19 Ақпан, 2010

БІТІМГЕРШІЛІКТІҢ ҚИЫН ДА ҚАРАПАЙЫМ ЖОЛЫНА ҚАДАМ ЖАСАЛДЫ

1077 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Респуб­ли­касының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің Оңтүстік Кавказ елдеріне сапарын 17 ақпанда Грузия астанасы – Тбилисиде қорытындылады. Сапар барысында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Грузияның Сыртқы істер министрі Григол Вашадземен келіссөз жүргізіп, Грузия Парламентінің төрағасы Давид Бакрадземен және осы елдегі саяси партиялардың жетекшілерімен кездесті. Қанат Саудабаевтың Григол Вашадземен келіссөзі барысында Қазақстан мен Грузия ЕҚЫҰ ая­сын­да тығыз ынтымақтастық жасап келе жатқандығы атап өтілді. Қа­зақстан сыртқы саясат ведомствосы басшы­сы­ның атап көрсеткеніндей, Грузия Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кандидатурасын бас­тап­қы кезде-ақ қолдады. Ұйымның Іс басындағы төрағасы, сондай-ақ өз әріптесіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммитін ша­қыру туралы бастамасына қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Біз Вашадзе мырзамен қазірдің өзінде Ұйым саммитінің күн тәртібін то­лықтыру және оны өткізудің мер­зі­мін белгілеу жөніндегі жұмыстар­ды бастадық, деді Қанат Саудабаев осы жайында. Кездесуде тараптар екі елдің сауда-экономикалық қатынас­тары­­на да назар аударды. Мем­ле­кеттік хатшы – Сыртқы істер ми­нистрі­нің атап өтуінше, біздің еліміз Грузияның ірі инвестор­ларының бірі болып табылады. Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар ай­на­лымының әлемдік эко­номи­ка­лық дағдарысқа қарамас­тан, кө­ле­мі сақталып отыр. Екі ел­дің эко­номикалық қатынастарын жандан­ды­руға көп мүмкіндіктер бар. Алда­ғы уақытта сауда-эко­номи­ка­лық ынтымақтастықты те­реңдетуге қатысты барлық кешенді мәселе­лер биылғы жылдың ма­мы­рында Астанада өтетін министрлер дең­гейіндегі кездесуде талқылана­тын болады. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қазақстан Грузия­ның ірі инвесторы екендігін жай­дан-жай айтып отырған жоқ. Бү­гін­де бұл елде қазақстандық капи­талдың қатысуымен “ҚазТрансГаз – Тбилиси”, “Батуми теңіз порты”, “Халық банкі – Грузия”, “Ақсай БМС” секілді оннан  астам ірі компания жұмыс істеп жа­тыр. Ал екі мемлекет арасын­дағы тауар айналымы әлемдік дағ­дарыс қаншама салмақ салса да, өткен жылы 37,1 миллион АҚШ долларын құрады. Келіссөз кезінде көптен бері шешімін таппай келе жатқан Оң­түстік Осетия жанжалының шеші­луі­не ықпал ету жайы да талқы­ланды. Өйткені, бұл Грузия үшін аса өзекті мәселелердің бірі болып та­былады. Ал осы проблемаға бай­ланысты Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде өз ұсыныс­та­ры бар. ЕҚЫҰ-ның  Іс басын­дағы төрағасы Қанат Саудабаев пен Грузия Сыртқы істер министрі Григол Вашадзенің екеуара оңаша кездесуінде де, кеңейтілген құрам­да­ғы келіссөзде де осынау өткір мәселеге ерекше мән беріліп, кез­десу мен келіссөздердің белгілен­ген уақыттан едәуір ұзаққа созы­луы сондықтан болса керек. Грузия – Оңтүстік Осетия жан­жалы 1980-жылдардың соңына таман тұтанды. Оның туындауы­ның негізі, сарапшылардың баға­лау­ынша, осы өңірде ұлттық қоз­ға­лыстардың белсенділігі күрт ар­тып, этносаралық кикілжіңнің кө­рі­ніс беруінде жатыр. Осының ке­сірінен қантөгіс қақтығыстар орын алды, мыңдаған тұрғын туған жер­лерін тастап, босқын атанды. Қаза тапқандар да аз емес. Қазіргі кезде Оңтүстік Осетия 1992 жылдан бас­тап танылмаған мемлекет ретінде өмір сүріп келеді. Біз бұл деректерді текке келті­ріп отырған жоқпыз. Елімізде көп­теген этностар тұрып жатыр. Бетін аулақ қылсын, мұндай кикілжіңге жол берілген жоқ, бір-бірімен та­ту-тәтті өмір сүруде. Оның түп не­гізі бастапқы кезде-ақ мемлекет ұлт­аралық, этносаралық ынтымақ­тас­тықты нығайту мәселесін өз сая­сатындағы басты басымдық­тар­дың бірі ретінде нақтылап алған­дығында жатыр. Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басты байлығы – ұлт­аралық татулық екендігін үнемі айтып келеді. Кездесуден соң, Қанат Сауда­­баев пен Григол Вашадзе бұқа­ра­лық ақпарат құралдары өкілдеріне бірлескен баспасөз мәслихатын өткізіп, келіссөздерде Қазақстан мен Грузия арасындағы ынтымақ­тас­тықты тереңдетумен қатар, өңірлік және халықаралық тақы­рып­тағы мәселелер талқылан­ға­нын айтып берді. Грузия сыртқы саясат ведомствосының басшысы Г.Вашадзенің хабардар етуінше, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық етуі шын мәніндегі маңызды оқиға болып табылады. Екі мем­лекет арасындағы қатынас елдер­дің тәуелсіздік алған алғашқы күні­нен бастап шынайы достық жағдайда қалыптасты. Бүгінде ол Грузия мен Қазақстанның саяси, экономика­лық және мәдени-гума­нитарлық салаларда белсенді бай­ла­ныстар жасауына мүмкіндік беруде. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы Қанат Саудабаев сол күні Гру­зия Парламентінде болып, Пар­ламент төрағасы Давид Ба­крадзе­мен кездесті. Кездесуде та­раптар ЕҚЫҰ аясында парламент­аралық іс-қимылды дамыту мәсе­лелерін талқылады және Ұйымның Парламентаралық Ассамблеясы қысқы сессиясының күн тәртібі жөнінде пікір алмасты. Кездесуден соң өткізген бірлескен баспасөз мәслихатында Парламент төрағасы Грузия мен Қазақстанның па­р­ла­мент­аралық ынтымақтастығы дамып келе жатқандығын, Қазақ­стан Ұйымға төрағалығы кезінде өңірдегі проблемаларды шешуге ықпал ететіндігін атап өтті. Сапар аясында Қанат Сауда­баев Грузиядағы саяси партия­лар­дың жетекшілерімен де кездесіп, өңірде қауіпсіздік пен тұрақты­лық­ты қамтамасыз ету, ұзаққа со­зылып бара жатқан жанжалдарды реттеу және осы елдегі демо­кра­тия­лық даму мен оның алдағы перс­пективаларын талқылады. Өйткені, Қазақстан ЕҚЫҰ төр­аға­сы ретінде бұған ерекше мән беруі қажет. Кездесуде алғашқылардың бірі болып сөз алған “Грузия альянсы” партиясының өкілі Виктор Долидзенің айтуынша, Қазақстанның Ұйымға төрағалық етуі Ұйым құндылықтарын ілгері жылжытуға жасалған ерекше қадам болып табылады. “Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның төр­ағалық  қызметке кірісуіне арнал­ған Ұйым Тұрақты кеңесінің Ве­на­дағы отырысында жария етілген бейнеүндеуімен мұқият таныстым, – деді ол. – Үндеуде ЕҚЫҰ қыз­метіндегі үш өлшем тегіс қам­тылған. Оларды әрі қарай дамыту бүгінгі күнде аса маңызды болып табылады”. Ал “Біріккен Грузия” демократиялық қозғалысының бас­шысы Нино Бурджанадзе Қа­зақстанның Ұйымға төрағалығын кезінде қолдағанын, сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгей­дегі саммитін өткізу бастамасына қолдау білдіретіндігін атап өтті. Оның мәлім етуіне қарағанда, Ұйым қызметін реформалау қажет. Сондықтан жоғары деңгейдегі саммит өтуі тиіс. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы алдымен Бакуге, одан кейін Ереванға келіп, Әзірбайжан Пре­зи­денті Ильхам Әлиевпен және Армения Президенті Серж Саргсянмен кездескен еді. Өйт­кені, бұл екі елдің де басты әрі ортақ проблемасы – Таулы Қа­ра­баққа байланысты. Таулы Қарабақ жанжалынан  туындаған пробле­ма­ға ЕҚЫҰ-ның Ресей, АҚШ және Франция тең төрағалары болып табылатын Минск тобы кіріскелі бері Әзірбайжан мен Ар­ме­ния арасында аздаған жы­лы­лық сезіле бас­та­ды. Мысалы, тек өткен жылдың өзінде ғана Әзір­бай­жан мен Армения президент­тері алты рет кездесті. Ұйым төр­ағалы­ғын­дағы Қазақстанның ендігі мақсаты – сол кездесулер кезін­дегі келіссөздер үдерісін әрі қарай жал­ғастыру. Егер ол оң сипат алып, іл­гері жылжи­тын болса, бұл Қазақ­стан үшін үлкен жетістік болады. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев пен Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің кездесуі үйлесімді жағ­дайда өтті. Кездесуде Мемлекеттік хатшы Әзірбайжан Президентіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке жолдауын та­быс етті. Онда алдағы уақытта Таулы Қарабақ мәселесін реттеу ту­ралы ұсыныстар мазмұндалған. Әзірбайжан басшысы, сондай-ақ Қазақстанның Ұйымға төрағалығы кезінде Еуропада қауіпсіздікті нығайтуда оң нәтижелерге қол жет­кізілетіндігіне сенімді екенін атап өтті. Ұйымның Іс басындағы төр­аға­сы Қанат Саудабаев пен Арме­ния Президенті Серж Саргсянның кез­десуінде тараптар Таулы Қара­бақ проб­лемасын реттеу мәселесін тал­қылады. Сондай-ақ, Қазақстан сырт­қы саясат ведомствосының басшысы Армения Президентіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Таулы Қарабақ мәселесін реттеуге байла­нысты жеке жолдауын табыс етті. Газеттің бұған дейінгі нөмір­ле­рін­де жазғанымыздай, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ұйым төрағасы ретінде алғашқы сапарын Оңтүстік Кавказ елдері – Әзірбайжан, Армения және Грузия мемлекеттерінен бастады. Атап өтуіміз керек, Қанат Саудабаевтың сапар барысындағы кездесулері мен келіссөздері үйлесімді әрі достық жағдайда өтті. Осы өңірдегі проблемалардың туындауына терең талдаулар жасалып, оларды бейбіт жолмен шешудің жолдары жан-жақты қарастырылды. Сөйтіп, бітімгершіліктің алғашқы және ең қиын да қарапайым жолына қадам жасалды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.