Медицина • 29 Маусым, 2018

Жолы болмайтын жігіт...

2868 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кез келген әйел ақылды, сабырлы, иманды, ержүрек, ертеңіне пана бо­ла­тын азамат туралы армандайды. Алай­да өмірде ешқашан жолы болмайтын еркекке тап болуы да мүмкін ғой. 

Жолы болмайтын жігіт...

Әрине, жолы болмайтын жігіт­тер­дің алдымен асқақ арман-мүддесі түгілі, тұрақты жұмыс орны, тұрлаулы тір­­шілігі де болмайды. Жақсы өмір сүру­­ге деген құштарлықты былай қой­­ғанда мұндай адамдардың бойы­нан аздаған романтиканы да таба ал­майсыз. Бір қызығы, бұл адамдар тө­рт құбыласы сай, бәрі жетіп тұрған си­яқты кейіп танытатыны несі?!

Әйелінің, туысқандарының, қала берді көңілдестерінің тапқан-таян­ға­нына күн көріп жүре беретіндерді өзге ағайындар «альфонс» десе, қазакең бұрын жанаяр дейтін. Енді ел арасында қылжаққа айналған жаңа термин бар. Жарының тапқанымен тамағын асырап жүргендерді «МЖК» дейді. қылжақтап, таратып айтқанда: «Меня жена кормит».

Әлдебір жанкешті әйелдер «уа­қыт­ша қиналып жүрген» еркекті ел қатарына қоспақ болып тыраштана­ды. Енді біреулер дағдарысы ешбір біт­пейтін адаммен одан әрі өмір жал­ғау­дың қажеттігі жоқтығын түсініп, дер кезінде басын босатып алады. Ал ғұмырын жатыпішер еркек үшін сарп еткен алтын басты әйелдер де жеткілікті. Жолында одан артық адам кездеспегендіктен, жалғыз қалудан қорқатын әйел байғұс бұған да көнеді. Бірақ жалқау, тоғышар, санасыз адамды өзгертем деп ойламаңыз. Анасы бұл еркекті басқа етіп қайта туып бермесе, болмаса ғайыптан намысы оянып ғажайып болып кетпесе, оның жолы бол­мағаны болмаған. Болмағанға бо­лыс­па десек те, ер-азаматтың басына не келіп, не кетпейді. Өмірдің уақыт­ша талқысын жеңіп шығатын жі­гіт­тердің жалауы желбірей бергей. Алайда сәтсіздігі қыр соңынан қал­майтын, екі адамның бірімен тіл табы­сып, тұрмысын түзетуге ұм­тыл­майтын, ашуланшақ, сары уайым­ға салынғыш, қалтасының түбі тесік­тер­ге тек қана жоғарыдағыдай диаг­ноз қоюға болады. Күйеуінің басына бір іс түсіп, жазықсыз жұмыстан қуы­лып, бәсекелестікпен бағынан айыры­лар­дай болса, ол қиыншылықты ең­серуге, еркегіне қолдау танытып, жі­гер­лендіруге жақсы әйелдің ақылы же­теді. Бұл жерде әңгіме басына күн туған азаматтар жайында емес.

Бір қызығы уәдесі тұрлаусыз, жұ­мы­сы тұрақсыз, алдына мақсаты жоқ, жолы болмайтын мұндай жігіт­тер осы жүрістері үшін намыстанбай­ды. Мұндай жағдайда «Жақсы әйел жаман еркектің басын төрге сүй­рейді» дейтін тәмсіл тіпті орынсыз.­ Одан да «Адамды адам еткен – еңбек» деп, адам маймылдан жара­тыл­ғанын өзінше дәлелдеген құдай­сыз Дарвиннің іліміне сүйенген әлде­қайда өтімді. 

Егер адамның өзінде өмірден өз сыбағасын алуға деген мақсат-мүд­де болмаса, өзі алға ұмтылмаса ондай еркекке ата-анасы да, аяулы жары да, уақытша дос-жарандары да көмектесе алмайды. Тағдырына осын­дай тұрлаусыз адам бұйырған та­лай жақсы әйелдің өмірі қор болып жүргенін кім жоққа шығарады. Жұ­мыс­тан қалжырап келіп, үйдің қалған тірлігін тындырамын, балаларды аяғынан тұрғызамын дейтін әйелдің мұндайда бірінші қорғаушысы, панасы еркек болу керек болса, кері­сін­ше күні бойы диванда жатып, теле­визордан да жалығып жатқан жатып­ішер жүйке жұқартуды әбестік деп есептемейді. Өйткені ол – «еркек». Әйелге қоқан-лоқы көрсетіп, иесі бар екенін еске салып тұру керек қой. 

