Форумда Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов сөз сөйлеп, аталған заңдағы өзгерістер мен толықтыруларды ортаға салды. «Биылғы 24 мамырда Мемлекет басшысы кәсіпкерлік қызметтің реттелуін жетілдіру үшін тиісті заңға қол қойған болатын. Бұл маңызды құжаттағы түзетулер мен толықтыруларды енгізу оңай болған жоқ. Кәсіпкерлердің пікірі мен ұсыныстарын білу үшін жарты жыл бірлесіп жұмыс істедік. Содан кейін жарты жыл Парламентте осы өзгерістерді мұқият қарауға кетті. Бизнесті қайта реттеу және оның шығындарын азайту, әкімшілік кедергілерін жою және кәсіпкерліктің дамуын ынталандыру бойынша жүргізіліп жатқан саясат ескеріле отырып, заң мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалау, ақпараттық құралдарды реттеу, табиғи монополиялар субъектілері және квазимемлекеттік сектор көрсететін міндетті қызметтерді реформалау, реттеушілік әсерге талдауды жетілдіру, бизнес шығындарын түбегейлі төмендету, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтау және алып тастау, Қазақстанның «Doing Business» рейтингісінде позицияларын жақсарту секілді бағыттар бойынша әзірленді. Мәселен, мемлекеттің бақылау-қадағалау қызметін реформалау мәселесіне келсек, енді тексеруші кәсіпкерді бірден жазалауға жүгінбей, оған кемшіліктерін түзетуге уақыт береді. Мұны профилактикалық бақылау деп айтуға болады», деді министр.
Форумда кәсіпкерлер тарапынан министрге көптеген сұрақтар қойылды. Мәселен, «Сіз жаңа кәсіпкерлер салған нысанды монополистік коммуналдық қызметтерге тапсырудың белгілі бір мерзімі белгіленеді дедіңіз. Сонда ол қандай мерзім?» деп сұрады. «Ең ары кеткенде жарты жыл деп отырмыз» деп жауап берді министр. Осыған қосымша Жанат Ертілесова енді осы мәселе бойынша арнаулы сайт жұмыс істейтіндігін, кәсіпкер нысанды коммуналдық қызметтерге қосу жөнінде осы сайт арқылы өтініш бере алатындығын, бұл жағдай коммуналдық қызмет көрсетуші моно-
полистердің жаңа нысанды қабылдап алу жөніндегі әрекеттерін ашық қадағалауға алып келетіндігін жеткізді.
Форумда «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Жүрсінов сөз алып, аталған заң жобасын әзірлеуге кәсіпкерлердің белсене қатысқандығын, бұл белсенділіктің өзін ақтағандығын, кәсіпкерлер айтқан ұсыныстың 96 пайызы қабылданғандығын айтып өтті.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»