Қазақстан • 29 Маусым, 2018

Қайнар аға, қасиетің ауар екен қай балаға?

815 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

 «Достықтың до-ре-ми-фасы». Сана сүзгісінен өтіп, ақыл биігінен сырғыған тақырыптың бірі осы. Ойы тосып алып, қолы теріп, тиісті орынға бекітті. Енді ол ел игілігіне айналды. Ағам қойған тақырыптың кез келгені алыстан қол бұлғап, оқырманды мақаласына енгізіп жібереді. Оқымай көріңіз, енді. Ол айтады, біз тыңдаймыз. Тыңдату қаперімізге де кіріп шықпайды. Іріліктен ол кісі таймасын, ініліктен біз кетпейміз. «Әбіш аға келді. Бәріміз отырмыз. Жоспар сұрады. Мырс еттік. Оны отқа жаққалы қашан. Ағамыз жатып кеп, ашулансын. Әй, түйесін іздеген Адайдың да жоспары болады. Пәленшекеңнің үйінен түстенем, Түгіленшенің үйінде түнеймін дейтін. Сендердікі не?». Қалай тыңдамайсың?

Қайнар аға, қасиетің ауар екен қай балаға?

Асылы, адам дүниеге келетін жерін білуі керек секілді ғой. Анығында, тағдыры оны түгін тартсаң, майы шығатын өлкеде кіндігін кесіп беретін сияқты. Ол қайралып, туды. Қайралып дегенде, мынау дүниенің есігін ашқан мекенде қайрағы көп еді. Қоңыр салқын, өлеңде өсті. Алғашқы мақаласы жарияланғанда ел-жұрты кәдімгідей елеңдесті. Туған жерін біз де көрдік. Қазір ойлап отырсақ, Өкпеті–Қызылтасқа табанымыз тигенде ағамыз өрімдей жігіт. Және тап сол кезде Барқытбелдің бір бөктерінде өзіне тиесілі отарын қайырып жүруі де әбден мүмкін. Анығында, қайырмайды. Үрдіс енгізгенін де естідік. Қой шаруашылығына. Тоқтыны алдына салғанда біліп отырған, өріске қалай үйретуді. Айналып, жайылады екен. «Кітап оқудың қамы. Шөбі шүйгін жерге саласың, сосын алдын орап барып, жантая кетесің. Тоқтылар сол тұсқа келеді. Оған дейін оқуға мүмкіндігің бар». Ойға оранып, қой бағып жүрген жігіттің қолтығында кітап, алақанында дәптер, бас бармақ пен балан үйректің ортасында қалам қыстырылғанын да елестетіп отырмыз. Жазады ғой. Және қалай жазады!

Қайрақ демекші. Мектеп табалдырығын енді аттаған кезіміз екен. Жездеміз су жаңа «Жигули» мінді. Көкем бейнелегендегі, Көккөлшіктегі туыстарын іздеді. Еріп алдық. Әлде өзі ерткен болар. Ол маңызды емес. Маңыздысы – сол жердің қариялары қазына екен. Арғы-бергі тарихқа жүйрік. Жердің жағдайын жақсы біледі. Күндіз тауға шыққанда көрсеткен, жалтыр тастардың асыл екенін. Кәдімгі қайрақ тастар. Қалтаға толтырып алып, көліктің жүк салғышына жасырдық. Тағы барып, тағы әкелдік. Ертеңінде тауға шығып едік. Қайрақ тастар көзден кетпеді. Теріп келдік. Солай екі-үш күн өтті. Енді қыдырып келушілерді Қызылкесіктегі ағайын қонаққа шақырды. Бәріміз көлікке отырдық. Су жаңа дедік қой, от алды. Бірақ, ыңыранып барып, өшеді. Ешкім түсінбейді. Біздер де. Жездем басын шайқайды. Сәлден кейін белгілі болды. Жүк салғыш қайрақ тастарға толып қалыпты. Салмақты болады екен ғой, өзі. Айтпақшы, ағам да салмақты. Қайрақтан қонған қасиет, шамасы.

Алдымен атын естідік. Сосын мақаласын оқыдық. Кейін мақтандық. Студент кезімізде: «Біздер де мынадай бар, мынадай бар». Мынадайдың бірі – өзі еді. Өзегін жарып шыққан шығармалары мақтануымызға әбден азық. Енді көрмекке қызықтық. Өзін. Сыртынан малданып жүрген ағаға өзгелермен бірге барсақ, мақаласын жіпке тізгенмен түрін танымасақ, әлде таңырқап тұрсақ... Ол болмайды. Оған дейін көруіміз керек. «Дәуірге» бір-екі рет іздеп бардық. Реті солай ма. Біз кіріп барғанда ағаның іс-сапарға кеткені мәлім болады да тұрады. Сәл кейін ептеп өзіміз де жұмысқа тартылдық. Штаттан тыс. Сол кезде жоқ іздеп жүргенімізден хабардар аға әрі әріптес сыбыр етті. Мүмкін айқайлап та айтқан шығар.  «Ағаң анда отыр». Тұра, зыттық. Отыратын жерін білетін едік. «Дәуірдің» дәлізімен жүре берсең табасың. Көмірдей қара шашы артқа қайырылған, көзәйнектің әдемісін киген, мұрты тұмсығын тіреген келісті аға «гранкінің» ішіне түсердей болып, отыр екен. Сәлем бердік. Лып етіп, орынан тұрды. Түрі жып-жылы. Өзіміз біртүрлі болып қалдық. Ойлағамыз ғой. Маңғаз ағаның маңында боламыз деп. Жоқ. Ондай емес. Оған өзіміз біртүрлі болдық. Сыптықтай дене, шалт қимыл. Көзінде от. Таққан әйнектің арғы жағынан жарқырап тұрды.

- Сөйле, батыр!

- Сол аға... не, танысайын деп...

- Жақсы болған. Танысқан жақсы. Ал, жөніңді айт.

- Жөн айтқанда, жолай сол, сәлем берейін деп...

- Әй, жақсы екен.. бүгін кезекшімін, мынау беттерді оқып жатыр едім ғой...

Тағы бірдеңелер айтылған шығар. Бірақ... Ол жағы есімде жоқ. Өзгелерден жырақ, алдымен өзім көріп алғаным қандай жақсы болған. Олардың көке санағандарын білеміз. Сызданып, қарсы алады. Ырғалып, орнынан тұрады. Ыңырсып сөйлейді. Әдемі ғой. Нағыз көке! Менің ағам, ағам болғанда сырттай малданып, өзгелерге сес көрсетуге жаратып жүрген көкем лып-лып. «Гранкы» оқығаны несі? Кезекші болатыны қалай? Менің бала көңілім, шынын айтқанда ағамның мен қабылдап жүрген көкелік келбеті сәл өзгеше еді. Өзгеше елестететінбіз. «Көкелікке» «шикі» ме, сонда? Кәдімгі өзіміз секілді. Кісілігі жоқ, кішілігі көп. Біз сүйсініп оқыған жүздеген мақаланың авторы осылай бола ма? Тым болмаса, қос қолды үстелге тіреп, жөткірініп барып, сөйлемей ме?

Тағы көрдік. Үстел теннисінің маңынан. Қарсы келгенін жапырып жатыр. Бірақ... Біз күткендей емес. Кішімен де құрдас. Үлкенмен де сырлас. Тым қарапайым. Сол кездегі біздің түйсіктің талаптарына мүлде сай келмейді. Ағаның шығармашылығымен жете таныс кез. Айттық қой, ұранымыз әрі туымыз. Онымен мақтанудан чемпионбыз. «Көзіріміз» мықты ғой. Өзгелерге айбынын асырып жүріп, өзіміз де биіктен орын беріппіз. Анау аспандағы ағаны кәдімгі жұмыр жерден көргенде, жер болғанда да кез-келгенді жақтырып, яғни кісі жатырқамайтынын көріп, кәдімгідей ойланып қалдық. Демек, көке танудағы кемшілігіміз ол.

Бірде үйден тауып алдық. Анығы, қолға ілінді. Әлде біреумен ілесіп келген. Немесе үйдегілердің бірі алдырған. Тасымал жағы бізге қатыссыз. «Президент пырағы» тұр. Ішіне «ендік». Ғажап! Жоқ, ол әдеби туынды емес. Бар болғаны тілшінің жолжазбасы ғана. Қалай жазады! Еске түсті. Құлтөлеу ағам сылқ-сылқ күледі. Бертінде. Сосын басын шайқайды. Қайта күледі. Көзінен жас шықты-ау деймін.

