Өткенді еске алмай бүгінгінің бағасын беру қиын. Оның үстіне жақсы мен жаман да салыстыру арқылы бағамдалса керек. Ендеше, еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы өтпелі кезеңнің ең бір қиын жылдарына бір көз жүгіртіп көрелікші. Мәселен, ең қиюы кеткен 1999 жылды алайық. Сол жылы Қазақстанда тұратын әрбір 100 мың адамның 48 мыңға жуығы түрлі ауруға шалдыққан еді, яғни екі адамның бірі сырқат деген сөз. Өлім көрсеткіші 1990 жылы 1000 адамға шаққанда 7,7 болса, 1999 жылы 9,6 адамға жеткен. Бір жасқа дейінгі тірі туылған әрбір 1000 баланың 21-і шетінеп, нәресте әкелген немесе босануы тиіс ананың әр 100 мың адамға есептегенде 64-ке жуығы қайтыс болған. 1990 жылы әрбір мың адамға шаққанда 21,7 сәби дүниеге келсе, 1999 жылы оның саны 14-тен аспаған. Яғни, туу екі есеге азайған. 1990 жылы Қазақстандағы халықтың орта жас көрсеткіші 68,6 (еркектер 68,8, әйелдер 73,1 жас) болса, 1999 жылы 64,8-ге (1997 жылы еркектер 59, әйелдер 70,2 жас) кеміген. Дүние жүзі мойындаған (Алматы декларациясы) алғашқы медициналық көмектің 1990 жылға қарағанда 1997 жылы оның елу пайызын жоғалтыппыз. Осылайша, қасықтап жинағанымызды бір-ақ күнде шашып жібердік. Жарайды, ол жылдары қаражат жетпеген шығар, бірақ қолда барды ұқыпты жұмсай да алмадық. Қаладағы 800 төсектік аурухананың 200-ін қысқартсын, ал жап-жақсы жұмыс істеп тұрған ФАП-тарды, амбулаторияларды жаптық та тастадық. Соның салдарынан жергілікті жердегі сырқаттанушылық көбейіп, әйелдеріміз үйде босана бастады. Мәселен, 1991 жылы үйде босанғандар саны 1897, яғни жалпы босанғандардың 0,5 пайызын алса, 1999 жылы бұл сан 3500-ден асып, 1,6 пайызды құраған. Міне, осындай кемшіліктерді жөнге салып, болдырмаймыз деп жыл сайын «тәжірибе» жасап, реформа енгіздік. Мәселен, Үкіметке ақшаны үнемдеу үшін жасалған отбасылық дәрігерлік амбулатория, одан кейін міндетті медициналық сақтандыру – міндетсіз болып шықты. ММС-тің 2 млрд. теңгесін жымқырған Талапкер Иманбаев әлі ізім-қайым жоқ. Осылайша, бірнеше жыл әр жүйенің басын шалып жұмыс істегеннен, сала әбден әлсіреген еді. Біз бүгін еліміздегі денсаулық сақтау саласының ең қыры кетіңкіреп, халық үздіксіз жүргізілген реформалардан шаршаған кезде Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттікті басқарған, бүгінде Х.Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мәрия ОМАРОВАҒА жолығып, әлеуметтік саланың ең негізгі буыны саналатын денсаулық сақтаудың өткені мен бүгіні жайында айтып беруін өтінген едік.
– Мәрия Нұрғалиқызы, бүгінде сіз денсаулық сақтау саласындағы білікті ұйымдастырушы, әрі ғылыми мекемені басқарып отырған басшы, ғалым ретінде айтыңызшы, тәуелсіздіктің алғашқы оншақты жылында медицинаның соншалықты төмендеуінің негізгі себеп-салдары неден болды деп ойлайсыз?
– Иә, ол бір қиын жылдар еді ғой. Меніңше, ең басты себебі, бағыт-бағдар сілтейтін тұжырымдаманың, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының өз жеке бағдарламасының болмағандығынан. Сондықтан елімізде сол уақыттары бұл салада қайда барып тірелетініміз, неге қолымыз жететінін болжау қиын болды. Тұжырымдама дегеніміз не? Ол – теория, яғни осы салада жүрген мамандардың көзқарасы. Сол көзқарас түрлі ведомстволардың ойымен қабыспай жатты. Себебі – денсаулық сақтау саласы жалғыз өзі ешнәрсе шеше де, істей де алмайды. Демек, оны жазып, қағазға түсіру мен нақтылы жүзеге асырудың арасында көлденең тұрар кедергілер жеткілікті болатын. Ол кезде тұжырымдаманы ақшамен өлшеу мүмкін емес еді. Оны жүзеге асыру үшін міндетті түрде бағдарлама жасау керек. Ал оның тағдыры ең соңында келіп қаражатқа тіреледі. Мен агенттікті басқарған кезде сол тұжырымдаманы жасауды қолға алдық. Одан кейін ол талқыланып, ұсынылған ой-пікірлер ескерілген соң қажетті министрліктерге таратылды.
Сондай-ақ агенттік Президенттің «ҚР азаматтарының денсаулық жағдайын жақсарту жөніндегі бірінші кезектегі шаралар туралы» (18.05.1998) және «Халық денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасы туралы» (16.11.1998) жарлықтарын іске асыру мақсатында 1999-2000 жылдары заңдық, құқықтық және нормативтік базаны жасау жұмыстарымен айналысты. Міне, сол уақыт аралығында біздер мемлекеттік бағдарламаның негізгі міндеттерін іске асыруға бағытталған 34 нормативтік құқықтық акті қабылдадық. Үкіметтің 2000-2002 жылдарға арналған жалпы мемлекеттік іс-қимыл бағдарламасы негізінде барлық облыстық әкімдіктер бекіткен «Халық денсаулығы» аймақтық бағдарламалары қабылданды. Сондай-ақ агенттік 2000-2001 жылдарға арналған жұмыс жоспарында Үкіметтің «Денсаулық сақтауды одан әрі дамыту тұжырымдамасы» қаулысының жобасын әзірлеп, қабылдады. Міне, осындай бірқатар қаулы, бағдарламалар жұмыстың бағыт-бағдарын анықтап, денсаулық сақтау саласында жағдайдың одан кейінгі уақыттарда дұрыс бағыт алып оңалуына өз септігін тигізді деп ойлаймын.
– Сіз агенттікті басқарған жылдары дәрігерлердің жағдайы да мәз емес еді ғой...
– Шынында да, маған денсаулық сақтау саласын басқару еліміз нарықтық экономиканы таңдағанмен, оны дамытудың тетіктері іске аса қоймаған, халықтың күнкөріс қамының ең ауыр уақытына дөп келді. Соның салқыны дәрігерлерге де тимей қойған жоқ. Айлап жалақысын ала алмады, кәсіби білікті мамандар жұмыс орындарынан кетуге мәжбүр болды. Бүгінгі күні қолданылып жатқан құрал-жабдықтар, аппаратуралар, соны технологиялар туралы тек армандайтынбыз. Мен бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, еліміз егемендігін алған жылдары қиындыққа мойымай медицинадан теріс айналып кетпеген нағыз өз ісінің майталмандары – дәрігерлерге рахмет айтқым келеді.
– Енді қазіргі таңдағы Қазақстанның жеткен жетістігі мен оның денсаулық сақтау саласындағы бүгінгі жағдайы жайлы салыстырып айтып көрсеңіз қайтеді?
– Шүкір, бүгінде еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы жағдай мүлдем басқаша, тіпті, жер мен көктей өзгерді десем, артық айтқандық емес. Мемлекетіміз өзінің даму тарихында қазіргі заманға лайық, бәсекеге қабілетті және қоғам өмірінің әртүрлі салаларында кең көлемдегі реформаларды табысты іске асыратын елге айналып отыр.
Салыстыру үшін еліміздің 2005-2010 жылдар аралығындағы халықтың денсаулық көрсеткішін алайын. Міне, бұл жылдарда халықтың науқастануы мен медико-демографиялық жағдайда алға басулар анық байқалды. Демографиялық жағдайдың жақсаруы, бала туу деңгейі 2005 жылы 18,42-ге, 2008 жылы 22,75-ке дейін өссе, өлім-жітім көрсеткіші (9,74) тұрақтанды (2005 ж. – 10,37). Халықтың табиғи өсу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,01-ге (2005 ж. – 8,05) дейін артты. Сәбилер өлімінің деңгейі 2005 жылы 1000 тірі туылғанға шаққанда 15,1-ге дейін кеміген. 2008 жылдан тірі және өлі туылғандар критерийлерін енгізгеннен бастап сәбилер өлімінің көрсеткіші 20,7-ні құраса, 2009 жылы 1000 тірі туылғандарға шаққанда 18,4-ке дейін төмендеген. Өткен бес жылдықта халықтың әлеуметтік маңызы бар аурулардан өлімі мен таралу көрсеткіштері де кеміген. Туберкулезбен науқастану мен өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 147,3-тен 12,5-ке дейін азайған. Қатерлі ісіктің жаңадан пайда болу көрсеткіші де төмендеп отыр.
Денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштерінің динамикасын алсақ, денсаулық сақтау саласына бағытталған бюджеттік қаражат жыл сайын өсуде. 2004-2009 жылдар аралығында тегін медициналық көмектің кепілденген көлемін қаржыландыру 90,5 млрд. теңгеден 273,1 млрд. теңгеге артты. Соңғы жылдары денсаулық сақтаудың адам басына шаққандағы жұмсалған қаражаты 8 740 теңгеден (2004 ж.) 30 373 теңгеге (2009 ж.) дейін өсті. Денсаулық сақтаудағы медициналық ғылымды қаржыландыру көлемі көбейді. Егер ол 1996-1997 жылдары 170 млн. теңгені құраса, 2009 жылы денсаулық сақтау саласының қолданбалы ғылыми зерттеулері бойынша ғылыми-техникалық жобаларды жүзеге асыруға 1 млрд. теңге, ал 2010 жылы жалпы денсаулық сақтау саласына 566,9 млрд. теңге бөлінген.
Мен айтар едім, бүгінде медицинада жұмыс жасауға барлық жағдай, мүмкіндіктер жасалған. Астанамызда қандай керемет клиникалар бой көтеріп, халықаралық стандартқа сай ең соңғы үлгідегі заманауи технологиямен жабдықталған. Мәселен, 2008 жылы денсаулық сақтаудың алты инновациялық орталығын біріктіретін Ұлттық медициналық холдингі, Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы, республикалық балалар сауықтыру, Республикалық диагностикалық, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық, Республикалық ғылыми нейрохирургия орталықтары, сондай-ақ Президентіміздің 100 аурухана, 100 мектеп бағдарламасы бойынша еліміздің бірқатар өңірлерінде бұрын түсімізге кірмейтін қазіргі заманға лайықталып салынған медициналық нысандар бой көтеріп, ел игілігіне қызмет көрсетуде.
– Медициналық білім мен ғылымға да айтарлықтай көңіл бөліне бастағаны да өзімізге белгілі.
– Әлбетте. Мәселен, денсаулық сақтау саласының республиканың медициналық және фармацевтикалық біліміне қатысты көздеген оң беталысы жөнінде айта кету керек. 2010 жылы бұл саладағы өзгерістердің бірінші сатысы – медициналық және фармацевтикалық білімді реформалау тұжырымдамасын жүзеге асыру аяқталды. Алдыңғы қатарлы халықаралық практикаға негізделген, жаңа білім беру стандарттары мен технологиялары, медициналық және фармацевтикалық мамандарды дайындаудың жаңа үлгісі енгізілді. Медициналық жоғары оқу орындарын институционалдық аккредитациялаудың ұлттық стандарттары жасалып, сәтті жүзеге асуда. Ағымдағы жылы алдыңғы тұжырымдаманың жалғасы болатын, 2011-2015 жылдарға бағытталған медициналық және фармацевтикалық білімді дамытудың жаңа тұжырымдамасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітіліп, жүзеге асырыла бастады. Ғалымдарымыз халықаралық конференцияларға қатысып, онда баяндама жасап жүр. Мысалы, мен жақында Беларусь Республикасы мен Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық конференцияларда Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында баяндама жасап қайттым.
Иә, қазіргі кезде ғылымды реформалау саласында белсенді жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде айтпай өтуге болмас. Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық ғылыми қоғамдастық интеграциясын құру, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, ғылыми медициналық зерттеулер ұйымдастыру қағидаларын халықаралық тәжірибеге сәйкестендіріп, жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін басым зерттеулерді таңдау және Финляндия, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты әлемнің бәсекеге қабілетті мемлекеттерінің тәжірибелерінде ескерілетін, процедуралар мен операциялық мәселелердің егжей-тегжейін анықтай отырып, оларды қаржыландыру тетігін қайта қарау негізінде қазіргі заманға сай бәсекеге қабілетті басқару үлгісі жасалып, енгізілді. 2008-2012 жылдарға ҚР медициналық ғылымын реформалау тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында ғылыми консорциум ұйымдастырылып, оған біздің ғылыми орталық қатысты.
