Бұл шынын айтқанда, Тәуелсіз ел атанғанымызға 5-6 ғана жыл өткен, экономикалық қиындықтың құрсауынан әлі де шыға қоймаған, ауырлау кезең болатын. «Әуелі жағдайымызды түзеп алып, басқасын сосын жасамаймыз ба» деген күңкіл сөздер де айтылып жатты. Қарапайым халық та бұл шешімді өзінше қабылдаған еді. Жетісу өңіріндегі жамағат пен оңтүстік беттегі бауырлар бұл қадамға іштей наразылық білдіріп жатса, Арқа жақтағы ағайын тымақтарын аспанға атып, алақайлап қарсы алды.
Дегенмен жарлық шыққан соң, Алатау баурайынан Арқа даласына қарай ұлы көш басталып кеткен еді. Енді арада ширек ғасыр уақыт өткен соң, Президент Н.Назарбаевтың бұл тарихи шешімі Тәуелсіз Қазақстанның жылнамасында алтын әріптермен жазылатын Ұлы оқиға болғанын бәріміз де еріксіз мойындап отырмыз. Тек біз ғана емес-ау, бүгінде бұған әлем жұртшылығының көзі жетіп отыр.
Әрине ел астанасын Арқа жеріне көшіру мәселесі «қайтсем де бір өзгеріс жасайын» деп, атүсті шешіле салған шаруа емес болатын. Бұған толып жатқан геосаяси, әлеуметтік-қоғамдық факторлар себеп болғанын қарапайым халық түсіне де бермеген сол кезде. Айталық Алматы ондаған жылдар бойы үлкен қаржылық орталық, зиялы қауым топтасқан мәдени-рухани ошақ болғанымен, басқа аймақтардан тым алыс, елдің шетінде тұр еді. Осы себептен, ел ордасын халықтың ортасына қарай жылжыту қажет болды.
Екіншіден, кеңес билігінің құзырында болған ондаған жылдар ішінде туған тілі мен ұлттық рухынан айырыла бастаған аймаққа уақыт созбай, жаңаша тірлік, жаңа бастамалар әкеліп, рухани қолдау жасау қажеттігі тұр еді. Оның үстіне, ауыл шаруашылығымен айналысуға аса қолайлы Арқа өңірінде игерусіз бос жатқан аймақтар үлкен қаржылық орталыққа зәру болатын. Сөйтіп, ел ордасы Есілдің бойынан қоныс тепкен соң, бұл мәселелер біртіндеп шешілгені бәріміздің көз алдымыздан өтті.
Бүгінде солтүстіктегі облыстар аумағында үлкен-үлкен ауыл шаруашылығы кешендері жұмыс істеп, іргелі халықаралық компаниялар жер асты қазынасын иегеріп, ел экономикасының өрге сүйреп тұр. Жаңадан бой көтерген ел ордасына Қазақстанның түпкір-түпкірінен ағылған жұрт қоныс аударып келе бастады. Осының арқасында, бүгінгі күні Астана шаһары солтүстік аймақтағы ең бір қазақтілді қалаға айналып отыр.
Бүгінде Астана Қазақстан мемлекетінің орталығы ғана емес, ол әлемдік деңгейдегі келелі басқосулар өтіп, бірегей шешімдер қабылданатын әлем картасында өзіндік орны бар, татулық пен келісім қаласы десек, ешкім дауласа қоймас.
Кез келген қоғамдық-саяси, әлеуметтік өзгерістерді әр адам өзінше қабылдайды. Өзінше баға береді, пікір айтады. Бүгінде сөз бостандығын пайдаланып, әркім өз білгенін жазып жатады. Биік деңгейлерде өтетін жиындардың маңызын қарапайым халық түсіне бермейтінін білеміз. Әйтпесе, жылма жыл өтіп жататын басқосулар – халықаралық экономикалық форум, еуразиялық медиафорум, діни конфессиялардың басқосуы, халықаралық терроризмге қарсы конференция т.б. келелі кездесулер Астана қаласы арқылы бүкіл Қазақстанды әлемге танытып жатқынын көзіміз көріп отыр.
Бір ғана Астана экономикалық форумы не үшін керек деуі мүмкін кейбіреулердің. Бұл – Еуразия құрлығында қолайлы аймақта орналасқан Қазақстан мемлекетінің ыңғайлы көлік қатынасы мен логистика орталығы және Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпір екенін халықаралық деңгейде дәлелдеу.
Қазір діни наным-сенімнің негізінде әлемнің біраз елдерінде қантөгістер жүріп жатқанынан әркім хабардар. Бұл – мемлекет үшін кез келген соғыстан қауіпті. Астанада әр үш жыл сайын өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі бүгінде елордамызды халықаралық деңгейдегі келісім мен ымырашылдық алаңына айналдырып отыр. Өткен жылдан бастап Астанада Сириядағы қақтығыстар бойынша келіссөздер өтіп жатыр. Бұл да Қазақстан мемлекетін әлемге татулық пен келісімді ғана жақтайтын ел екенін дәледейтін шара екені шындық.
Былтырғы жылы ұйымдастырылған халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетпен өрелес дамып келе жатқан ел екенін тағы да бір дәлелдеді. Жасыл экономиканы тақырып етіп алған бұл шараның еліміз үшін берері мол болғаны шындық. Баламалы энергия көздерін пайдалану арқылы қауіпсіз орта қалыптастыруды бүгінде әлем халқы қолдап отыр. Дегенмен бұл бастаманы алғашқы болып Астана ЭКСПО-2017 көрмесінде қазақстандықтар көтеріп еді. Осының барлығы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастауымен жасалып отырғанын неге мойындамасқа?
Шындығын айтсам, Тәуелсіз Қазақстан елінің осы бір тарихи кезеңдерінде мен де Елбасының жанында болып, Астана қаласының дамуына аз да болса өз үлесімді қосқанымды тағдырдың берген сыйы деп түсінем. 2004-2006 жылдары Астана қаласының әкімі қызметінде жүріп бірталай келелі жұмыстардың басы-қасында болдым. Дәл сол кездері елордаға ерекше көрік беріп тұрған біраз ғимараттар бой көтерді. Қала күні мерекесі алғаш рет сол жақ жағалауда аталып өтілгені де есімде. Сол уақыттарда, 2005 жылдың 5 шілдесінде Астанада өткен мемлекеттер басшыларының саммитінде Астана декларациясына қол қойылып, антитеррорлық сипаттағы негізгі құжаттар Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық тұжырымдамасы бекітілген еді.
Тағы бір айта кетер жайт, өзім басшылық еткен жылдары ел ағаларымен ақылдаса жүріп Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысын да таңдап жүріп тағайындап едім. Осы жылдары бірнеше қазақ мектептерінің іргесі қаланып, есігі айқара ашылды. Кейін уақыт өте келе салыстыра қарап отырсам, бұрынғы Ақмола мен бүгінгі Астана тұрғындарының арасы жер мен көктей екен. Қазір ел ордасы әбден қазақиланған. Бұл да Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының бір дәлелі деп білем.
Елбасы жаңа астананың орнын таңдауды 32 өлшем бойынша таразылаған екен. Соның ішінде еңбек ресустары да қарастырылған. Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрі ретінде, мен бұл аймақтың дәл осы салаға қолайлы екеніне де көзім әбден жетті.
Әрине, ел мен жер аман болса, Қазақстанның халықаралық деңгейде әрі қарай дамып, керегесі кеңіп, шаңырағы биіктей берері сөзсіз. Біздер іргесін көтерген Тәуелсіз Қазақстан атты мемлекеттің тізгінен ұстайтын болашақтағы жас буын бүгінгі бағыттан ажырамаса екен дейміз.
Өмірзақ ШӨКЕЕВ,
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі