Футбол • 05 Шілде, 2018

ӘЧ-2018: Англия көшбасшылар қатарына қосылды

399 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бразилия Мексиканы жеңіп, Англия Колумбияны пенальтиден ұтты. Сонымен ширек финалға шыққан барлық командалардың есімі белгілі. 6 шілде күні бас­талатын бұл ойындарда кімнің қарымы күшті болуы мүмкін. Сараптап көрелік.

ӘЧ-2018: Англия көшбасшылар қатарына қосылды

Әлем чемпионаты басталмас бұрын 6 фавориттің аты аталды. Еуропадан төртеу: Германия, Испания, Франция, Португалия. Ал қалған екі фаворит Латын Америкасынан: Бразилия мен Аргентина болатын. Енді міне, бұл тізімде болған командалардан 2 ұжым ғана қалып отыр. Франция мен Бразилия. Ширек финалға шыққандардың ішінен енді біз кімдердің бәсі жоғары болуы мүмкін екендігіне тоқталсақ. Әрине тізімге тағы 2 команданы қоссақ болады. Алайда Бельгия мен Англияның жолы екіге бөлінген. Бір топтан шыққан қар­сыластар финалда ғана кездесе алады. Ал топтан екінші орын алып, әлсіздер жағына шығып кет­кен ағылшындардың жолы болды. Колумбияны әупірімдеп жүріп жеңгеннен соң, оларды Швеция күтіп тұр. Айтпақшы әлем чемпионаттарының тарихында Англия үш мәрте ойын соңынан кейінгі пенальтиден жеңілген екен. Осы жолы Гарет Саутгейт командасы осы бір жағым­сыз жайды аттап өтті. Бұл ненің белгісі екенін әзірге ешкім білмейді.

Осы ойыннан соң мамандар Англияны биыл чемпион болуы мүмкін деген құраманың қатарына қосты. Расымен де, Тұманды Альбионның коман­дасы биыл талантты жастар­дан құралды. Енді олар скан­дина­виялық құраманы айналып өтсе болды, жартылай финалға шығады. Ал Швеция Англияның үнемі жеңіп жүрген командасы десек артық емес.

Уругвай – Франция арасын­дағы текетіресте анық лидер еу­ропалықтар екені түсінікті. Де­генмен топтық кезеңде қақ­пасына гол жібермеген Уруг­вай қорғанысымен таңғалдыруда. Португалия қорғаушысы Пепе соққан жалғыз гол уругвайлық қақпашы Фернандо Муслераны өз амплуасындағылардан бір бас жоғары шығарып тұр. Чемпионаттың үздік қақпашысы, яғни алтын қолғапты да осы қақпашы алуы мүмкін. Ол үшін Уругвай кем дегенде жартылай финалға шығуы тиіс. Бірақ букмекерлік кеңселер Франция жартылай финалға жолдама алады деп сенімді сөйлеп отыр. Олар сирек қателесетінін ескере отырайық.

Бразилия-Бельгия жұбында нақты көшбасшы жоқ. Бірақ ойын алдындағы сандар мен фак­тілер «селесао» командасына басымдық беріп тұр. Себебі Бра­зилия Бельгияға қарағанда, аз гол жіберіп, 1/8 финалда аса қатты қиындық көре қойған жоқ. Әлемнің 5 дүркін чемпионы Мек­сиканы 2:0 есебімен айқын жеңді. Жалпы, 1/8 финалда ешқандай команда қарсыласын 2 доп айыр­ма­сымен ұта алған жоқ. Ал Бель­гия Жапониядан 2 доп айырмасымен ұтылып жатып, соңғы секундтарда ғана жеңісті жұ­лып әкетті. Бірақ Роберто Мар­тинестің командасы күн сайын қарқынға қарқын қосып келе жатқандай. Сондықтан да Бель­гия мен Бразилияның келесі кезеңге өту пайызы 50-50 дер едік.

Ресей – Хорватия жұбы. Хор­ватияның келесі кезеңге өте­тін мүмкіндігі мол екендігі түсі­нікті. Шақпақ жейделі команда әлемнің үздік клубтарында ойнайтын футболшылармен жасақ­талған. 11 ойыншысының деңгейі біркелкі. Ал қақпашысы Даниель Субашич 3 пенальти қайтарып, көрермен көзайымына айналды. Бірақ жарыс Ресей жерінде өтіп жатқандықтан Хорватияға бұл ойын оңай соқпайтыны анық. Оның үстіне атақты Испанияны жарыстан шығарып жіберген ресейліктер енді өз күштеріне се­німді күйде хорваттарды да тық­сырып тастаймыз деп білек сы­банып отыр. Бұл жұптың же­­ңім­пазы Англия-Швеция теке­ті­ресінің жеңімпазымен кез­деседі.

Сонымен ширек финалдың ойындары 6-7 шілде күндері ойналады.

Ермұхамед Мәулен,

«Егемен Қазақстан»