Аймақтар • 04 Шілде, 2018

Алматының экологиясы жақсарады

485 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел экономикасының ары қарайғы дамуын және оңтүстік астананы заманауи үлгіде дамытудың тетіктерін қамтамасыз ету бағытында қолға алынған «Алматыны дамытудың 50 драйвер-жобасы» аясында қазіргі кезде көптеген жобалар жүзеге асып келеді. Осы орайда ағымдағы жылы қоршаған ортаға экологиялық жүктемені төмендету мақсатындағы игі бастамаларды атап өтуге болады. Бұл жоба  инновациялық технологияларды тартумен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға,  қаланың қоршаған ортасына түсетін экологиялық жүктемені төмендету мүмкіндігін береді.

Алматының экологиясы жақсарады

Осы бағытта мегаполис басшысы Бауыржан Байбек қоқыс сұрыптайтын жаңа кешеннің, газбен жүретін автобустарға арналып салынып жатқан коммуналды парктің және электроавтобустардың соңғы түрлерін шығаратын зауыт құрылыстарының жұмыс барысымен танысты.

Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, қазіргі кезде «FalconEuroBus» қазақ-неміс компаниясы тарапынан электроавтобустардың үшінші түрін шығаратын зауыт құрылыстары жүргізіліп, жалпы алаңы 7 мың шаршы метрді құрайтын жинау-сырлау цехының, жабық тұрақ пен қойма бөлмелердің құрылыстары аяқталуға жақын. Жобадағы жеке инвестиция көлемі 15 млрд. теңгені құрайды.

Жұмыс сапары барысында қала әкімі сонымен қатар жылдық қуаты 550 мың тонна  тұрмыстық қатты қалдықтар мен қоқыс  өңдейтін әрі сұрыптайтын жаңа кешен құрылысымен де танысты. Жуық арада итальяндық жабдықтар іске қосылып, жөндеу жұмыстары аяқталатын болады. Мұнда жұмыстың барлығы кешенді басқару жүйесі арқылы атқарылады,  ал полигонға қаупі аз және  биобұзылғыш заттар жіберіледі де, кейіннен қайта өңдеуге алынады.

Газбен жұмыс істейтін 200 жолаушы автобусына қызмет көрсететін жаңа коммуналды автобус паркінің құрылысы да қарқынды іске асуда.

 «Алматыны дамытудың 50 драйвер-жобасы» жобасы аясында Ал 2021 жылға қарай Алматы аумағындағы төрт мың жеке үй газдандырылады. Экологиялық қоғамдық көліктер  іске қосылады. Қазірдің өзінде автопарктердің 60%-ы  газбен жүретін автобустар мен троллейбустармен қамтамасыз етілген. Автобус парктері  30%-ға жаңартылып, метроның 2 жаңа бекеті салынуда. Бүгінде 12 электрожабдықтау станциясы жұмыс істесе бұл көрсеткіш  2019 жылдың соңына қарай 47-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