Күрес • 04 Шілде, 2018

Бекзат Жалғасов қола алды

489 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Хорватияның бас шаһары – Загребте күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі басталды. Жарыстың алғашқы күні бес салмақ дәрежесі бойынша бәсекелер өтіп, Қазақстан құрамасының қоржынына бір қола медаль түсті. 

Бекзат Жалғасов қола алды

Жарысты еркін күрес шеберлері бастады. Біздің балуандар арасынан Бекзат Жалғасовтың жұлдызы оңынан туды. 65 кило салмақта сынға түскен қандасымыз бастапқы бәсекелерде Македония (10:0) мен Украина (10:3) өкілдерін тас-талқан етіп ұтқанымен, жартылай финалда Ресейдің сайыпқыраны Иналбек Шериевке (2:10) жол берді. Алайда бұл сәтсіздік Бекзаттың жігерін жасыта алған жоқ. Одан кейінгі белдесуде Грузия спортшысына (8:2) сан соқтырған Жалғасов қола медальді қанжығасына байлады.

Өкінішке қарай, сол күні боз кілемге шыққан Елдос Момбеков (48 кило), Әуез Сейітбаев (55 кило), Бекзат Аманғали (85 кило) және Ислам Тагиров (110 кило) жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Кеше тағы бес салмақта белдесулер өтті. Одан кейін қыздар мен грек-рим күресі шеберлерінің бәсекелерін тамашалайтын боламыз.  

Еркін күрестен өткен жарыстың алғашқы күні Әзірбайжан құрамасының қарқыны күшті болды. Сол елдің Әлихасан Әмірлі (48 кило) мен Тұран Байрамов (65 кило) сынды жас өрендері бас жүлдені олжалады. Сонымен қатар, өзбекстандық Жамшидбек Маруфов (55 кило), ресейлік Дмитрий Елканов (80 кило) және ирандық Әмір Хоссеин Аббас Заре (110 кило) алтын тұғырға көтерілді.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