Қаржы • 04 Шілде, 2018

Мемлекеттік хатшы «Астана» халықаралық қаржы орталығының конференциясына қатысты

38 реткөрсетілді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Астана» халықаралық қаржы орталығының құқықтық мәселелер жөніндегі конференциясына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Жиынға Конституциялық Кеңес төрағасы Қ.Мәми, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ.Келімбетов, Халықаралық қаржы орталығы сотының төрағасы Л.Вульф, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары И.Рогов, Қазақстандағы елшіліктердің, мемлекеттік органдардың, халықаралық арбитраж орталықтары мен соттарының, жетекші заң және консалтингтік фирмалардың, қаржы корпорацияларының өкілдері және т.б. қатысты.

Конференцияны ашқан Г.Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Астана бүкіл әлемге тек жаңа елорда және саяси алаң болып қана танылып қоймай, сонымен бірге технология, қаржы, зияткерлік ресурстар құйылып жататын орталық ретінде де танылса дедім», – деп айтқан сөзіне назар аударды.

– Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығының бірі – бизнес жүргізуге мейлінше қолайлы жағдай жасау. Осы мақсатпен ел Президентінің бастамасы бойынша ертең тұсаукесері өтетін «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды. Бұл орталық әлемдік қаржы орталықтарының ең жақсы тәжірибелерін алатын болады. Бұл ретте құқықтық режімге айрықша көңіл бөлінеді. Бүгінде оның жұмысы Англия мен Уэльс құқықтары қағидаттарына, нормаларына және прецеденттеріне, сондай-ақ тәуелсіз сот жүйесі бар әлем мойындаған қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген, – деді Г.Әбдіқалықова.

Басқосуда құқықтанудың қазақстандық және шетелдік көрнекті қайраткерлері қаржы орталығының қызметі саласындағы өзекті мәселелерді, соның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығымен және дауларды шешу ісімен байланысты мәселелерді талқылады.

Соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова конференция барысында сындарлы сұхбат орнап, тығыз іскерлік байланыстар жолға қойылатындығына сенім білдірді.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар