Қазақстан • 29 Маусым, 2018

Домбыра - бабадан қалған бағзы мұра

4304 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы осы жексен­біде алғашқы рет Ұлттық домбыра күнін атап өтеді.

Домбыра - бабадан қалған бағзы мұра

Кез келген мемлекеттің күші оның рухани дәргейіне байланысты екені белгілі. Әлем халық­тарының мәдениет саласын­дағы атаулы мейрамдарын аңда­сақ, музыкалық аспаптарға арнал­ған мерекелік күндер бар, әдет­те олардың ортақ атаулары «халық­аралық» деген мәртебемен айқын­далып жатады. Мысалы, 1 қараша – «Халықаралық скрипка күні», бұл мереке 1975 жылы ЮНЕСКО қаулысымен арнайы тіркелген және заңды мәртебесі де бар, сондықтан ол дүниежүзі бойынша аталып өтеді. Тап осындай аспапты ардақтайтын күндер – виолончель, флейта, саксофон, т.б. шекті және үрмелі аспаптарға да тиесілі екен. Ал енді әлемдік емес, мемлекеттік шеңберде, яғни бір ұлттың мәртебесін көтеретіндей аттас шараларға шолу жасасақ, әрине мұндай мерекелер де бар, ТМД аумағында ұлттық аспаптық жәдігерлерін ұлықтауда көрші Ресей мемлекеті алда тұр. Ресейде 2008 жылдың 23 маусымы «Балалайка күні» деп, 2010 жылдың 20 наурызы «Сырнай күні» деп белгілен­ген. Ресей Федерациясы құрамын­дағы башқұрт халқының қурай аспабы да биылғы жылы «Баш­құртстанның территория­лық бренді» деген дәулеттік мәр­тебеге ие болды. Мұнан өзге му­зы­­калық оқиғаларға арналған атау­лы күндер де баршылық. 

Жақында осындай рухани мереке Ұлы Дала елінде де өз құзыретін алды, осы жылдың 13 маусымы күні Елбасы жыл сайын шілде айының бірінші жексенбісінде «Ұлттық домбыра күні» мерекесі республика көлемінде атап өтілетіні туралы Жарлыққа қол қойды. Мұнда «Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында» деген стратегиялық мазмұнды ұран сөз жазылған. 

Өз кезегінде сүйікті Отаны­­мызға деген перзенттік сүйіс­пеншілік пен патриоттық сезім­ді қамшылайтын еліміздегі «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» атты бағдарла­маларымен, кейінгі кезеңдердегі «Туған жерге туың тік!», «Сакраль­ды Қазақстан» сияқты ірі жобалармен қанаттасқан игі қадам осы «Ұлттық домбыра күні» болғаны анық. 

Сонымен қатар 2014 жыл­дың 26 қарашасында домбыра күйлері «адамзат игілігіндегі мате­риалдық емес құндылықтар» ретінде ЮНЕСКО-ға тіркелгені де ұлттың рухын марқайтқаны жадымызда жаңғырып тұр. 

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мынадай құдіретті сөз бар: 

«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана». Бұл жерде қазақ рухының алтын әдепті өкілдері есімдерінің келтірілуі сипат үшін айтыла салатын сөз емес, ұлт руханияты үшін күрескен әрі артында ұлан-ғайыр мұра қалдырған осынау тұлғалардың бәрінің де домбыраға қол соққанын өскелең ұрпақтың есіне салады, Абай мен Жамбылдан домбырамен шертілген қоңыр ән қалды, Құрманғазыдан домбырамен толғанған дауылды күй қалды, ал Әуезовтен «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген қасиетті сөз қалды. Президентіміз қазақтың тілі мен музыкасы, әдебиеті мен жоралғы-салты ұлт жадынан мәңгі сөнбеуін халыққа өсиет ете отырып, оның алтын әдепті бір ажары бабамыздан қалған асыл мұра – домбырада екенін көрегендікпен айта алды. «Ұлттық домбыра күні» мерекесі осынау ұлттық жаңғыру атты киелі бағдарламаның куәсі секілді. 