Қолда бар ғылыми әлеуетті сақтау және жетілдіру үшін Үкімет денсаулық сақтау саласындағы зерттеулерді қаржыландырудың жаңа жүйесін ұсынды. Оның үш түрі бар: базалық, бағдарламалық-мақсаттық, гранттық (соңғы екеуі конкурс негізінде жүзеге асырылады). Бұл жүйе ҚР жаңа «Ғылым туралы» заңында қарастырылған. Жаңа үлгінің мақсаты – ғылыми мекемелерді қаржыландырудан перспективті ғылыми-зерттеулер жобаларын басқаруға көшу.
Баршаға мәлім, елімізде «Саламатты Қазақстан» атты ҚР денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылданып, соған сәйкес, 2011-2015 жылдарға бағытталған ҚР медициналық ғылымын жетілдірудің басым бағыттары анықталды. Мәселен, біздің ғылыми орталықта аталмыш бағдарлама аясында медициналық иммунологиялық препараттарды жаңалау және кеңейту жоспарланып отыр, дәлірек айтсақ алдағы уақытта біздің орталықта жасалған отандық препарат – сұйық бактериалдық интерферон индукторының (СБИИ) өндірісін арттырмақпыз.
Міне, көріп отырғаныңыздай, тәуелсіз республикамыздың тәуелсіздігі кезеңінде денсаулық сақтау саласында түбегейлі оң өзгерістер орын алды. Егер бұдан әрі қарай ғылымды реформалау саласындағы жасалған қадамдар Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан қолдауын тапса, онда Қазақстан жақын болашақта әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына кіретініне сенімім мол.
– Мәрия Нұрғалиқызы, естуімізше, Сіз тәуелсіздік алғаннан кейінгі елең-алаңға дейін қазақша мүлдем білмейтін маман болсаңыз да намысқа тырысып, докторлық диссертацияны қазақ тілінде қорғаған алғашқы медик ғалым көрінесіз.
– Оныңыз рас. Орыс мектебін күміс медальға бітірдім. Алматы мемлекеттік медицина институтында оқыған кезімде Лениндік стипендиант атанып, аспирантураны Белоруссияның Ұлттық ғылым академиясының Физиология институтында өткіздім. Тек орысша ойлап, орысша сөйледім. Кандидаттық диссертацияны 1983 жылы орыс тілінде қорғадым. 1978-80 жылдары Мәскеудің кітапханаларында жұмыс істеген кезімде ондағы латыш, эстон, грузин тілдерінде қорғалған көптеген диссертацияларды кездестіріп, таңғалдым. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алып, ана тіліміз мемлекеттік тіл болып қабылданған тұста «Неге маған докторлық диссертациямды қазақ тілінде қорғамасқа?» деген ой келді. Содан қазақ тілі грамматикасын үйрене бастадым. Сөйлеуді тездету үшін өлеңдер, әндер жаттадым. Сол жылы, мединститутта бірнеше жыл сабақ беріп жүрген анатомия кафедрасынан қазақ тілінде сабақ беру үшін жалпы гигиена кафедрасына ауыстым. Әрине, алғашқы өткізген лекцияларым мен семинарларым қиынға соққаны рас. Екі жылда қазақ тілін үйреніп, гигиена бойынша білімімді жетілдіріп, алғаш рет қазақ тілінде Алматы қаласы бойынша қоршаған ортасының сапасын зерттеуді қорытындыладым. Ал 1994 жылы докторлық диссертацияны қазақ тілінде сәтті қорғап шықтым. Бұл жылдар өмірімдегі ең қызықты жылдар деп бағалаймын. Әрине, қиындықтар болды. Мәселен, ҒБМ мемлекеттік тілдегі бірінші диссертацияны сараптайтын мамандар таба алмағандықтан, жұмысымды бір жарым жылға дейін бекіткен жоқ. Бір ғана өкінішім, әкемнің жұмысымның бекітіліп, менің ғылыми еңбегімді қазақша қорғағанымды көре алмай арманда кеткені. Бүгінде өзімді денсаулық сақтау саласын басқарған тұңғыш әйел болғанымды емес, докторлық диссертацияны мемлекеттік тілде қорғағанымды мақтан тұтамын. Артынша әріптестерім «қазақ тілін үйрену үшін не істеген жөн?» деп сұраған кезде, оларға «ұлттық намыс» деп жауап беретінмін. Қазіргі таңда біздің ғылыми орталық мемлекеттік тілді жетілдіру бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асыруда. Орталық іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізетін алғашқы мемлекеттік мекемелердің бірі болып табылады.
– Тұщымды да тартымды әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
Алматы.