- Неге күле бересіз?

- Қайнекеңді айтам да...

- Бірдеңе болды ма?

- Болғанда. Компьютер алдында отыр екен. Тамсанып.

- Тамсанғаны қалай?

- Шынында да керемет жазады ғой. Шақырды. Оқытты. Оқыдық, қолын аламыз ғой. Қайнекең айтады, «әй, өзім де жазамын,ә».

- Жазады, ә?

- Жазады!

Жазғандарының біразын қолжазбадан оқыдық. Одан да ертерек екен. Өзі желісін айтып отырады. Кезектегі туындылардың. Майын тамызып тұрып, айтады. Сосын жазуға кетеді. «Жазу үшін –оқу керек». Ұраны, әрі ұстанымы. Көп оқиды. Айтады да. Айташы. Айтпақшы, ағам күнделікті пайдаланып жүрген бірнеше сәтті аударманың да авторы. Мысалы, зейнеткер сөзін айналымға шығарды. Қазір, бәріңіз де айтасыз, ия? Оқудың емес. Тыңдаудың өзі неге тұрады! Көккөлшіктегі тіршілікті алдымен тыңдадық. Аласанбай атаның ұрпағын көзге елестетіп. Жады не деген мықты! Бірде Өтежан ағаны көріп қалып, сәлем бердік. Жұмысқа келгенде ақынды көргенімді айтамын ғой. Көкем оқи жөнелді. Ақынның балладаларын. Жатқа біледі екен.

...«…Фашистерге талай жерде ит қостым,

     Қолдан келсе, қоныштан бас, сүйт, достым.

     Қашан орыс тілін біліп алғанша,

     Аш болғам жоқ, арқасында «Битқоштың».

     Жирен мұртын өртке талай жандырып,

     Талай жерге… қасық қанын қалдырып.

      Елге, сөйтіп, аман қайтты Кемелбай,

     «Битқошпенен» шөлін талай қандырып…»....

Осы жолдар біздің де санада жатталып қалды. Өлеңді жаттауда Қайнекеңе шендесер жан аз-ау. Тіпті Қадырдың өзін таңқалдырған. Өзге ақындарды да. Мағауинмен бір деңгейде сөйлесе алатын адам. Мағауиннің өз-өзіне көңілі толмай жүрген кезінде қанаттандырып жібергенін де естідік. Жарайды, ол жағына бармай-ақ қояйық. Біз «Хабардың» есігін ашқанда, «терезесінен» түскен ағам «Жеті күнге» мәтін жазады екен. Қолы бостау кезі ма екен, әлде біз қасынан шықпай, мазасын аламыз ба. Әңгімесін әбден тыңдаған кезіміз сол. Кейде ойландырады. Кейде толғандырады. Кейде күлкіге көмеді. Бірде олжалы оралды. Өзге ұлттың өкіліне сүйіп қосылған бір қарындастың қалың малын түгелдеп қайтыпты. Әркімнің қолына түсе бермейтін керім пышақ. «Қалыңдық айттырып, қалың мал берді дейсің бе, мынау аздап болсын өтеуі», - дейді. Тегін қарындас бола ма, дұрыс қой.

Қаныш ағаның көшесіндегі әлгі бір ғимаратта не оқиғалар орын алды ғой. Бірде Қайнекең тілшілерге келді. Төбе жақтан. Қасына жиналамыз. Кезекті мәтінді ойлана жазып, Бибігүл отырды. Анау жерден Жайна келді. Біз де солай бұрылдық. Ағам Әлімжанмен сөйлесіп тұр екен. Інісін ширатып отырады. Шабытын шыңдай ма, шеберлігі артсын дей ме. Әлде өзінің биігіне шыға алатын, тереңіне бойлай алатын үміті шығар... Әл-ағам әлде бір әңгіменің тиегін ағытыпты. Поэзия ма екен, әдебиет пе? Шамалауымша, сол сала. Інісін әзілмен іліп сөлейтін Қайнекең Әл-ағамды тоқтатты да:

- Өлең құрау оңай болса, қане шығаршы. Мынау, Бибігүлді қос. Аспанға қара, шабыт шақыр. Айнала тұнып тұрған тақырып қой. Ал, көрсетші қарымың мен қабылетіңді?

- Ой, Қайнеке, өлең шығару қиын дейсіз бе. Тақырып дейсіз ә, Бибігүл дейсіз ә? Қазір, қазір... Міне,

«Аспанда бұлт айналып,

сәлден соң құйды нұр. 

Ал, жерде ойланып,

отырды Бибігүл. Келді ме?

- Әй, жолбарысым деуші еді, мықты ағалар. Жолбарыссың! Бәрекелді, жақсы шықты. Міне, жігіт!

 Біз де, Бибігүл де мәз болып қалдық. Қайнекең тапқырылықты ұнатады, әрі бағалайды. Әл-ағамның қолын алды да, үстідегі жұмыс кабинетіне көтеріле берді. Ұнатқанды мойындайтыны тағы бір. Дарханға қол соғып тұрды. Әбдікке. Полиция туралы материалын Майлин кейіпкері арқылы түйреп өтіпті. Олардың деңгейі Құрымбайдан аспайтынын меңзеп. «Міне, теңеу, әрі тапқырлық», - деп шаттанды ағам. Тыңдатады да, тыңдайды да. Көбіне біздің елдің классиктері тыңдатқанға ғана құмар. Тыңдауға зауқы соқпайды. Ағам, алдымен тыңдайды. Сонысымен де ірі.

Жұмыс кабинеті демекші. Бірде кіріп барсақ, кассеталарға көміліп отыр. Қолында қалам, әлдебір құжаттарды толтырады. Сосын компьютерге үңіледі, Бізді көріп, басын көтерді.

- Төрлет, Аманжан

- Не істеп отырсыз?

- Ой, қызық болды. Үш қызым бар ғой. Құжат толтыратын. Кассета апаратын. Арнаның ішкі жұмыстарын атқаратын. Таңертең біреуі сұранды. Көңілін қимай жібердім. Түске таман екіншісі келді. Шұғыл шаруасы бар екен, қалай ұстап қаласың?

- Енді үшіншісі қайда?

- Қызығы сол болып тұр емес пе? Соған сеніп әлгі екеуін жібергем ғой. Жаңа келіп тұр, «аға сізден кеше сұранып едім ғой, жіберем дегенсіз»,- деп.

- Содан?

- Енді жібердім. Сөзде тұру керек қой. Сөйтіп үшеуінің жұмысын өзім істеп...

Ағам қарқ-қарқ күледі. Білдей деректірдің үш бірдей жұмысшысын жіберіп, солардың ісін өзіне артып алғаны.. Мынадай басшысы бар әлгі қыздар шынымен бақытты шығар..

Бақыт демекші. Ағам жылт еткен жаңалықты елден бұрын көреді. Күндердің бірінде Айзада жұмысқа алынды. Аға Серік Жанболаттың түскі үзілістегі кезекті шығармашылық концертінен кейін дамылдаған гитарасын ала салып, әлде бір әнді баяу ыңылдаған ғой. Қайнекем естіп қалыпты. «Ай астындағы Айзада қыз» деген кештің сценариін табан астында жазып тастады.

Ағам жайма-шуақ. Кез келген сәтте еркелеуге болады. Екі рет еркелікті ірке тұрдық. Саясатта демократия қанат жайған кез болды. Президент сайлауының қарсаңы. Дебат өтетін секілді. Үміткерлер арасында. Одан хабарымыз аз. Базар аралап жүргенбіз. Ағаның телефоны жарқ ете қалды. Алыста болсаң да, алуың керек. Өзінің бір жазғаны бар, «әріптес болса да балаң, балаң болса да әріптес», -дейтін. Айбар мен Айдынның бірін айтады. Өзі айтпақшы, «Аға болса да бастық, бастық болса да аға».

- Алло!

- Қайдасың?

- Сол базарда жүрген..

- Базары несі? Тез қайт! Үлкен бастық күтіп отыр.

- Аға, базарда жүрмін..

- Бұлғақты қой. Бері қайт!

