Атап айтқанда, Жаһандық қаржылық форум, Халықаралық капитал нарығының 2-ші Астана форумы, FinTech 2018, Ислам экономикасының Астана форумы, Transformers Roadshow: ғылым, технологиялар және инновациялар байқауы, «Қазақстан Еуразиялық экономикалық одағында: одан әрі даму стратегиясы» халықаралық конференциясы өтті.
Astana Finance Days баспасөз конференциясында Шанхай ғылыми зерттеулер орталығы төрағасының орынбасары және бас хатшысы Иде Цяо, АХҚО-ның Орталық Азиядағы ең ірі әрі ықпалды қаржылық орталыққа айналуына толық негіз бар екендігін жеткізді. Бүгінгі таңда Қытай Шанхай қаржы орталығының әлемдегі ықпалын арттыруға аса мән беріп отыр. Әсіресе, Азиядағы қаржы нарығында алар орнын нақтылап, қамту аясын кеңейтуді мақсат еткен. Өз кезегінде «Астана» қаржы орталығы мен Шанхай қаржы орталығы бірлесе жұмыс жасап, өзара тәжірибе алмасуға ниет танытып отыр.
– Шанхай мен Астанадағы қаржы орталықтары болашақта бір бағытта жұдырықтай жұмыла жұмыс жүргізіп, бір-біріне қолдау білдіреді деген сенімдемін, – деді Иде Цяо. Оның айтуынша, АХҚО-ның Қазақстан экономикасына қосар үлесі сүбелі болмақ. Бұл ретте қаржы саласының барлық бағыттарын әртараптандыруға, құнды қағаздар нарығының жүйелі жүргізілуіне тікелей ықпал етпек. Ең маңызды бағыттардың бірі – елге сырттан тартылатын инвестициялардың көлемі ұлғайып, экономиканың жандануына мүмкіндік туады.
– Әлемде асығы алшысынан түсіп тұрған ең ірі қаржы орталықтарының жұмысына қарасаңыз, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Екіншіден, қаржы орталығы орналасқан қалада қаржылық институттардың тұрақты жұмыс жүргізуі, банктер мен сақтандыру, лизингтік компаниялардың болуы міндетті. Бұған қоса, инфрақұрылым мен биржаның қалыпты жүргізілуі маңызды. Көріп отырғанымыздай, АХҚО-да Биржа ашылған. Бұл Орталық жұмысының ілгерілеуіне негіз болмақ, – деді Шанхай ғылыми-зерттеулер орталығы төрағасының орынбасары және бас хатшысы.
Астана Ислам экономикалық форумында сөз алған Ислам даму банкі (ИДБ) тобы президентінің ғылым, технология және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Хаят Синди ИДБ қазақстандық жобаларды қаржыландыруға дайын екенін хабарлады.
– ИДБ-ның дәстүрлі банктердің қатарына жатпайтынын, жан-жақты бағытта дамитынын айта кетейін. Адам капиталын жақсартуды көздейтін банк бүгінгі таңда 6 млрд адамға қызмет етіп, қаржылай көмек көрсетіп отыр. Банк тарапынан халықтың тұрмысын жақсарту бастамалары іске асырылуда. Нәтижесі де жаман емес. Ендігі міндет – ғылым мен инженерия саласын етене байланыстыру арқылы қауіпсіз платформаларда жұмыс жасауды жолға қою. Сонымен қатар Ислам әлемін экожүйе арқылы бір арнаға тоғыстырып, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты жандандыру назарға алынбақ, – деді Хаят Синди.
Оның айтуынша, банк қаржылық қолдау көрсетумен қатар, ғылым мен инвестор арасында дәнекер болып, өзара байланыстың орнауына ықпал етуді көздейді. Жаңа технологиялардың заманында оның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға кеңес береді.
− Ислам әлеміндегі ғалымдардың басын біріктіру арқылы жаңа белеске қол жеткіземіз. Осы бастаманы қолға алып отырмыз. Ғылымда технологиялық төңкеріске алып келетін жаңалық ашуға құштар жандарға 200 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржылық қолдау көрсетуге ниеттіміз.Оның аясында 4 санат бойынша қолдау көрсету жоспарланып отыр. Тұжырымдамаларды растау, стартаптарды іске қосу арқылы бекітілген жоспарларды бірлесе орындауға әзірміз. Ал ғалымдарға ортақ зертхана ашу мәселесінде өзге де әріптестерімізден қолдау күтеміз. Өз тарапымыздан 1 млрд АҚШ долларын бөлуді қарастырып отырмыз. Біздегі трансферттер мен қорлар, адами ресурстарды дамыту капиталы сіздер үшін де ашық екенін еске саламын, – деді Ислам даму банкі тобы президентінің ғылым, технология және инновациялар жөніндегі кеңесшісі. Бүгінгі күні Ислам даму банкі әлемдегі өзге де дін өкілдерімен жұмыс жасауға ниетті екенін, банк тарапынан қатысушыларға шектеу қойылмайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар Ислам даму банкі 50 мың АҚШ долларынан бастап, 1 млн АҚШ долларына дейінгі гранттарды қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Ислам даму банкі тобы президентінің ғылым, технология және инновациялар жөніндегі кеңесшісі сөз соңында қазақстандықтарды бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Астана Халықаралық капитал нарықтарының 2-ші форумы аясында өткен «Өтімді биржа құру: жаңа өнімдер және жасанды интеллектінің рөлі, цифрлы технологияларға өту» сессиясында Мәскеу Қор биржасының Басқарма төрағасы Александр Афанасьев жергілікті инвесторлар мен халықаралық инвесторлар арасындағы айырмашылық жайында айтып берді. Оның айтуынша халықаралық инвесторлардың тәжірибесі мол. Олар жергілікті инфрақұрылымға қандай талап қою қажеттігін жақсы біледі. Сондықтан жергілікті биржаға қолжетімділікті қамтамасыз ету өте маңызды деп есептейді.
Жаһандық қаржы форумында сөз алған Принстон университетінің Вудро Вильсон мектебіндегі халықаралық қатынастар профессоры Гарольд Джеймс:
– 2008 жылға дейін Нью-Йорк, Лондонда қаржылық жүйе қарқынмен дамыды. Бүгінгі күні дамушы елдерде технологиялық дамудың жаңа сатысы қалыптасып келеді. Бұл негізде экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін түрлі сценарийлер әзірленіп, мемлекеттердегі қаржылық жүйенің ұтымды әрі пайда алып келетін көздерін қарастыру жолға қойылған. Бұл бағытта Қазақстанның да әлеуеті аса жоғары деп есептеймін, – деді.
«Астана» қаржы орталығының ресми ашылуы қарсаңында әлемдік және Қазақстандағы қаржылық жүйенің жан-жақты дамуына бағытталған екі форум ертең жалғасын табады. Ауқымды шараға жер-жаһанның түкпір-түкпірінен атақты экономистер жиналып, Нобель сыйлығы лауреаттары мен халықаралық институттардың жетекшілері, қаржы саласының майталмандары қатысуда.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»