Сонда кім кімді сүйреп жүр? Мә­се­лен, мына бір отбасын мен әл­ми­­­сақ­тан білемін. Күйеуі еш жерде жұ­мыс істемейді. Егер жұмыс табыла қалса да, екі-үш айдан артық ол жерде тұрақ­тамайды. «Әй, ол жұмыс маған қол емес екен, ондай жұмыс істеу ұят тіпті» дей салатынына құлағымыз үйрен­ген. Есесіне ертесіне-ақ жақ­сы жұмыс табылып, жас кезінде армандаған кәсібіне қол жеткізіп, отбасын жарылқап тастайтыны туралы уәдені күнде үйіп-төгеді. Бір қызығы осы мақсатына жету үшін шөптің де басын сындырмайды. Күндері бір сы­дыр­ғы өтіп жатады. Әйелі екі жерден табыс табады. Ол жұмысқа кеткен соң, керіліп тұрып, дайын тамақты іше­ді, теледидар көреді. Газет оқыған­си­ды, сыралатады. Арасында кейде азық-түлігімен артынып-тартынып, көлік кептелістерінен жұмыстан кешігіп келетін әйелінің тамағы дұрыс шықпай қалса басына әңгіртаяқ орнатады. Қолынан түк келмейтін адам екенін айтып, ақырып, бақырып, бала-шағаның берекесін кетіреді. Бір қызығы, мұндай арамтамақтан ажы­расуға кеңес бергендер табыла қалса, үйін асыраймын деп түгі қалмаған бей­шара әйел, мен оны тастап кетсем құриды деп қорғаштап шыға келет­індігін түсініп көр. Салқын сыраны, дәмді тамақты жақсы көретін еркек­тің алдымен ақылы емес, қарны өсе­тіні сөзсіз. Жұмыстан жанталасып келіп, баланың сабағы үйдің тама­ғы­на үлгере алмай жатқан келіншегі көмек сұрай қалғандай болса, ошақ­тың қасында тұру еркектердің ісі емес екенін әрине, ол біледі. Сон­дық­тан бойы еңгезердей, қарны қам­пи­ған, тамақтың дәмдісі мен ки­ім­нің жақсысын ажырата алатын мұн­дай еркекті не үшін аяуға бола­тын­дығын түсініп көріңіз. Және әйелі оны сүйетіндігін де айтады.     

Ал ол әйелін, бала-шағасын сүйе ме? Сүйсе мойны ырғайдай болып жүрген әйелінің иығынан неге түспейді? Мұндайда әйелдің жалғыз қаламын-ау деген қорқынышын махаббатпен байланыстырудың жөні бар ма?
Жатыпішер жоғарыдағы еркек­тің жалғыз артықшылығы – жа­ры­ның көзіне шөп салмайды. Әйелі­нің айтуынша солай. Алайда мұны артықшылық деуге келмес. Жұбайының көзіне шөп салып, қыз-ке­лін­шектермен қыдыру үшін қарын­ды кетіру керек, қалтада ақша болу қажет, жуынып-шайынып, қыры­нып, қуаттанып көшеге шығу керек. Бұл да жұмыс қой! Ол бұл қадамға адал болғанынан емес, жалқаулықтан бар­майтынын түсіндіруге тырысып көрсек, қисық әңгіме болып шығады екен. 

Бұл махаббат па? Жолы еш болмайтын осындай тағы бір таныс бар. Қашан көрсең де бір істі соңына жет­­к­ізіп, оңдырған емес. Бір күні өмір бізге де бетін бұрар деп жүрген осы адамды сан жылдан кейін қайта жолықтырдым. Ол әлі де еш жерде жұмыс істемейтін болып шықты. «Қа­тын асырап жатыр ғой» деп күледі. Жолы болмайтындардың қатарынан жатыпішерлердің санатына толық көшкенін мойындайды.

Психологтардың айтуынша, мойыннан түспейтін мұндай күйеу – әйел­дің ақыл тоқтатқан-тоқпат­па­ға­нын анықтайтын тест сияқты. Жаһандық бұл мәселенің екі жағы бар. Неге мық­ты әйелдер рухы әлсіз еркектер­ге өмірін арнайды? Және мұндай әйел­дер неге жолы еш болмайтын жары­ның қылықтарына ұзақ жылдар шы­дай­ды?

Бір жағынан мұндай мезальянсты бірін-бірі толықтыру қағидасымен де түсін­діруге болар еді. Әлеуетті әйел әлсіз еркек әйтеуір өзін толықтырып тұр­ғанын іштей түйсінеді. Бірақ мұны бір­ден түсіну қиын. Дегенмен, мұн­дай қосақтар алғаш танысқанда бәрі кері­сін­ше болады екен. Ондай еркектер көксеген қыз қолына түскенше бәрін жасайды. 

Әдетте, әлсіз еркектердің әлі бірін­­ші әйеліне жетеді, нәп-нәзік жа­рын билеп-төстеп, айтқанымен жүр­гізу арқылы өзіне-өзі көңілі толып, еркек сықылды тоқмейілсіп жүре­ді. Көп әйелдер жылдар өте келе есі кіреді, ақыл тоқтатады, тағдыр қан­дай тоғышарға байланғанын білген­де кетуге мәжбүр болады. Аузы күй­ген мұндай қыз-келіншектер кейін жақ­сы азаматтардың өзіне де жолауға жү­рек­сінеді... 

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