Елбасының «Ұлттық бірегейлікті сақтау» үндеуіндегі өзекті бағыттардың бірі – мәдениет, оның ішінде күй өнері, домбыра тарту салты халқымыздың төл мәдениеті мен ұлыстық берекесін арттырары хақ. Және «Ұлттық домбыра күні» қазақпен Отаны мен шаңырағы бір өзге этнос өкілдерін де рухани туыстыққа біріктіре алатын маңызды ізгі жол бола алады. Тәуелсіз елдің жаңа тарихында домбыраны жан серігі еткен өзге ұлт өкілдері көп, әнші Татьяна Бурмистрова, күйші Андрей Фендриков қазір есімдері көпшілікке танымал өнерпаздар. Қазақстанда тұратын осынау ұлттар пен ұлыстардың жанын біріктірген қасиетті домбыраның қоңыр үні екені даусыз.

«Домбыра, сенде мін бар ма?
 Мінсіз болсаң тіл бар ма?
 Тіл жоқ деуге бола ма?
 Тілден анық үн барда!»

– деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай, домбыра тілі құмығып шыққан келеңсіз келте кезеңдер де болғаны көптен жасыратын сыр емес. Даңғаза музыка, тексіз шоу, арзан эстрада, өлі фонограмма төлтума өнерге төр бермеген тұста қазақтың дәл өзіндей тілге шешен домбыра, үнге көсем домбыра тұғырына қайта қонды, ұзағынан сүйіндірсін! Бұл жалпы Әзіреті Азия өлкесіндегі ұлттық аспап атына берілген ең алғашқы мереке, ең ұлық мейрам!

Елбасы өмірінде киелі домбыраның орны бөлек екені баршамызға аян. Нұрсұлтан Әбішұлының шебер домбырашылығын, домбыраға қосылып қоңырлата ән салатын өнерін елі жақсы біледі. Жасынан қолына домбыра ұстап, халық аузындағы жыр-дастандарға қанып өскен ол есейе келе домбырамен ән салып, күй шертуді үйренген, қазақ елінің тарихы мен шежіресінен қалған ғибратлы термелері, халық композиторларының әндері Елбасының жадынан ешқашан шыққан емес, өзінің де төлтума туындылары, мақамдары мен өлең шумақтары мол болған. Нұрсұлтан Әбішұлының өмірлік белестері туралы «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты кітаптың авторы – Махмұт Қасымбеков аталмыш очерктер жинағына қазақ елінің болашақ Президентінің жас кезінде жазған өлеңдерін енгізді. 1973 жылы Теміртау магниткасында еңбек етіп жүрген кезінде Елбасының сағыныштан туған «Шұбар ат» өлеңі (әуенін жазған – Шәміл Әбілтай) осы күні Досымжан Таңатаровтың орындауымен кең шырқалып жүр. Арқа жерінде өмір сүрген Мәди, Иманжүсіп әндерін Елбасы ерекше шабытпен орындайтыны елге мәлім. Президентіміздің осы бір баба мұрасына деген шексіз махаббаты көптеген патриоттық рухтағы әнұрандардың шығуына мұрындық болды. Өз халқының рухани аманатына адал ұлт перзенті ретінде бүгін замана-тарих сахнасының төріне қазақтың домбырасын мәңгілікке ұлттық мирас етіп, үкісін желбіретіп іліп отыр, Алдиярдың ісі оң болсын!
Жаратқан тілегімізді берсе, Отанымыздың жүрегі – Астана қаласында 1 шілде күні ұлттық домбыра тойы өтеді. Бұл мерекеде халқымызға белгілі дәулескер күйшілер, ұлт аспаптары оркестрлері мен фольклорлық ансамбль ұжымдары өнер көрсетпек. Осынау ұлыжіңгір тойда кездесейік, ардақты елім! 

Жанғали ЖҮЗБАЙ, 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері