Жеңіл атлетика • 05 Шілде, 2018

Жеңіл атлетикадан халықаралық «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы» аяқталды

644 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Орталық стадионда жеңіл атлетикадан халықаралық «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы» аяқталды. Екі күнге созылған жарыста 36 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Оның ішінде 18-і ерлер, 18-і қыздар арасында үлестірілді.

Жеңіл атлетикадан халықаралық «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы» аяқталды

Биылғы байрақты бәсекеге Еуропа, Азия, Африка құр­лығында орналасқан 10 елдің ең үздік атлеттері қатыс­ты. Атап айтар болсақ, Қазақ­стан, Грузия, Иран, Әзер­байжан, Тәжікстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Сирия, Түрікменстан мен Кениядан 300-ге жуық спортшы қашық­тыққа жүгіру, секіру, ядро лақтыру, лақтыру (найза, диск, балға) сайыстарынан бақ сынады.

Жарыстың алғашқы күнін­дегі 100 метрге жүгіруден қыз­дар арасындағы сайыс­та еліміздің қазіргі таңдағы үздік спринтері Виктория Зяб­кина чемпион атанса, 400 метрге жүгіруден Шығыс Қазақ­стан облысының спортшысы Элина Михина жеңіске жетті. Ал 1500 метрдегі сайыс­та Altay athletics клубының кениялық атлеті Каролин Кипкируи ешкімге мүмкіндік қалдырған жоқ. 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Әйгерім Шыназбекова топ жарса, ерлер арасындағы бәсекеде 2018 жылғы Азия чем­пионатының қола жүл­дегері Давид Ефремов же­ңіске жетті.

400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден ерлер арасында Дмитрий Коб­­лов, әйелдер арасында Свет­лана Кузнецова алтын жүлдені иеленді. Ядро лақ­­тырудан ерлер арасында Иван Иванов (19.21 метр), қыздардан грузиялық Софико Чатиришвили топ жарды (14.84). Секіру сайыстарында да қазақстандық атлеттер ешкімге дес берген жоқ. Алдымен биіктікке секіруден Надежда Дубовицкая жарыс жеңімпазы атанса, сырықпен секіруде Анастасия Ермакова, ұзындыққа секі­руден Екатерина Эктова бас жүлдені еншіледі. Рим Олим­пиадасының күміс жүл­десін иеленген Ғұсман Қоса­новтың өзі жүгірген 100 метрдің алтын жүлдесі бұл жолы шетелдік спортшының еншісінде кетті. Ираннан келген Реза Хасейми жеңіп алды. Ол сондай-ақ осы сайы­с түріне тігілген 1000 АҚШ долларына ие болды.

Екінші жарыс күнінде ерлер арасында 400 метрге жүгіруден Михаил Литвин чемпион атанды. Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы жеңіске жетіп қана қоймай, Қазақстанның рекордын жаңартты. 22 жастағы атлет 400 метрді 45.50 секундта жүгіріп өтті. 200 метрге жүгіруден ерлер арасындағы сайыста Владислав Григорьев пен қыздар арасындағы бәсе­кеде Виктория Зябкина қата­рынан екінші жыл Ғұсман Қосанов Мемориалы жарысында жеңіске жетті. 800 метрге жүгіруден ерлер арасында Владислав Григорьев, әйелдер арасында Маргарита Мұқашева топ жарды.

Сондай-ақ 5000 метрге жүгіруден Дмитрий Иван­чуков, Гүлшаной Сатарова, үш қарғып секіруден жас спорт­шылардың бірі Ирина Эк­това чемпион атанды. Диск лақтыру бәсекесінде Ма­рия Телушкина мен Александр Мамонтов, балға лақ­тыру сайысында Диана Нү­­сіп­бе­кова мен Мерген Мам­­ме­дов (Түрікменстан), най­­­за лақ­тыру бойынша Са­мо­бар Эр­кинова (Өзбекс­тан) мен Аким Дементьев (Өз­бек­с­тан) жарыс жеңімпазы атанды.

100 метрге жүгіру бойынша командалық эстафетадан Қазақстанның ерлер және қыздар құрамасына лайықты қарсылас табылмады.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»