтса айт­қан­­дай екен. Кіріп барсам, дағарадай шар­шы коридор. Оған ұласқан ұзынша коридормен кетіп барамын, кетіп барамын. Енді абыр­жиын дедім. «Екі бөлмелі деп еді. Қате­ле­сіп, басқа үш бөлмелі үйдің кілтін беріп жіберген жоқ па?!» деген ойға келдім. Сөйт­сем, екі бөлменің көлемі 86 шаршы метр болып шықты. Бәтір-ау, бұл Алма­ты­дағы төрт бөлмелі пәтердің көлемі ғой деймін іштей. Екінші қабат. Ұзыннан ұзақ балкон. Пәтер ыстық, қайнап тұр. Сол жылы қыс тым қаһарлы болды. Алақаным ауырғанша құлшына қол соққан себебім осы. Менің орнымда кім болса да аянбай қол шапалақтары кәміл. Үстіміздегі жиырма бірінші ғасырда ұлы оқиға болды. Ұлы державалар бастат­­қан елу алды елдің, мемлекеттің басшы­ла­ры бас қосқан ұлы жиын болып өтті біздің туған жерімізде. Дарқан бабаларымыздың кеңдігін, Атымтай жомарттығын әлемге паш етті бұл оқиға. Асымыздың ең асылын, тағамымыздың тәттісін туған балаларына бермей, ұятты қонақ келеді деп сарғая сақтайтын қазекемнің мырзалығын көзбен көріп, таң қалып, таңдай қағысты. Жер-Ананың шартарабынан қазақ жеріне кеп, ат басын тіреген мәртебелі меймандар. Тәуелсіздігіміздің шұғылалы таңы жар­қырап атқанда бірден ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанға жер шарындағы мемлекеттер қайран қалса, енді санаулы жыл­дар­да салынған күн сәулетті Астанамызды көргенде табына таң қалғандарын жасыр­ған жоқ. Әрине, бұл ЕҚЫҰ жиынына қатысқан шетелдік қонақтардың, алуан тілде сыр­ласқан, сұхбаттасқан журналистердің әсер-пікірлері басқа бір толығырақ толғануды қажет етері сөзсіз. Бүгін жайып, Кең дастарқан-Даласын, Барша ұлтты қонақ етті Алашым! Жер-Ананың бес перзенті – Бес құрлық Сұхбат құрып, Бауырласып, Тарасын! Мұның сыртында Елбасының БҰҰ-ның биік мінберінен сан рет сөз сөйлегені, талай мемлекеттерде ресми сапармен болып, елімізді, жерімізді таныстыра, таныта жүр­генін, сөйтіп, қазақ елінің, қазақ ұлтының достарын көбейте түскенін еске алсақ та жетіп жатыр. Атам қазақтың «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» деген қағидасының жүзеге асқаны осы деп білеміз. Өз елімізде де сан мәрте тосын оқиғалар болып жатыр: Зілзала, су тасқыны, қуаң­шы­лық және т.б. сияқты нәубет кесірі мол жағ­дай­лар болып жатыр. Оған баршамыз да куә­герміз. Сондай қилы кезеңдерден есен-аман шығып, кемшіннің орнын толты­рып жатырмыз. Табиғаттың оқыс мінезіне тос­қау­­­ыл жасап, жалпы халық болып кеуде тоса білдік. Бұл – біздің тәуелсіз мемлекетіміздің даму, өрлеу үстінде екенінің дәлелі екені даусыз. Тәуелсіз жиырма жыл ішінде жеткен жетістіктерімізді тізбелеп жатуды мақсат тұтпадым. Бәрін айтып шығу мүмкін емес. Дүние жүзін мекендеген халықтардың қос өкпесін қысқан дағдарыс сынынан да біз сыр бермей есен-аман шыққанымыз әмбеге мәлім. Бұл да біздің ұлт болып ұйып, халық болып қалыптасқанымыздың бұлтартпас айғағы. Міне, осынау асқаралы асулардан мүд­і­ріссіз асып келеміз. Осындай күрмеуі көп қиын кезеңдерден Елбасымыз елін аман-есен алып шыққанын отандастарымыз орынды мақтан тұтады. ...Мен Астананың Орынбор көшесімен келе жатырмын. Айбынды Ақорда, Пар­ла­менттің қос ғимараты көзіме ыстық көріне­ді. Міне, Министрліктер Үйі. Бәрі көзіме ыстық. Бәрі де көз алдымда күні кеше ғана пайда болған ғимараттар. Осы қалада дүниеге келген Ақбота, Меруерт, Алан, Хауаз, Айсұлу, Дияр есімді немерелерім күні кеше ғана осы жер қала емес мидай жазық дала еді десем, ешқайсысы да сенбейді-ау деп ойға шомдым. Мұндай аз уақыттың ішінде елордасын салған мемлекет тарихта болған емес. Нұ­ре­кең еліне, халқына болашақтың қаласы – Астананы сыйлады. Бұл мәңгілік ескерткіш. Мұндағы әр ғимарат «Мен – тәуелсіз­бін!» деп жаһанға жар салып тұрғандай. Мен Астана көшесімен баяу жүріп келемін. Ертегілер елінде жүргендеймін... Қайрат ЖҰМАҒАЛИЕВ, ақын.