Үні жұмсақ болғанмен, үкімі қатты. Қайттық. Жұмысқа келген бетте, өзі бағыттаған үлкен бастықтың қабылдау бөлмесіне ендік. Ағам қарсы алды. «Әй, іште үлкендер отыр. Дұрыстап амандас. Сосын сөздерін бөлмей, тыңда». Жолай естіген нұсқау осы. Ішке ендік, сөздерін бөлмей тыңдадық. Аса ештеңе ұқпадық. Ұқпайтынымыз, бізге мүлде қатыссыз дүние. Ақ үйден келгендер сауал қойған жағдайда, біздің қандай жауап беретінімізді қапысыз түсінген ағам алдымды орады. «Бар, шық, қалғанын өзім түсіндірем». Іле-шала қуып жетті. Айтып, түсіндірді. Көнгеннен кейін қайта кіргізді. Ол кезде мән-жайды да біліп, талай дүниені түсініп алғанбыз. Бас тартуға мұрша қалмады. Қалдырмаған – ағам. Айтты, бітті. Орындауымыз керек. Екіншісі, өзі бір кезекті керемет жобаны ойлап тапқаннан кейін ай өткендегі оқиға. Жүргізуші керек екен. Жалқаулыққа жақын жүрген кезіміз. Анау бейнет. Кешкіміз келмейді. Ағам екінші рет бұйыра сөйледі. Көңілін қалтыра алмадық. Бағындық.

Бірде өзіне шақырды. Мүмкін бірінші рет. Алыстан орағытып, әлденелерге жетеледі. Түпкі мақсат ол емес екенін біліп отырмыз. Не бүлдірдік? Көзіміз ағада, құлаққа айтқан сөзі қонып жатыр. Бірақ, ойымыз он орам. Қайда бастап барады? Нені меңзейді? Басымыздың қатып бара жатқанын ұғып, аяды, білем.

- Академик Сыздықованы танисың ғой?

- Әлбетте!

- Танысаң, сол кісінің өтініші. Егер өрең жетіп, қабылдай алсаң, талабы...

- Айтсаңызшы енді

- Шық ете қалмасын. Академик күнде кеңес бермейді..

- Қайнеке-ау, енді..

- Тұра тұр. Айтамыз. Айтпағанда. Дұрыс, өзің ойлап таптың. Жұрт сол сөзді тосып та отырады. Бірақ, Рәбиға апай айтады. Үндестік заңы, ол кісі біледі ғой. Жеңісті күндерде жолыққанша емес. Жүздескенше. Келіп тұр ғой, әй, қарашы өзің. Жеңісті күндерді жүздескенше. Апай айтты, Аманкелдіге кеңесім деп. Қандай тамаша! Не деген өрелі, мәдениетті, ия?

- Әрине. Түсіндім. Қабыл алдым. Академик апама мың алғыс. Бүгіннен бастап өзгереді.

Ағам қуанып қалды. Сөзді түсінетін некен-саяқтар қатарынан ғой. Көзәйнектің үстінен мәтініңе бір қарап, ұға береді. Әбден ысылған. Мықтыларды мойындап жүріп, өзін мойындатуға көшті қазір. Кез-келген ісі үлгі. Әлеужеліде дәріс береді. Қоғаммен бірге, қарбаласта. Қолы қалт еткенде кітап жазады. Үш-төрт жұмысты қатар атқаруға бейімделген. Бірді тыңдап, екіні жазып, үшінші жоспарды мида сапырады. Көзі айташыда. Өзі компьютердің ішінде. Бір өзі бір арнаны сүйреген кезі де болды.

