Қазақстан • 04 Шілде, 2018

Қостанайда «Аяла» қайырымдылық қоры облыстық балалар ауруханасына жабдықтар сыйлады

444 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Республикалық «Аяла» қайырымдылық қоры «Өмір сыйлайық» жобасының аясында Астана қаласының 20 жылдық тойы құрметіне  облыстық балалар ауруханасына  шала туған нәрестелерді күтіп-бағуды жеңілдету үшін  еуропалық сападағы құны 16 миллион теңге тұратын медициналық жабдықтарды сыйға тартты. 

Қостанайда «Аяла» қайырымдылық қоры облыстық балалар ауруханасына жабдықтар сыйлады

Медициналық жабдық құрамында ауыр жағдайдағы нәрестелер мен шала туған  сәбилерді емдеуге, күту барысында сыртқы ортаның  оңтайлы жағдайларын жасауға арналған Amelie  қарқынды  терапия инкубаторы орнатылады.  Мұның бағасы  6 млн 700 мың теңге тұрады. Сонымен қатар 4 млн 460 мың теңге тұратын  Amenic ашық және жан сақтау жүйесін дәрігерлер  шала туған сәбилердің және айы-күні жетіп туған нәрестелердің жан сақтау және одан кейінгі күтім шаралары кезінде пайдаланады.

– Amelix үш фототерапия шамының құны 2 млн 940 мың теңге тұрады. Олардың сәулесінің астында сары ауру туғызатын билирубин деңгейі жоғары сәбилерді ұстаймыз. Бұл аппараттың кереметтігі емдеу ешқандай дәрі-дірмексіз өтеді. Қарқынды терапияда жатқан науқас балалардың өмірлік аса маңызды көрсеткіштерін мына екі монитор арқылы бақылап отырамыз. Оларды «Аяла» қоры 1 млн 900 мың теңгеге әперіп отыр. Қысқасы осы  заманауи медициналық жабдықтардың барлығы да ауруханада бар. Бірақ олардың  кейбірінің тозығы жетіп келеді,  әрі науқастарға жетімсіз болатын. Енді бізге қосымша күш келді деп білеміз, – дейді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Игорь Белобрежинский.

«Аяла» қайырымдылық қорының облыстық балалар ауруханасына жабдықтарды тапсыру шарасына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты.

– Астананың 20 жылдығы қарсаңында облыста игі шара өтіп отыр. Елбасы денсаулық сақтау саласындағы қызмет сапасын  жоғарылату әрдайым тапсырып келеді. Облыста сол тапсырмалар орындалып келеді. Көптеген денсаулық сақтау  нысандарына күрделі жөндеулер жасалды, медициналық құрылғылар сатып алынып жатыр. 2018 жылы тек осы медициналық құрылғылар мен жабдықтар үшін облыс бюджетінен 2,8 миллиард теңге бөлінді. Денсаулық сақтау саласының қызметі жақсара түсуі үшін бұл да жеткіліксіз. Сондықтан демеушілер көмегі әрқашан да қажет. «Аяла» қайырымдылық қорының бүгінгі шарасы осындай игі істің бірі, – деді Архимед Бегежанұлы.

«Аяла» қайырымдылық қоры медициналық жобаларының жетекшісі  Берік Даржанов тек облыстық ауруханаға ғана емес,  мәдениет және білім саласына да көмек беретінін айта келіп, ол Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №2 Қостанай  түзету мектеп-интернатына, Лисаков және Арқалық қалаларындағы осындай мекемелерге,   интерактивтың тақталар сертификатын табыс етті.  Сондай-ақ Сарыкөл ауданындағы аудандық кітапханаға 1 млн 536 302 мыңға балалрға арналған кітаптар сатып алынғаны жөнінде сертификат тапсырды.  Осы кітапханаға  қомақты қаржыға цифрландыру құрылғылары да табыс етілді.

Қор мамандары осындай қайырымдылық іске демеушілік жасаған қор мен қазақстандықтар Halk onlaine banking және SMS («Билайн», Ксеll, Activ, Tele2) арқылы қаржы жиналғанын,     қарапайым қазақстандықтар  «Эйр Астана» сату офистерінде, «Қағанат» асханалар желісінде, Mamma Mia мейрамханалар желісінде орнатылған бокстарда түрлі ақша сомаларын қалдырғанын айтты.

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай