15 қаңтар – Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Парламент Мәжілісінің сайлауында «Нұр Отан» ХДП 81 процент дауыс жинап, жеңіске жетті.
27 қаңтар – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын жариялады.
19 наурыз – Мәскеуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ЕурАзЭқ Мемлекетаралық кеңесі және Еуразиялық Жоғары экономикалық кеңесі мемлекеттер басшылары деңгейіндегі отырысы өтті.
15 сәуір – «Астана құрдастары» атты байқау 11-ші рет өтіп, оған іріктеу сынынан сүрінбеген 16 оқушы қатысып, бағын сынады.
18 сәуір – Астана төрінде қазақ опера өнерінің негізін салушы, КСРО халық әртісі К. Байсейітованың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті.
18 мамыр – Конгрес-холлда жас орындаушылардың «Жас қанат» республикалық байқауы ұйымдастырылып, ақтөбелік жас әнші Димаш Құдайберген бас жүлдені жеңіп алды.
23 мамыр – Тәуелсіздік сарайында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен V Астана экономикалық форумы басталды. Оған дүние жүзінің 90 елінен 8 мыңға жуық адам келіп қатысты. Маңызды жиын кезінде жаһандық деңгейдегі мәселелер талқыланған 55 іс-шара өткізілді.
22 мамыр – Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 25-ші пленарлық отырысы болып өтті. Ол «Қазақстан – халықаралық сауда, логистика, іскерлік және қаржылық хабы» деген тақырыпқа арналды.
24 мамыр – «Астана инвест-2012» III халықаралық инвестициялық форумында отандық және шетелдік корпорациялардың 700-ге тарта өкілі Астананы іскерлік орталыққа айналдыру мәселесін талқылады.
30 мамыр – Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV құрылтайы басталды. Оған әлемнің 40 елінен 87 өкіл келді.
1 маусым – елордадағы Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған «Қасірет керегесі» атты жаңа монумент тұрғызылды. Оның аумағы – 0,175 гектар, биіктігі – 4,4 метр.
15 маусым – бас қалада түркі халықтарының «Дала баласыз, бала ойынсыз қалмасын» атты II Халықаралық ұлттық балалар ойындарының фестивалі басталды. Қатысушылар күллі түркітектестерге ортақ ойын: «Асық», «Шілдік», «Бестас», «Жетітас», «Тоғызтас», «Ортаға түспек», т.б. ойын түрлері бойынша сайысты.
20 маусым – елордада түркітілдес мемлекеттердің дәстүрлі орындаушылары қатысқан өнер фестивалі ашылды.
22 маусым – Астана әкімі И.Тасмағамбетов ҰБТ-ның қорытындысы бойынша үздік шыққан 75 жас түлекке «Алтын белгі» табыс етті.
6 шілде – Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Әзірет Сұлтан» мешіті ашылды. Зәулім ғимаратта бір мезгілде 5 мың адам намаз оқи алады. Алып ғимараттың жалпы аумағы – 17 700 шаршы метр, 130 адам сыятын 5 дәрісханасы бар. Вестибюль күмбезінің диаметрі – 15,2, биіктігі – 51, диаметрі – 28 метр. Төрт мұнара бар. Олардың әрқайсысының биіктігі – 77 метр.
12 қазан – Еуразиялық Медиа форумның кезекті жиыны алғаш рет елордадағы «Қазмедиа» телерадиокешені ғимаратында ұйымдастырылды.
18 қазан – Астанада I Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінің 20 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
23 қараша – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу үшін Парижде Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-ші құрылтайында Астана қаласы сынға түсті. Дауыс беруге қатысқан 161 мемлекеттің 103-і қолдап, нәтижесінде көрме бас қаламызда өтетіні белгілі болды.
1 желтоқсан – Қазақстан тарихының күнтізбесіне тағы бір жаңа мереке қосылды. Ол «Тұңғыш Президенті күні» деп аталды.
6 желтоқсан – Астана арнайы экономикалық аймағында электровоз құрастыратын зауыт ашылып, KZ8A сериялы алғашқы электровоздың тұсауы кесілді.
26 желтоқсан – Астанада күн батареяларын шығаратын зауыт пайдалануға берілді.
Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»