Ағам қонақ шақырғанды өте жақсы көреді. Түс кезінде жұмыстан қолы бостардың біразы соңынан ереміз. Жеңгеміздің қолы ашық, пейілі кең, дастарханы мол. Жақсы қыз Жайна екеуі күтіп отырады. Жайна – ағамның қызы. Ерке әрі ақылды. Бәріміздің аты-жөнімізді әрі атқаратын шаруамызды біліп алған. «Хабардың» жаңалықтарын көреді. Сөзі де, өзі де тәтті. Ағамның аузынан түсіп қалғандай. Жайнаның әңгімесін тыңдап, жеңгейдің асын қарпып қайтамыз. Тосаптың тәуірі қайнатылған күні де, елден сыбаға жеткен кезде де, тәтті нанның жаңа бір рецепті табылған сәтте де сол шаңырақтамыз. Топ болып барып, тоқ болып ораламыз. Жеңгемізді де алғаш «Дәуірде» көргенбіз. Бухгалтерияда. Білдей маман. Сол кісінің алдында құрақ ұшатынбыз. Редакция-редакция болып. Сұсты көрінетін. Көп сөйлемейді. Біздің бухгалтер Салтанат әпшем екеуміз талай мейрамда құттықтадық қой. Енді – жеңгей! Қолы – дәмді! Әңгіме ағам жайлы еді ғой.

Бір күнде бағбан болып шыға келді. Бұрыннан қабілетті ме, жоқ дарын түбі таныла бере ме? Ағам бұл күнде бақшашы. Бауы жайқалып тұр. Көшетті жердің түбінен болса да, алдырады. Күтіп, баптайды. Мәпелеп, өсіреді. Жемісін елге ұсынады.Тұп-тура өз табиғаты. Әлгі материал жинайтыны, оны байыптап жазатыны, кейін оқырманға ұсынатыны секілді. Шығармасын біреуге оқытып, өзі сырттан бақылайтыны секілді, бақшасының жемісін үзіп беріп, сүйсініп жесең, тамсанып отырады. Құлтөлеу ағамша кетсек, «Қалай өсірем, ә!» Мықты өсіргенсіз, аға! Айтары жоқ...

Айтарымыз көп еді, негізі. Бірде көлікпен кетіп бара жатыр едік. Радио Қайнар ағамен сұхбат ұсынды. Не деген терең! Тағы бір қырынан танылып жатты. Былай дейді: «Біздің сөздік қорымыз сұйылып барады. Егер өзімді алсам, мен әкем Қалиақпардың сөздік қорының қырық пайызын меңгердім. Әкем өз кезегінде әкесі Олжайдың сөздік қорының ары кетсе қырық пайызын ұстап қалды. Менің балаларым ше?». Маңдайдан тер бұрқ ете қалды. Біз үшін Қайнар – мұхит секілді. Сонда Қалиақпар кім болды? Олжай ше? Қаншалықты азып барамыз, сонда? Қаншалықты кедейлендік? Қайнекеңнің ширегіне жетпейміз ғой. Оның есте сақтау қабілеті, естігенін жадында сақтап қана қоймай, қорыта алатыны. Ізденісі. Тапқырлығы. Режиссер Өркен Қайнекеңе жиі телефон соғады. Көбі мынадай мазмұнда, «Аға уақытыңызды алдым ия, бірақ таппай жатырмын. Бәленбай жыл бұрын, Түгіленбай деген кісі туралы материал өтіп еді ғой. Есіңізде ме? А, ия, ия? Қандай кереметсіз, Қайнар аға. Апта бойы іздеп таппап едім. Ия, дұрыс айтасыз. Енді тауып аламын». Қайнекең «Хабардың» қорын жатқа біле ме? Қай күні нендей материал өткенін де? Неткен қабілет.

Бірде ағам сырқаттанып қалды. Кәдімгідей жүдеді. Оны көріп біздің де бойымызды үрей биледі. Бір күні былай дейді: «Мен түсіндім. Өзімді ұмыта жаздаппын. Зерттедім. Шешімін таптым. Енді өзіммен де шұғылданам». Әл-ағам айтады.

- Қайнекең өзіне қараймын деп еді, білдің бе не екенін?

- Жоқ?!

- Масқара, мен білдім. Жаттығу жасайды, жанын аямай. Төселіп алыпты. Сенің спортшыларың қасында жіп есе алмайды. Міне, көрдің ғой, ұқыпты адам әр істе де үлгі.

Аға, сіз туралы бірдеңе айтқым келіп еді. Сіздің әлемге енемін деп, адасып қалдым. Айып етпейсіз. Біз сізді құрмет тұтамыз. О бастан. Ол –анық. Қалғаны бола жатар, ия? Құтты болсын, Алпысыңыз! Жетпіске жетемін деп АНТ ішіңіз!

Амангелді Сейітхан