18 қаңтар – Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының XII сессиясы өтіп, жиынға «Халық бірлігі – тәуелсіздік негізі» дейтін атау бұйырды.
27 қаңтар – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту туралы» Жарлыққа қол қойды.
4 ақпан – Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы алдағы 3 сәуірге белгіленді.
8 ақпан – VII Қысқы Азия ойындары салтанатты түрде жабылды. Оған Елбасы Н.Назарбаев қатысты.
12 ақпан – қала басшысы И. Тасмағамбетов VII Қысқы Азия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген елордалық спортшыларды қабылдап, Елбасы атынан пәтер сыйлады.
17 наурыз – Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Елбасының қатысуымен Конгресс-холда мерекелік шара өтіп, жиын үстінде 400 отбасына пәтер кілті табысталды.
30 наурыз – Президент Н.Назарбаев Астанада тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы бойынша салынып жатқан «Жағалау-3» тұрғын үй кешенін аралап көрді.
3 сәуір – кезектен тыс Президент сайлауы өтіп, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Н.Назарбаев сайлаушылардың 95,5 процент дауысына ие болды.
8 сәуір – Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау рəсімі өтіп, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Президенті куәлігін салтанатты түрде табыс етті.
19 сәуір – Мемлекет басшысы елордада салып жатқан жаңа опера және балет театрының құрылысын аралап көрді.
23 мамыр – қала әкімі И.Тасмағамбетовтің төрағалығымен Астанада ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті.
25 мамыр – елордада Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы басталды. Тәуелсіздік сарайында өткен жиынға Елбасы – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі қатысып, сөз сөйледі.
10 маусым – Елбасы Н.Назарбаев қаланы көмкеріп тұрған жасыл белдеу – орман алқабын аралап, оған қырғауыл ұшырылып, елік жіберілген сәтке куә болды.
4 шілде – Елбасы Н.Назарбаев мемлекеттік рәміздер алаңында қала күнінің ресми ашылуына қатысып, әскери оқу орнының түлектеріне офицерлік шен тапсырды.
6 шілде – Прездент Н.Назарбаевтың қатысуымен бас қалада трамвай желісі құрылысының іргетасы қаланып, капсула қойылды.
26 шілде – Елбасы Н.Назарбаев Астанадағы ғылыми-зерттеу жобалау институтына барып, тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты қақпаның жобасын көрді.
25 тамыз – Қазақстанға ресми сапармен Корея президенті Ли Мён Бак келді. Оған «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
9 қараша – Елбасы Н.Назарбаев қала әкімі И. Тасмағамбетовті қабылдады. Қала басшысы елорданың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы уақытта пайдалануға берілетін нысандар жайлы, сондай-ақ ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуге даярлық барысы туралы Елбасын хабардар етті.
24 қараша – елорда басшысы И.Тасмағамбетовтің қатысуымен шаһардың инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жиын өтті.
9 желтоқсан – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев елордада «Тұлпар-Тальго» жолаушы вагондарын шығаратын зауыттың ашылуына қатысты.
16 желтоқсан – Астанада Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Мәңгілік Ел» қақпасының салтанатты ашылуы болды. Ресми шараға Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қатысты. Нысанның биіктігі – 20 метр. Қақпаның сол жақ қапталында «Ақсақсал» мүсіні орнатылған. Бұл – халықтың рухани өлшемінің көрінісі, даналық символы.
19 желтоқсан – Брюссель қаласында EFQM бас директоры Пьер Каше Астана қаласына сапа менеджменті жөніндегі Еуропалық қордың «Мойындалған жетістік» сертификатын тапсырды. Бұл құжат – сапа менеджменті жүйесін енгізуде бәсекеге қабілетті үздіктерге берілетін марапат.
Дайындаған Бекен Қайратұлы
«Егемен Қазақстан»